Жыл сайын 22 наурызда өткізілетін ұлттық «Алтын сақа» ойынымызға биыл бұрын қатысып көрмеген балалар жиналды. Бас жүлдеге кімнің қолы жетті дейсіз ғой? Ойын жеңімпазы өз туған күнінде өзіне керемет сый жасады! Дәл Ұлыстың ұлы күні 12 жасқа толған Нұрдәулет мергендігі мен ептілігінің арқасында ноутбукты еншіледі.
Нұрдәулет КЕНЖЕБАЙ.Нұрдәулет КЕНЖЕБАЙ қаладағы №2 мектептің 6-шы сыныбында оқиды. Ол асық ойынына біздің газетіміздегі хабарландыруды көріп, өз бағын сынамақшы болған. Міне, бірінші жыл қатысып, жеңімпаз атанып, олжалы болды. Ал, екінші жүлделі орынға ие болған ойыншымыз - №30 мектептің 2-ші сынып оқушысы Әмір МӘЖИТ. Әмірдің де бағы шапты деуге болар, ол ойын өткен «Ренессанс» қонақ үйінің алдына келіп тіркелгені сол, аз уақыттың ішінде цифрлы фотоаппараттың иесі болып шыға келді. Үшінші жүлделі орынды және велосипедті №5 мектептің 7-ші сынып оқушысы Қанат ЖҰМАШЕВҚА бұйырды.
Әмір МӘЖИТ.Ойынға барлығы 15 бала қатысты. Осыған дейін жүлделі орындарды аудандар мен қала іргесіндегі ауылдардан келетін балалар алатын. Бұл жолы қалада тұратын балалар басым түсті. Жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген балалардың мергендігін газет қызметкерлерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Ойынды бастаған кіші топтағылар - 3-ші сынып оқушысы Диас ТАРИХ (Амангелді орта мектебі), Нұрғали НАРИМАН (Тайманов орта мектебі), сондай-ақ, Кіші өнер академиясының 5-ші сынып оқушысы Мирас АСЫЛБЕКОВ, М.Өтемісов орта мектебінен қатысқан Нұрсат СИҒАУТОВ және Нұржан ЖИНАҚБАЕВТАР өз мергендіктері мен ептіліктерін көрсете білді. Нұрсат пен Нұржан ойынға қатысу үшін тіпті қазақтың ұлттық киімін - бірі шапан, бірі кәжекей кие келіпті. Мұның өзі көпғасырлық ойынға (өкінішке орай, бұл ойын бүгінде үлкендер мен балалардың арасында ұмытылып барады) ерекше көрік берді.
Қанат ЖҰМАШЕВ.
Ойынымызға өткен жылы қатысқан Ертай ХАМИТОВ (№15 мектеп) пен Нұрдәулет ТЕМІРОВТЫҢ (№12 мектеп) биыл қайта келіп, жақсы ойын көрсеткендері қуантты.
«Ақ Жайық» редакциясы жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Алтын сақа» ойынының жеңімпазы мен жүлдегерлерін және барлық қатысушылар мен жанкүйерлерді құттықтайды!
Гүлсара ҚАЙЫРОВА
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ