Атырау, 29 қараша 02:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Өліммен және басқа да қауіптермен жарысқан жүргізушілер

1 470 просмотра

Сағат 8.30. Жедел жәрдем станциясы. Бригадалардың ауысым уақыты. Фельдшерлер барлық медикке тән тәртіппен қозғалыс жасап, есеп беріп жатыр. Осы қарбалас тірліктен сырт фельдшерлердің шымқай қызыл костюмдері мен сары жедел жәрдем көліктерінің арасында байқала қоймайтын жүргізушілер жаймен ғана өзара әңгімелерін айтып тұр. Әдетте, олар марапат алмайды, баспасөздің назарына да үйренбеген. Бірақ бүкіл жедел жәрдем бригадасының 50% жетістігі олардың кәсібилігіне, төзімділігіне және шыдамдылығына байланысты. Өмір мен өлім мәселесіне келгенде, жылдамдық шешуші рөл атқарады.

Жедел жәрдем көлігін ең ұзақ тізгіндеген Энвер СЕТТАРОВТЫҢ 43 жыл еңбек өтілі бар. Осы жылдар ішінде ол бірде-бір көлік апатын жасамаған. Бірақ оны мұнда бұл үшін емес, елгезектігі, сенімділігі мен мейірімділігі үшін жақсы көріп, құрметтейді. Энвер Ризаұлымен бірге жұмыс уақыты тез өтіп кетеді, ал ер адамдар онымен сәлемдескен кезде, құрметпен екі қолымен қол алысып амандасады.

Ол 1979 жылы әскерден келген бойда станцияға жұмысқа кірген, оның айтуынша, басқа, анағұрлым тыныш жерде жұмыс істеу ойына да келмеген.

АРБАТТАҒЫ ТІРІ МӘЙІТ

– Осы жұмыста істеген жылдар ішінде көп нәрсені көрдім. Менің жұмысым байқалмағанмен, медиктер менің көмегімсіз ештеңе істей алмайды. Бұл тек шақыру орнына тез жетіп, науқасты ауруханаға жеткізу ғана емес. Бір жедел жәрдем салонындағы фельдшер мен жүргізуші адам өмірі үшін бірге күреседі. Біз қорғаушы, кейде психолог боламыз, – дейді Энвер Ризаұлы.

Өздеріңіз білетіндей, «жедел жәрдем» контингенті алуан түрлі, оларға түрлі адам кездеседі. Зеріккен әжелер де, байбалам салатындар да, маскүнемдер де, отбасылық жанжалқор мен өз өзіне қол жұмсайтындар да. Көбіне осылай болады. Дәрігерлер оларға көмек көрсетіп жатқанда, жүргізуші туыстарына тойтарыс беріп әлек болады.

- Күткен кезде, біз орта есеппен 15 минут жүрсек те әр минут ұзаққа созылғандай боп, адамдардың ашу-ызасы келеді. Мұны түсінуге болады, өйткені олардың жақын адамдары қиын жағдайда жатыр. Мұндай кезде олар жедел жәрдем көлігін жай жүреді, көмек көрсетуге құлықсыз деп айыптайды, кейде олардың өздері де маманға мұқтаж болады. Тіл тигізеді, жұдырық ала жүгіреді. Ал мен? Мен оларды сабырға шақыруға тырысамын. Төбелесу, ұрысуға уақыт кетеді, ал бізде әр уақыт санаулы. Бұдан басқа, егер науқас көлікке өздігімен міне алмайтындай өзін нашар сезінсе, фельдшерлерге көмек қажет болады. 

Фельдшерді де қорғайтын жағдайлар кездеседі:

- Шақыртуға келеміз, дәрігерлер үйге кіреді. Тексеру ұзаққа созылып кеткен соң көліктен түсіп, есікті ашайын десем, іштен құлыптаулы тұр екен. Кейін белгілі болғандай, олар кіре салысымен «аурулар» оларға жабылып, телефондарын тартып алып, бопсалауға кіріскен: олар дәрі-дәрмек салынған қызғылт сары чемоданға көздері түскен екен. Нашақорлар. Әрине, қыздарды құтқарып алып, кейін полиция шақырдық.

– Қоңырау оғаштау көрінсе, пәтерге міндетті түрде медиктермен бірге кіріп, жағдайды бағдарлаймыз. Егер бәрі ретімен болса, көлігімізге қайтамыз, – дейді тағы бір жүргізуші Қайрат БАЗАРҚҰЛОВ. - Кейде өзін басқара алмайтын адамдарға сол адамның игілігі үшін күш қолдануға тура келеді.

Әйел фельдшерлерге қатысты «еркіндікке» жол беретін науқастар да бар. Осындай орынсыз әрекеттердің бәрін оларға ілесіп келе жатқан жүргізушінің қатал көзқарасы басып тастайды.

Жүргізушілердің қызықты әңгімелерінен (бұл шынайы оқиғалар):

- ...Алмагүлдегі Арбатқа шақырту алдық. Орындықта бір адам жантайып сұлап жатыр екен. Дәлірек айтқанда, мәйіт деп ойлайсың. Көздері мен ауыздары ашық, серейіп қатып қалғандай, көкпеңбек боп кеткен - қорқынышты көрініс. Жақындап келдік, фельдшер тамырын басып көруге тырысты. Ал ол тіріліп кетті. Қыз бақырып, артыма тығылды. Көзін ашып ұйықтаған адамды бірінші рет көргеніміз. Содан кейін оны тыныштандыруға тура келді, өйткені ол кенеттен медигімізге сезімі «ашылып кеткен» еді.

Сондай-ақ, тамағына ұстараның жүзін тақаған елірген науқасқа қатысты оқиғаны еске алды. Мұны да жүргізуші ұқыппен «тыныштандырған». Салонға белгісіз ниетпен кірмек болғандар да болыпты - олар есікті бұзуға тырысып, терезесін сындырған.

Жүргізушілер өз өмірлерін қатерге тігіп, салмағы тым үлкен әйелді үйден қалай сүйреп шығарғандарын есіне алды. Газ кеткен екен: бағына орай, ештеңе жарылмаған, ал науқастың есін жиғызып алған.

«КӨМЕК ТЕ БЕРЕ АЛАМЫЗ»

- Көлікте көбіне айғайлап, балағаттайды, біреуінің жүрегі айнып, бірінен қан атқылап, ыңырсып, қырылдап жатады... Осындай жағдайда көлікті жүргізіп көріңіз, - дейді Қайрат. - Жолдағы қозғалысты да ұмытпаңыз. Тез жеткізу керек, бірақ қиын маневрлер кезінде көлік ішіндегі адамдар зардап шекпейтіндей болу керек. Ол үшін бәріміз қауіпсіз жүргізу курстарынан өтеміз. Бағына  орай, көпшілігі бұл дөңгелекті аурухананың ішінде не бар екенін білмейді. Пациент мониторы, дефибриллятор, электрокардиограф, ИВЛ, электр сорғы, небулайзер және т. б. атауын айту қиын жабдықтар бар. Егер бұл жабдықтың бірі абайсызда маневр салдарынан құлап кетсе, ол ешқашан дұрыс жұмыс істемей қалады. Ал жол-көлік оқиғасы салдарынан көлік істен шығуы мүмкін. Біздің бір көліктің құны - 40 миллион теңгеге жуық.

... Айтпақшы, курстар туралы. Әрбір жүргізушіні белгілі бір дәрежеде фельдшер деуге болады, олардың бәрі базалық реанимация курсынан өткен, ерекше жағдайда дәрігер сияқты көмек көрсете алады.

ОЛАРДЫ НЕГЕ ТӨМЕН БАҒАЛАЙДЫ?

– Бірде Азаттық бойынан шақырту алдық. Үйдің, пәтердің нөмірін атады, – дейді жедел жәрдемге көмектесіп жүрген ерікті Арман ҚАСЫМОВ, – Ал біздің кардиобригаданың жүргізушісі Руслан диспетчерден мекен-жайды қайтадан сұраған соң: «Жігіттер, бұл жалған шақырту» деді.

Оның басында көшелер, үйлер, пәтерлері бар виртуалды карта тұр деуге болады. Ол қаланың бүкіл айналма жолын, көшелердің ескі және жаңа атауларын, үй мен пәтерлердің нөмірін жатқа біледі - интернет-навигатордан кем емес. Оның жалған қоңырау екенін қайдан білді? Басындағы картаға қарап, көрсетілген үйден пәтер нөмірін таппаған. Сәлден соң оның айтқаны дұрыс боп шыққаны белгілі болды. Сондай-ақ науқасты зембілге байлаған кезде «Тек біздің ауысымда болмаса екен» дейтін әдеті бар. Егер ол белдіктерді қайтадан тексерсе, тезірек жеру керек дегенді білдіреді.

Бірақ, Руслан бұл қызметтен жақында ғана шығып кеткен.

– Ол адам анағұрлым табысы жақсы жұмыс тапқан шығар. Оны түсінуге болады – бәрінің отбасы бар, оларды асырау керек, – дейді жүргізушілер.

Бірақ шын мәнінде күрделі мәселе. Жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиза АБРДРАХМАНОВАНЫҢ айтуынша, бұрыннан келе жатқан жүргізушілер қалғанымен, жалақының аздығынан кетіп жатқан кадрлар бар. Сенесіз бе, жоқ па, бүгінде жүргізушінің жалақысы 64 мың теңге. Мемлекеттен берілетін біраз үстеме ақы мен ұйымның сыйақысының арқасында 120 мың теңгеге әрең жетеді.

- Жүргізуші жеке назар аударуға лайық емес пе, өйткені кейде өліммен жарысу оның жұмыс ерекшелігі ғана емес, міндеті де ғой, - дейді Наргиза Нұритдинқызы. – Біздің өміріміз көбіне жедел жәрдем жүргізушісіне байланысты болады. Ендеше, осындай құнды кадрлар неге төмен бағаланады?

Бұл, өкінішке орай, әзірге жауабы жоқ сұрақ.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суреттерді түсірген автор

16 қараша 2022, 13:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.