Орталық Азияда алғаш рет Атырауда Executive MBA «Энергетика саласындағы әйелдер көшбасшылығы» білім беру бағдарламасының ресми ашылу салтанаты өтті. Мұнай және газ университетінде өткен шараның арнайы қонағы G-Global компаниясының Оңтүстік Африка Республикасындағы өкілдігінің басшысы әрі аты аңызға айналған Нельсон Манделаның немересі Ндилека МАНДЕЛА болды.
Ірі мұнай кәсіпорындарындағы әйелдер көшбасшылығына қатысты ахуал туралы олардың басшылары: ТШО бас директоры Кевин ЛАЙОН, CNPC бас директоры Вей ЮЙСЯН, NCOC басқарушы директоры Оливье ЛАЗАР, «AМӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат ДОСМҰРАТОВ, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Рысты ТАСМАҒАМБЕТОВА, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» консорциумының еңбек ресурстары және сервистік қамтамасыз ету жөніндегі директоры Сұлушаш ІЗБАСАРОВА әңгімеледі.
Әдетте ерлер жұмыс істейтін сала болып саналатын энергетика саласында орта есеппен әйелдердің үлесі шамамен 30% құрайды, бірақ олардың арасында басшы өте аз.
- АМӨЗ ұжымында әйелдер шамамен 30% құрайды, олар қаржылық және кадрлық салада дәстүрлі әйелдер лауазымын атқарады. Энергетика, механика саласында олар мүлдем жоқ. Форумымыз университет қабырғасында өтіп жатқандықтан, білім ошақтары осыған назар аударса дегім келеді. Мен әйелдер көшбасшылығын 100% қолдаймын, екі қызым бар, әрине олардың кез келген салада дамып, өсу мүмкіндігі болғаны дұрыс. Мұндай форумдар қоғамды осыған дайындайды, – дейді «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат Досмұратов.
– Мұнай-газ саласында 35 жыл жұмыс істегенде компаниялардың гендерлік саясатындағы өзгерістерді байқадым. Қазір әрбір бесінші жұмысшы – әйел адам. ТШО ұжымында әйелдер 35% құрайды, бұл бұрынғыдан әлдеқайда көп, - деді ТШО бас директоры Кевин Лайон.
NCOC басқарушы директоры Оливье Лазардың айтуынша, мұнай саласы, әдетте, ер адам жұмыс істейтін сала болып саналады, өйткені ауыр еңбек күшін қажет етеді. Дегенмен, жаңа технологиялардың енуіне байланысты бұл себеп өзінің өзектілігін жоғалтып жатыр. Компанияда 30% әйел болса, NCOC қабылдаған бағдарламаға сәйкес 2024 жылға қарай 35%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Көптеген компания осы саладағы гендерлік теңдікке және әйелдердің әлеуетін дамытуға үлкен көңіл бөлетін әйелдер клубы мен қауымдастықтарын құрды.
– Қазақстанда және оның ішінде Атырауда әйелдер құқығын дамытуда үлкен жетістіктер бар. Әйел әріптестеріміздің қазір энергетика саласында үлкен рөл атқарып, басшылық қызмет етіп жүргенін көру қатты қуантады. Белгілі бір жобаларды жүзеге асыруға көшбасшы әйел неғұрлым көп қатысатын болса, соғұрлым оң нәтиже болады. Африка елдерінде бұл көрініс мүлде басқаша, - дейді Ндилека Манела. – Көптеген елде гендерлік теңсіздік әйелдер денсаулығы және әйелдер құқығын дамыту сияқты тақырыптар аясында көп талқыланды. Осы мәселелерді талқылау әйелдерге өз істерімен айналысуға мүмкіндік беретін грант пен несие бөлуге әкеледі. Дегенмен, жалпы әйелдердің дамуы үшін энергетика саласын дамытуға қолжетімділік маңызды. Қазіргі таңда көптеген дамыған елде әйелдер елдің дамуына белсене атсалысады, ал Африкада, өкінішке орай, олай емес. Әсіресе, ауылдық жерлердегі әйелдерге қиын, бұл өте маңызды мәселе... Біз әйелдердің энергетика саласының барлық бағытына қатысуына мүмкіндік беруіміз керек. Бұл тек мемлекеттік емес, жеке компанияларға да қатысты. Әйелдерді бүкіл өндірістік циклге, соның ішінде жаңартылатын энергия көздерінің жаңа жобаларына қосу өте маңызды, - дейді Ндилека Мандела.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ облыстық мәслихатта 27-30 пайыз, мемлекеттік қызметте – 80 пайызға жуық, квазимемлекеттік секторда – 22, білім саласында – 92, медицинада 60%-дан астам әйелдердің үлесі барын айтты. Әртүрлі деңгейдегі басшылық лауазымдардың 40%-ға жуығын да әйелдер атқарады. Бисембиев университетті жаңа білім беру бағдарламасының ашылуымен құттықтады. Бағдарламаның басты мақсаты – әйелдер әлеуетін дамыту және энергетика саласындағы көшбасшы әйелдерді даярлау бойынша арнайы жобалар жасау.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Атырау мұнай және газ университетінің баспасөз қызметі жолдаған суреттер