Тамыз айының ортасында Атырауда алғаш рет нан қалдықтарына арналған жасыл түсті арнайы контейнерлер орнатылған еді. Жоба авторы, кәсіпкер Арман САҒЫНАЕВ нан қалдықтарынан шаруашылықтарға мал азығын дайындауды жоспарлады. Арада екі ай уақыт өткеннен кейін «АЖ» тілшісі жұмыстың нәтижесімен танысты.
Арман Сағынаевтың айтуынша, қазіргі кезде қала орталығындағы қоқыс жәшіктерінің қасына нан қалдықтарын бөлек жинайтын 80 бөшке қойылған. Бұл жерден тәулігіне 15 қапшықтай нан қалдықтары жиналып, арнайы цехқа жеткізіледі. Сұрыптау кезінде көгерген нандар алынып тасталып, таза нан арнайы аппараттан өтіп, комбикорм дайындалып, қапшыққа қапталады. Арнайы өңдеуден өткен өнімді 6 айдан бір жылға дейін мерзім сақтауға болады.
- Контейнерлердің жанына қойылған жасыл бөшкелер тек нан қалдықтарына арналғанын тағы бір еске салғым келеді. Дегенмен кейбір тұрғындар түсінбей, нанмен араластырып палау, макарон өнімдерін де салып кетіп жатыр. Ең сорақысы - үйден мал асырайтын, тауық, қаз асырайтын тұрғындар біздің бөшкелерді сындырып, ішіне жиналған нанды ұрлап кетуі жұмысымызға кедергі келтіріп тұр. Есігін кілттеп қойғанымызбен, түн ішінде біреулер сындырып, ішіндегісін ұрлап жатқанын тұрғындар фотоға түсіріп те жіберді. Суреттерді полицияға жолдадық, - дейді Арман.
Ол нан қалдықтарын жем өндіруге жарату идеясының қалай пайда болғанын айтып берді:
- Өңіріміздегі шаруашылықтар қыс сайын жем жетпеуден қиналады. Қоқыстарда нан қалдықтары аяққа тапталып, шашылып жататынын күнде көріп жүріп, осы кәсіп ойыма келді. Кейін жем өндірушілермен кездесіп, мәлімет жинадым. Мүмкіндігім бар екеніне көз жеткізген соң, іске кірістім.
Арманның айтуынша, Қытайдан сатып алынған аппарат сағатына 1 тонна жем дайындай алады. Қазіргі кезде Жылыой ауданындағы бір шаруашылықтан 2 тонна жемге тапсырыс қабылдаған.
- Ең бастысы сұраныстың бары қуантады. Өйткені сырттан келетін комбикорм бағасы шарықтап тұр. Келісі 180 теңгеден сатылуда. Оның ішінде қажет емес қоспалар да бар. Ал бізде жергілікті әрі таза нан өнімі болғандықтан нағыз қорек болып табылады, - дейді Арман.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор