Атырауда президент сайлауын Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері (ЕҚЫҰ) Томас ХУГ пен Кристиан ШВАРЦ бақылайтын болды. Олар қазір қаламызға келген. «АЖ» тілшісі олармен кездесіп, бірнеше сауал қойды.
- Әр елдегі сайлауды байқау тәжірибелеріңіз қандай?
Томас Хуг:
- Мен 2008 жылдан бері байқаушымын.
Кристиан Шварц:
- Мен 2010 жылдан бері. Бұл біздің тұрақты жұмысымыз емес, тіпті бұл жұмысқа да жатпайтынын айта кеткім келеді. Өйткені, ол үшін біз ақша алмаймыз. Мен көбіне қысқа мерзімді байқаушымын. Ал, бұл жерде біздің ұзақ мерзімді байқаушы ретінде жұмысымыз бес аптаға ғана созылады.
- Өздеріңіздің негізгі қызметіңіз жайлы айтып берсеңіз.
Томас Хуг:
- Мен Германия азаматымын, фрилансер журналистпін әрі фотографпын. ЮНИСЕФ арқылы да осылай ОБСЕ жұмыстарын жасаймын.
Кристиан Шварц:
- Мен Норвегияданмын, Адамдардың құқығын қорғау ұйымының жоба менеджерімін.
- Байқаушы болуға қалай келдіңіздер, не ықпал етті?
Томас Хуг:
- Мен бұрыннан өзім саясатқа, демократияға қызығушылығым бар. Саяси ғылымды оқығанмын. Бір күні ағам да осындай жұмысты біліп, «мынау сенің жасайтын жұмысың, саған үйлеседі» деді. Сөйтіп, мен түрлі оқу курстарын қарап, зерттеп, үйреніп, осыған келдім.
Кристиан Шварц:
- Мен жалпы құқыққорғау ұйымында істеген соң адамдардың әділ түрде дауыс беруі, сайлауға қатысуы маңызды екенін түсіндім. Байқаушының міндеті – адамдарға осыны іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік беру.
- Қай елдерде осы уақытқа дейін бақылаушы болдыңыздар? Бұрын Қазақстанда жұмыс істедіңіздер ме?
Томас Хуг:
- Тәжірибемнің бір жылында Өзбекстанда болдым. Сіздің елге бірінші рет келіп отырмын. Бұл жерде түсіну керек, ел жеке мені немесе Кристианды шақырмайды, ЕҚЫҰ қызметкерлерін елге келіп, «сайлауға қатысты процедураға бақылаушы болуды» сұрайды.
Кристиан Шварц:
- Қазақстан ОБСЕ-ге мүше елдердің қатарында болған соң біз келіп тұрмыз. Айтпақшы, Қазақстан өкілдері де ЕҚЫҰ елдеріндегі сайлауға бақылаушы ретінде қатыса алады. Қазақстанда бақылаушы ретінде осымен екінші рет болып отырмын – бұған дейін 2019 жылғы кезектен тыс президент сайлауына қатыстым.
- Жергілікті билікпен сайлауды ұйымдастыру мәселесі бойынша қалай жұмыс жасайсыздар?
Томас Хуг:
- Иә, біз олармен сайлауға қатысты, сайлау өту барысына қандай үлес қосып жатыр деген сұрақтар бойынша сөйлесеміз.
- Сонда нені бақылайсыздар, қалай бақылайсыздар?
- Біздің жұмысымызға басында айтып өткендей, сайлауда процедураны байқаймыз, сосын соған қатысты есеп жазамыз. Яғни, сайлау учаскелері қалай дайындалып жатыр, сайлау қалай жүріп жатыр, соны қараймыз. Ештеңе бақыламаймыз.
– Сайлауға бақылаушы ретінде қатысу процедурасы қандай? Ықтимал бұрмалаушылық болып жатса, қалай реакция бересіздер?
- Біз бұл процедураны қадағаламаймыз. Дауыс беруге арналған учаскелерде дайындық қалай, сайлау қалай өтіп жатыр, біз соны сырттай бақылаймыз. Содан соң есепке жазамыз.
- Сол жерде, мысалы, дауыс беруші келіп өзінің құқығы бұзылғаны жайлы шағымданып жатса, қалай әрекет етесіздер?
- Тіркеп отырамыз, жазып аламыз да есепке жазамыз. Бірақ, өте маңызды сәт, біз ешқандай нәрсеге араласпаймыз, біз тек қана сыртынан байқап тұрамыз. Өткен сайлаулар туралы есептер біздің ұйымның веб-сайтында жарияланған. Барлығы қолжетімді, ашық.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор