Атырау, 29 қараша 02:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Тоқаев апатты үйлердің тұрғындарын көшіру мәселесі бойынша тапсырма берді​

1 016 просмотра
"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет

Атырау облысына келген іссапар кезінде Тоқаев апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін құрылыс жұмыстарын жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

«Келесі мәселе. Атырау облысының инженерлік инфрақұрылымын дамыту туралы. Бұл да – күрделі мәселе. Мұнда тұрғын-үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бірақ, ескі үйлер әлі де көп.

Көп қабатты тұрғын-үйлердің төрттен бірі, яғни 432 үй апатты жағдайда тұр. Үкімет Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп, бұл мәселені шешуге тиіс. Сондай-ақ апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін құрылыс жұмыстарын жандандыру қажет»

«Төртінші. Өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға баса мән берген жөн. Облыста өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан науқастардың саны көбейіп барады. 

Ана мен бала өлімі де аз емес. Бұған өңірдегі экологиялық ахуалдың нашарлығы, білікті дәрігерлердің тапшылығы себеп болып отыр. Осы орайда, басты міндеттің бірі – медициналық инфрақұрылымды жақсарту. 

Атырау қаласында емхана ғимараттары тапшы. Облыстағы медицина мекемелерінің 40 пайызға жуығы осындай жағдайда жұмыс істеп жатыр. Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы сын көтермейді. Тіпті, бұл мекемелердің ғимараттары пайдалануға жарамсыз. Осы мәселенің бәрін шұғыл шешу қажет»

«Ең алдымен, өңірге медицина мамандарын тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыру маңызды. Сондай-ақ, облыстық перзентхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жабдықтаған жөн. Атырауда жаңа онкологиялық диспансер салу мәселесін пысықтау қажет.

Облыста бірқатар денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастау керек. Ана мен баланың, жалпы тұрғындардың денсаулығын сақтау – елдің даму деңгейін айқындайтын көрсеткіштің бірі. Біз денсаулық сақтау саласына барлық ресурсты, күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Осы орайда, мен синтетикалық есірткі мәселесіне ерекше назар аударғым келеді.

Өкінішке қарай, адам психикасына әсер ететін заттар тез таралып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Оның ішінде балалар да бар. Бұл – біз білетін мәлімет қана. Осы ретте, Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап етемін»

«Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз. Бұл ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек.

Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай.

Бізде алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Бірақ, бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейтуі керек.

Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек. 

Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Біз ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін»

«Осы орайда, спорт инфрақұрылымын дамытып, оны барынша қолжетімді ету – маңызды міндеттің бірі. Өңірдегі көптеген спорт нысанына жөндеу жүргізу қажет. Сонымен бірге, республикалық және халықаралық жарыстар өткізетін жаңа спорт кешендерін салу керек.

Жалпы, көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақша күрес, тағы басқа. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс әдеттен алыстатады және спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Әкімдікке осы шаруаларды пысықтауды тапсырамын.

Тағы бір айтайын дегенім, ескерткіштер қоя бергеннен гөрі, спорт және медицина нысандарын салуға баса назар аудару қажет. Бұл Атырау облысына ғана емес, бүкіл елімізге қатысты мәселе»


8 қараша 2022, 11:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.