Атырау, 22 қараша 00:52
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Қазақстанды насихаттаушы Иван: «Бәріне Димаш кінәлі!»

Сурет
1 668 просмотра

Бұл орыс жігіті отандастарын абдыратып, осындағы қазақтарды сүйсіндіріп, Түркияда шапанды күнделікті киім ретінде киеді. Ол 4 жылдан бері күн сайын Қазақстан мен қазақтар туралы әңгімелеп, қызыл төлқұжатын көкке ауыстыруды шындап ойлап жүр.

- Димаш мені Қазақстанмен таныстырып қана қойған жоқ, ол менің өмірімді түбегейлі өзгертті, - дейді Қазақстанда танымал блогер Иван Червинский («Алға-Петербург» YouTube арнасы, 181 000 жазылушысы бар – З.Б.) «Неге Қазақстан?!» деп әлі қоймаған сұрағыма жауап беріп.

– Айтып өткенімдей, бәріне Димаш Құдайберген кінәлі. Мен Ленинградта дүниеге келдім, Санкт-Петербургте өстім, оқыдым, футбол ойнадым, бизнеспен айналысуға тырыстым, бірақ онша сәтті болмады, бос уақытымда YouTube-тен видеороликтер көргенді ұнататынмын. Мысалы, әлдебір адамдардың тамаша ән айтатынын, қандай да бір байқауға қатысып, төрешілерді таң қалдыратыны секілді.

– Әншілікке қатысыңыз бар ма?

– Мен музыка мектебін «хор әні» сыныбы бойынша бітірдім, бірақ онша жақсы оқымадым.

– Бірақ кәсіби тұрғыдан бағалай аласыз ба?

- Жоқ. Бірде ата-анамнан: «мен бала кезімде жақсы ән айттым ба?» деп сұрадым. Олар мені қарапайым сыныпқа қабылдамағанын, сол кезде мектепте музыка сыныбына бала жинап жатқанын айтты. Сондықтан олар маған ырғақпен қолды шапалақтауды және әлдебір дыбыстарды шығаруды үйретті. Сөйтіп, музыка сыныбында осылай оқыдым. Сондықтан хоббиім менің білімімнің еш байланысысы жоқ. Бәрі 2017 жылы басталды: бейнебаяндардың бірінен Димашты көрдім. Қатты таң қалдым. Ол Қытайда  I Am a Singer-де өнер көрсеткен еді. Осыдан кейін оның қойылымдарын бақылай бастадым. Әлдебір хабар жүргіземін деп ешқашан ойламадым. Мен ол кезде бизнеспен айналыстым, кәсібім дөңгеленіп кетпеген болатын. Біз спорттық құрал-жабдықтарды жеткізумен айналыстық, демалыс күндері бізде жаттықтырушылар мен футболшылар жиналатын. Біз плейстейшн ойнап, матчтарды қараймыз. Сөйтіп, Димашқа да назар аудара бастадық, оған да Криштиану Роналду сияқты жанкүйер болдық. Дүкеніміздің қонақтары да Димашты танығанын қаладым. Өйткені, біздің ресейлік эстрадада таңдау аз, мен ешкімді ренжіткім келмейді, бірақ ешкім онымен теңдесе алмайды. Біз келушілерден: «сіздің ойыңызша әнді ең керемет орындайтын кім?» деп сұраймыз. Сосын Димашты қосамыз. Оны тыңдаған адамның бәрі қатты таң қалатын.

«ДАУЫСЫМЕН ЖАНЫҢДЫ ТЕБІРЕНТЕДІ»

– Димаштың репертуары мен ән айту мәнері ерекше, кейбір тыңдармандар оны қабылдай алмайды.

– Иә, бірақ оның вокалдық қабілеті ерекше екеніне ешкім дау айта алмайды. Оны таныған сайын тұлға ретінде ашыла бастады. Бір жылдан кейін оны тұтынушыларымызбен таныстыруды жалғастырдым. Бірақ маған бұл аз көрінді. Бағытты өзгертуге Димаштың 2018 жылы Мәскеудегі полиция күніндегі өнер көрсетуі түрткі болды. Ол ән айтып жатқанда, бүкіл көрермен сілтідей тынып отырып қалған еді. Мен бұған қатты толқып, қазір ролик жасаймын дедім. Бұрын-соңды ролик жасап көрген емеспін. Қолымнан ештеңе келмейтін. Тіпті оны YouTube-ке қалай жүктейтінін де білмедім. Мен қолымнан келгенше бір нәрселерді бастым. Ролик күлкілі болып шықты, жүктедім, ал ол бірден миллиондаған қаралымға ие болды.

– Яғни, осы көріністегі роликті монтаждадыңыз да, ол «вирусты» болып кетті ғой?

- Мен оларды алып тастап, Димаштың тыңдармандары осындай болуы керек деп, орнына контрастпен қуанған, сүйсініп көзіне жас алған адамдарды қойдым. Өйткені ол өз дауысымен адам жанын тебірентеді. Мен ТМД халқы Басков пен Киркоровтан басқа да әнші бар екенін көрсін дедім. Содан кейін екінші роликті түсірдім. Ол да қаралым жинай бастады. Содан кейін үшіншісін. Енді қандай түймелерді басу керегін түсініп, үйрене бастадым.

- Видеоның аудиториясы қандай болды?

– Бір қызығы, мен ТМД елдерін көздеген едім, бірақ Латын Америкасынан бір шықты. Димашқа және Қазақстанға арнаған арналардың барлығын есепке алғанда (олардың саны 7, онда көптеген деректі фильм, репортаж, жаңалықтар мен клиптер болды) – алғашқы екі арнаның роликтері жарты миллиардқа жуық қаралым жинады. «Спортман» каналындағы (біз спорт дүкені едік) ең алғашқы сол ролигім  80 миллион қаралым жинады. Жалпы алғанда, менің алғашқы сол роликтерім 350 миллионнан астам қаралым жинады.

 

ДИМАШ ӘНІМЕН ОРЫНДАЛҒАН КУЭКА

– Ал сіз Латын Америкасына қалай шығып кеттіңіз?

- Білмеймін, Димаш қой шыққан. Жартысын испантілді елдер құрады. Алдымен тоқтамастан көбейе берді. Сол кезде серіктесім Саша Карельскимен бірге жұмыс істей бастадық. Ол қазір ұзаққа созылған шығармашылық демалыста жүр. Бізге Димаштың қайдан шыққанын, ата-анасы кім екенін, Қазақстанда әлі де көптеген көрнекті адамдар бар екенін айтып, Қазақстаннан хаттар келе бастады. Сөйтіп, қазақстандықтардың бір ерекшелігі бар екенін – олар өз жері, тарихы, дәстүрі, атақты адамдары туралы әңгімелегенді ұнататынын байқадым. Жерлестеріңізден ақпараттың көп түскені сонша, канал ашып, Димаш туралы көбірек айта бастадық. Біз оның неліктен соншалықты керемет екенін, жастарға неге жақсы үлгі екенін егжей-тегжейлі айтқымыз келді. Осымен қатар, бізде ағылшын тілді аудитория көп екенін түсіндік: Латын Америкасы, Еуропа, Америка. Латынамерикалықтардың Димашты ғана емес, қазақ тіліндегі әндерді де жақсы көретінін байқадық. Көрермендерден пікірлер көп келді. Мәселен, Чилиде Тынық мұхиты жағалауында қазақ тойын өткізіпті. Тойда дастархан жайылып, қыздардың бірі қазақ туының түсінде көйлек киіп, чилиліктердің ең құрметті адамдарға арнайтын ұлттық дәстүрлі куэка биін Димаштың әндерін жіберіп, билеп жатыр. Еуропада - Италияда, Германияда, Францияда Димаштың мультимәдениет клубы өте жақсы іске қосылған. Поляк жанкүйерлері оған арнап, радио ашты. Сондықтан ағылшын тілді жұртшылық үшін тағы бір арна аштық, өйткені қызығушылық көп екенін көрдік. Сөйтіп түсіру, роликтерге сценарий жазу, монтаждауды үйрендік... Біз күнде шығатын болдық. Күніне 8 роликке дейін жасаған кездеріміз болды.

- Күніне 8 ролик? Ұйықтамастан жасадыңыздар ма?

- Солай деуге болады, - деп күлді Иван. – Біз осындай экспресс курстан өттік. Өйткені кері байланысты сезіндік. 2020 жылға қарай біз 3 каналда жұмыс жасадық: «Спортман», «Эхо Петербурга» және ағылшын тіліндегі «Эхо Питера» каналдары. Демалыссыз күн сайын. Бұл сондай хобби болды. Ертерек тұрып, жұмысқа келетінбіз, жұмыс күні басталғанша бәрін монтаждауға тырыстық.

- Мұндай қарқынмен жұмыс істеп жатқаныңызға қанша уақыт болды?

- Қазір де осы қарқынмен жалғастырып жатырмыз.

 

«ҚАЗАҚТА АРТҚА ШЕГІНУ ЖОҚ, ТЕК АЛҒА»

– Арнаны қашан монетизацияладыңыз?

– Пандемия басталды, жарыстардың жартысы өтпей қалды. Бізге негізгі тапсырыс берушілер бюджетті қысқартты. Итальяндық жеткізушіміз де тиісінше бағаны көтеріп жіберіп, біз спорттық компаниямыздан айырылдық. Сол кездерде интернеттен контентті монетизациялауға болатынын білген едік, сөйтіп өзімізді толығымен YouTube-ке арнауды ұйғардық.

- Бизнесті жабуға тура келген кезде сізде қанша жазылушы болды?

- Ол кезде біз керемет жұмыс істегеніміз сонша, күніне миллион қаралымға ие болатынбыз. Ол кезде Димаш туралы ғана емес, Қазақстан мен оның халқы туралы, Бибігүл Төлегенова, Геннадий Головкин туралы айтып жүрдік... Ешқандай ақша жөнінде әңгіме болған жоқ. Ол кезде біз YouTube-те мұндай опция бар екенін білмеген едік. Иә, біз авторлық құқықтарды бұзып жатқанымызды да білмедік, өйткені Димаштың әндерін түгелімен жүктеп салып жүрдік. Бөгде кадрларды пайдаландық. Әуесқой едік! Бізді оның атынан табыс тауып, байып жатыр деп айыптады да. Бизнеспен қатар, екі негізгі каналымыздан айырылдық. Авторлық құқық жүйесін пайдаланған тілекшілер табылды... Түсіндіру қиын, өйткені олар да Димаштың жанкүйерлері еді және өз арналарында да біз сияқты әрекет еткен. Біздің инстаграмымыз қалды, оған дұрыс көңіл бөлген жоқпыз. Онда 5000 жазылушы жиналған. Сол жерге, достарымызға бардық. Олар біздің көңілімізді көтеріп, «эээ, сендер қазақсыңдар, ал қазақта артқа шегіну жоқ, тек алға жүреді» деп, жігерлендірді. Сөйтіп каналымызды жаңадан ашып, «Алға, Петербург!» деп атадық. Жағдай осылай болған екен, енді кәсіби маман болу керек деп шештік. 2020 жылдың наурызы, әлемде ауыр ковид дағдарысы жүріп жатты. Бірақ біз теледидардан кем түспейтін каналымыз болады деп, үлкен жоспар жасадық. Соңғы ақшамызға техника сатып алдық... – Иван сәл үзіліс жасап, күрсініп сөзін жалғастырды. Әлі күнге дейін көмектесіп жүргендер жалақы алмады. Бүгінде монетизация шамамен 300 долларды құрайды. Ол да ресейлік банктің картасына түседі, одан бұл ақшаны түсіріп алу қиын. Осы уақытқа дейін қанша тырысқанымызбен, арнаны кәсіби табысқа жеткізіп, айналдыра алмадық.

– Тоқтай тұрыңыз, сіздің арнаңыз айына 300 доллар табыс әкеледі ме? Сіз инста арқылы табыс табасыз ба? (Таңғажайып кездейсоқтықпен, сұхбат кезінде alga.peterburg аккаунтында 100 мыңыншы жазылушы пайда болды, бұл олжа деп үміттенемін. - З.Б.)

- Әзірге онда да жоқ. Әзірге хобби ғана. Бізге жарнама туралы ұсыныстар түсіп жатады, бірақ бұл мардымсыз ақша, шығынмен салыстыруға келмейді. Техника тез ескіреді, бұзылады, микрофон, дискі дегендер... Әңгімемізде ақшаны тым көп айтып кеттік қой, адамдар шағым айтып жатыр деп ойлап қалар. Былай айтайын  - соңғы кездері ұсыныстар түсіп жатыр, тек этикалық себептерге байланысты бәрін жарнамалай бермейміз.

ӘЙЕЛІ МЕН БАЛАЛАРЫНЫҢ ЖАҢА ЕСІМІ

– Біздің кәсіпкерлердің сізбен баяғыда-ақ бірлесіп жұмыс жасап жатқанына, Қазақстан резиденттерімен бірлескен жобаларыңыз көп екеніне сенімді едім.

– Сізге бизнеспен айналыстым деп айтқан едім, есіңізде ме? Сондықтан жақсы бизнесмен емеспін. Хоббимен қалай ақша табуға болатынын білмеймін. Мен шығармашыл адаммын. Менің серіктесім Миша (айтпақшы, ол біздің спорт бизнесіміздің иесі болатын) демеуші табуға тырысты, бірақ одан ештеңе шықпады. Ұсыныстар бар, бірақ талқылаудан әрі аса қойған жоқ. Көпшілігін өткізбейміз , біздің контентімізге сәйкес келмейді. Біз үшін жазылушыларымыздың көңілін қалдырмау маңызды. Қандай жолмен болса да ақша табу деген мақсатымыз жоқ. Камерам бұзылды ма, мысалы, букмекерлік ставкаларды жарнамалаудан гөрі, телефонмен түсіргенім жақсы. Әр нәрсенің өз уақыты бар деп ойлаймын және бұл туралы айтатындай біз кімбіз? Біз әлі ештеңе жасаған жоқпыз. Біз енді ғана бастадық. Жұмыс істеу керек.

– Сіз титулсыз ұлттың және көк төлқұжаты жоқ Қазақстанды басты насихаттаушысысыз. Біздің Мәдениет және туризм министрлігі сізге идеялармен, ұсыныстармен шыққан жоқ па?

- Бізге «бұл Қазақстан ақша төлеп шығарып отырған ролик» деп, үнемі хат жазатын комментаторлар бар! Бірақ олай емес, мен әрине, солай болғанын қалар едім, - деп күлді Иван. – Миша үнемі маған налып: «Әй, сен бізге «рахмет, балам» дегеннен басқа нәрсені қашан әкелесің?" дейді.

– Миша да Қазақстанды соншалықты риясыз, шын жүректен жақсы көре ме?

– Ол менен бұрын қазақтармен жұмыс істеген. Ол Қазақстанмен жұмыс істеген бірнеше компанияны басқарды, оның үстіне біздің өміріміздің соңғы 5 жылы сіздің елмен өте тығыз байланысты. Бір ғана нәрсе, ол қазір Санкт-Петербургте, шыға алмайды. Біз Ресей төлқұжаты бар Қазақстанның осындай патриоттарымыз. Толық қазақстандық болу туралы ойымыз да бар.

– Азаматтықты өзгерту өте маңызды нәрсе. Достарыңыз сізді біздің елден қызғанбай ма?

– Менің достарымның бәрі қазақ, тіпті осында да. Мұнда қазақ диаспорасы жақсы жұмыс істейді, мен олармен доспын, барлық шараға қатысуға тырысамын. Өмірім қазір Қазақстанмен тығыз байланысты болғаны соншалық, болашағымды бұл елсіз елестете алмаймын.

- Ал туыстарыңыз?

– Білмеймін, ата-анаммен әлі талқылаған жоқпын. Бірде анамнан біздің тегіміз қайдан шыққан деп сұрадым. Әкем жақтан Батыс Украинадан Польшаға дейін, анам жақтан Ижевскден тараған. Ал бұл Татарстан мен Қазақстанға жақын қала. Тіпті, нағашы атамның түркі әлеміне қатыстының бәрін жақсы көргені есімде. Оның салтанатқа киетін емес, күнделікті шапаны, тақиясы болды. Бала кезімде, тіпті, оны кидім де. Сондықтан әке-шешем басқа елдің азаматы болу шешіміме теріс қарайды деп ойламаймын. Жақында әйеліме оған және балаларыма қазақша есім ойлап тапқанымды айттым, – деп күледі Иван. - Ол өте тәрбиелі, зиялы қыз, Петербургтің байырғы тұрғыны, бірақ ол қызығушылықпен қабылдап, күліп те алды. Оның есімі Полина, мен оны соңғы буынның екпінімен ПолинА деп қазақша атаймын. 2 жастағы ұлым, әрине, Димаш есімін алады. Қызым 6 жаста, боксты жақсы көреді. Сондықтан оны Фируза Шарипованың құрметіне атаймын.

 

«ҚҰДАЙДЫҢ БЕРГЕНІН ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК»

- Әдепсіз сұрағым үшін кешіріңіз, бірақ сіз шетелде немен өмір сүресіз?

– Қазақстанда дос көп, мыңдаған. Хабарласып, хат жазысып тұрамыз. Нұржан досым да 2021 жылы 10 күнге Түркияға шақырды. Онымен танысқан кезде ол: "бұл жер керемет, осындай мүмкіндік, болашақ бар, климат, денсаулық, бәрі осы жерде – көшіп кел, отбасыңды көшіріп ал" деді. Мұнда қаңтар айында келдім. Түрік тілі курстарын оқыдым. Досыма көмектесемін, тағы бір компания үшін роликтер жасаймын. Бұдан басқа, кейде Қазақстандағы кейбір адамдар көмектеседі – олар маған концертке билет сатып алып, рейстің ақысын төлейді.

- Бұл жеткілікті ме?

– Енді, ең қажеттісі жиналады. Мен бұл жерде бүгінгі өлшем бойынша өте төмен бағаға пәтерді жақсы ауданнан жалға алдым. Ең қиыны - отбасын көшіру болды. Мұндай мүмкіндік енді ғана пайда болды, әйелім мен екі балам жақында келді. Мен бір жылға жуық жалғыз тұрдым. Сондықтан қазір бізде бәрі жақсы. Ендігі жоспарымыз қандай? Жұмысты жалғастырамыз. Құдай не берсе, соны қабылдау керек. Әрине, басты мақсат – қазақ тілін үйрену, бірақ мен қазір Түркияда болғандықтан түрік тілін үйреніп жатырмын. Бұл маған қазақша үйренуіме септігін тигізеді (Иванның түріктермен өте еркін сөйлесетінін байқадым. - З.Б.)

- Димашпен кездестіңіз бе?

– Алғаш 2019 жылы Минскіде кездестім. Ол «Олимпика» деген бір әнді айтты. Біз ол кезде арнаны енді ғана жүргізе бастаған едік. Бірде жолым болып, стадионнан шығып, қонақүйге жету үшін карта қарап тұрған едім. Таныс дауысты естіп, бұрылсам - Димаш тұр, айналада оның командасынан басқа ешкім жоқ. Мен тіпті тілім байланып қалды. Оны қуып жеттім де бірдеңелер айттым, бірақ не айтқаным есімде жоқ, өйткені бұл Димаш қой! Содан кейін оны тағы екі рет көрдім.

- Сіз әлі күнге дейін оның алдында осындай сезімде боласыз ба?

- Әрине, бұл Димаш қой! Қазір не білсем, сол кісінің арқасында үйрендім деп айта аламын. Мысалы, бізге тікелей эфирге шығу керек болады, ал мен қалай екенін білмеймін. Бірақ мен шығу керек болғасын шығамын. Мен Димаштың жанкүйерімін, одан үлгі аламын, ол мен үшін жәй өнер адамы емес, ол мен үшін тұлға ретінде ерекше құнды. Көрермен алдындағы жауапкершілігін түсінетін санаулы әртістердің бірі. Бірақ қазір ол үлкен жұлдызға айналды, оның әрбір әрекеті немесе сөзі медиа арқылы бірден тарайды. Сондықтан, ол біздің шығарылымдарымыз үшін бірінші орында тұрады, бірақ біздің контентіміз де өзгерді. Біздің арнаның ендігі миссиясы қандай? Біз Қазақстан туралы көбірек адамдардың білгенін қалаймыз. Америкада да Латын Америкасындағыдай білгенін қалаймын. Қазақ тіліндегі әндердің өте әдемі екенін, әр сөзі бүтін бір сөйлем мағынасын білдіретінін білсе дейміз. Мысалы, айналайын сөзін. Феноменальды тұлғалар, тамаша спортшылар, әртістер және т.б. бар екенін білсе.

 

«ҚАЗАҚ ТАҒАМДАРЫН ЖАҚСЫ КӨРЕМІН»

– Қазақстанға келдің бе?

- Иә, алғаш рет үш күн болдық, әрине, Димаштың концертіне келдік. Бірақ ештеңе көруге уақыт болмады - бірнеше сағат ұйықтап, бейнероликтер, хабарлар түсірдік. Тек ет жеп, қымыз ішіп, Астананың өрт сөндірушілеріне қонаққа бардық. Олар маған алғашқы шапанымды тарту етті, оны осында киіп жүрмін.  

Содан 2021 жылы алтын ағамыз Сабыржан Серікұлымен «Новая волнада» таныстық. Ол бізді Алматыға шақырды. Біз «қайту билетін қашан брондайық?» деп сұрадық. Ол әзірге алма деді. Сөйтіп екі айдан кейін ғана оралдық.

– Сізді қазақтың қонақжайлылығымен қарсы алды ма?

- Әрине, қазақтың барлық тағамының дәмін таттық. Сол кезде мен он килограмм салмақ қосқан сияқтымын.

- Бізде қандай тағам бар: ет пен қамыр ғой.

- Бірақ әртүрлі нұсқада! Сосын – қуырдақ пен сірне екі бөлек нәрсе емес пе?

- О-о, байқаймын, біздің асхананы жақсы біліп алыпсыз! Ет аса аласыз ба, қазы жейсіз бе?

- Пісіре аламын. Қазыны сүйіп жеймін. Қазақтар жолға шыққанда өзімен бірге бір чемодан ет алып шығатынын білемін. Достарым осында алып келеді, ауыз тигізеді. Жалпы, Түркияда шетелде жүргендей сезім жоқ, Қазақстанда жүргендей сезінемін. Тек кейде шұбат пен қымызды сағынамын.

– Ал қойдың басын жедіңіз бе?

- Жоқ әлі. Егер ауыз тигізсе, әрине, жеп көремін.

– Күнде таңертең Қазақстан туралы жаңалықтарды жариялайсыз. Қандай ресурстарды пайдаланасыз?

– Бізде әу бастан бірнеше жазылушымыз бар, айтпақшы, мен олармен Алматыда кездестім. Бұлар бізге күнде хабар жіберген, жіберіп тұратын, күннен күнге көбейіп жатқан құрметті адамдар, апалар. Яғни, таңертең маған барлық хабарламаны талдау үшін шамамен бір жарым сағат қажет. Инстаграмм ашылғалы, олардың саны көбейді.

– Жекпе-жектен кейін комаға түскен боксшымыз туралы кеше хабар бермедіңіз.

- Бұл сұмдық жағдай, мұны қадағалап жүрмін, бірақ мен келеңсіз жаңалық бермеймін, бізсіз де мұны тарататын ресурстар жеткілікті деп ойлаймын. Біз позитив балансын аз да болса сақтауға тырысамыз. Қазір көңіл-күйді бұзатын жаңалық көп.

– Сіз Астана мен Алматыда болдыңыз. Басқа қалаларды көру жоспарыңызда бар ма?

- Арманым бар. Әзірге жоспар жасай алмаймын - бәрі маған байланысты емес. Таразға барғым келеді. Өйткені мұнда ең жақсы бокс мектептерінің бірі бар. Соңғы кезде соған қызыға бастадым, қазақстандық боксшыларды қадағалаймын. Павлодардағы Ақсуға барғым келеді – Иманбек сол жақтан шыққан, сосын Атырауға – мұнда Алтын Орда заманындағы көне қала бар екенін білемін.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Иван Червинскийдің мұрағатынан алынған суреттер

11 қараша 2022, 16:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.