Мемлекеттік қызметші лауазымдарының жаңа тізілімінде «бастық» сөзі жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ баспасөз мәслихаты барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Шынында да, «бастық» сөзі бізде теріс ұғымға айналып кеткен. Сол себептен де, мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының жаңа тізілімінде «бастық» сөзі жоқ. Тек қана бір лауазым үшін – Президент кеңсесінің бастығы лауазымы үшін ғана сақталды. Себебі. оның өзінің ерекшеліктері бар. «Бастық» сөзі сонымен қатар құқық қорғау жүйесінде, қорғаныс жүйесінде қалады. Себебі, бұл жүйелерде мемлекттік қызметшілер мен басшылар арасындағы қарым-қатынас басқа қағидаларға негізделген», - деді Бәйменов.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметті реформалау мақсатында бүгінгі күнге дейін Президенттің сегіз жарлығы және өкілетті органның төрт бұйрығы қабылданған.
«Нормативтік-құқықтық актілердің ішінде маңыздыларын айтып өтсек, мемлекеттік қызметшілердің лауазымдарының жаңа тізілімі бекітілді. Елбасы саяси мемлекеттік қызметшілердің санын сегіз есеге қысқарту жөнінде тапсырма берген болатын. Жаңа тізілім бойынша, бізде 430-дай ғана саяси лауазым қалды. Бұрын ол 3200-ден астам болатын», - деп толықтырды Бәйменов.
Айта кетейік, бүгін мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді.
Дереккөз: bnews.kz