11 қараша күні Атырауда «HAQ» қоғамдық қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Кезектен тыс өтетін президент сайлауына тәуелсіз бақылау жүргізу» тақырыбында баспасөз жиыны өтті. Оған «HAQ» ҚҚ атқарушы директоры Тоғжан ҚОЖАЛЫ, азаматтық белсенді Шыңғыс АЙНАБЕКОВ және «Золотое время» қоғамдық қорының жетекшісі Айгүл УӘЛИЕВА мен «Заманауи» ҚБ жетекшісі Асман АМАНЖОЛ қатысты. Сонымен бірге, жиынға облыстық аумақтық сайлау комисссиясының мүшесі Сәбит МЕҢДІБАЕВ пен байқаушы болып тіркелген жастар да келді.
Тоғжан Қожалының айтуынша, бүгінде бұл қорға еліміздің әр өңірінен тәуелсіз байқаушы ретінде 700-ден астам адам тіркелген. Олар жоспар бойынша әр облыстан 120 адамға дейін тіркеуді көздеп отыр. Атырау облысы бойынша қор атынан тәуелсіз байқаушы ретінде 110 адам тіркелген. Оларға сайлау туралы заң талаптары мен сайлау кезінде не нәрсеге мән берілуі керек, қандай заң бұзушылықтар жиі кездесетіні жайлы курс өткізілген.
Атырауда 261 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Т. Қожалының айтуынша, әр учаскеде кем дегенде бір тәуелсіз байқаушы болуы керек. Ал екі тәуелсіз байқаушыдан болса, өте дұрыс болар еді, өйткені, таңғы сағат 6-дан түн ортасына дейін бір орында тапжылмастан отыру мүмкін емес. Содан кейін ол жиі кездесетін заң бұзушылықтарға тоқталды. Мысалы, бір адамның бірнеше рет дауыс беруі:
- Дауыс берген адам киімін өзгертіп, көзіне көзілдірік киіп, басына бас киім киіп, сайлау учаскесіне қайта келеді. Сонымен қатар, сайлау комиссиясының жосықсыз мүшелерінің бюллетеньдерді жәшікке салып жіберуіне мүмкіндік бермеу үшін үздіксіз бақылаудың маңызы зор. Бұған дейінгі сайлауда мұндай жағдай бірнеше рет болды.
Шыңғыс Айнабеков әріптесінің сөзіне қосылды:
- Мен бақылаушы болғанда көп нәрсе көргенмін. Мысалы, бір топ адам автобуспен жүріп, әртүрлі учаскеге барып, бір кандидатқа дауыс береді. «Карусель» деген сол. Осындай заңсыздықтарға жол бермеу - біздің бақылаушылардың жұмысы.
Тоғжан Қожалы тағы бір маңызды жайтты атап өтті:
- Бақылаушылардың бәрі дерлік сағат кешкі сегізде сайлау біткеннен кейін учаске есігі жабылған кезде кетіп қалады. Кетіп қалмаңыздар. Қалыңыздар. Өйткені, ең бастысы сағат сегізден кейін басталады. Сайлау комиссиясы мүшелерінің дауыстарды санағанын бақылаңыз. Соңында хаттаманың көшірмесін сұраңыз, заң бойынша сізге оны беруге міндетті. Солай емес пе, Сәбит аға?
Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбит Меңдібаев:
- Иә, солай. Егер бақылаушы сұраса, барлық учаскеде хаттама көшірмесі берілуі керек.
Тоғжан Қожалы:
- Келесі күні таңертең бақылаушы учаскеге келіп, хаттама ілініп тұр ма, тексеруі керек. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, 90 пайыз жағдайда хаттама көпшіліктің назарына ілінбейді. Сабит аға, хаттамалардың ілініп тұруына ант етесіз бе?
Сәбит Меңдібаев:
- Ант бермеймін, барлық сайлау учаскесі үшін жауап бере алмаймын ғой. Бірақ барлық сайлау комиссиясының төрағалары мен хатшыларына «Сайлау туралы» Заңның талаптары мен міндеттері және құқықтары түсіндірілді. Хаттама сайлаудан кейін екі күн бойы ілулі тұру керек.
Жиын соңында Т. Қожалы дауыс беру барысын фото және бейнежазбаға түсіруге қатысты маңызды тақырыпты көтерді:
- Бақылаушыға фото-видео түсіруге болады ма?
Сәбит Меңдібаев:
- Егер заңсыздықтарды байқаса, түсіруге болады. Бірақ сурет пен видеоны әлеуметтік желіге жариялауға болмайды. Бұған «Сайлау туралы» заңмен тыйым салынған. Өйткені дауыс беруге қатысушының құқығын бұзады. Бұл материалдарды өзіңіз толтырған заң бұзушылықтар туралы актіге тіркеп, тек дәлел ретінде пайдалана аласыз. Бұны біз ойлап тапқан жоқпыз, ол заңда және оған Орталық сайлау комиссиясының түсініктемесінде айтылған.
Тоқжан Қожалы:
- «Сайлау туралы» заңның осы тұсы Конституцияға қайшы деп есептейміз және Орталық сайлау комиссиясына тиісті хат жолдадық.
Т. Қожалы алдыңғы сайлау кезінде «Хабар» телеарнасының тілшілері сайлау усчаскелеріне барып, репортаж жасағанда ешқандай кедергі болмайтынын мысал ретінде келтірді. «Олардың түсіруге құқығы бар ма?» деген сұрағына нақты жауап ала алмады.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор