Азық-түлік бағасының күрт өсуі Атырау гарнизоны әскери бөлімшелері мен мекемелерінде ыстық тамақты ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін бизнес субъектілерінің қызметіне кері әсерін тигізді. Кәсіпкерлер шығынмен жұмыс істеуге мәжбүрміз деп шағымдануда. Осы және өзге де мәселелер өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен жиында талқыланды.
«Ерназ» ЖШС менеджері Гауһар ҚАСЫМОВАНЫҢ айтуынша, олардың кәсіпорны 20 жылдан астам уақыттан бері әскерилерді ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі уақытта олар төрт әскери мекемеге қызмет көрсетеді.
– Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері азық-түлік бағасы күрт өсті, осыған байланысты ас мәзіріміздің мемлекеттік стандартқа сәйкессіздік проблемасы туындап отыр. Бүгінде бір сарбазға берілетін паек құны ресми түрде 1960 теңге болса, іс жүзінде бәрі үш есе қымбат. Келесі жылдан бастап паек мөлшері 2500 теңгеге дейін өседі деп уәде беріп отыр, әзірге қолымыздан келгенше жасап жатырмыз, - деді Г.Қасымова.
Батыс өңірі әскери прокурорының орынбасары Азамат ЖАНАХМЕТОВ бүгінде бизнес тарапынан да, әскерилерден де түскен шағымдардың негізгі бөлігі тамақты ұйымдастыруға қатысты екенін растады.
– Әкімшілік және қылмыстық кодекстерде заңсыз кәсіпкерлік қызмет үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өткім келеді. Бұл ретте әскери бөлімше басшылығы шарт талаптарын орындамаса немесе кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан жағдайда бизнес субъектілері әскери прокуратураға шағымдана алады. Бұл жағдайда қандай зиян келтірілгенін, әскери бөлімше өкілдері тарапынан қандай заңсыз әрекеттер орын алғанын көрсету қажет. Бұл фактілердің барлығын тексереміз, егер расталса, кінәлілер жауапқа тартылады, - деді А.Жанахметов.
Бұдан басқа, кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу рәсімі туралы мәселе көтерді. Мұнда ең төменгі баға жариялаған қатысушы жеңеді. Сондай-ақ тапсырыс берушілер ұсынған техникалық сипаттамаға шағымдар бар. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұның бәрі қызмет көрсету сапасына кері әсер етіп, жосықсыз бәсекелестікке жағдай туғызады.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
ӨКП ұсынған суреттер