Атырауда өңірімізге қоныс аударған қандастарымызды бейімдеу жөніндегі координациялық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға «Оралман-Жайық» ҚБ төрағасы Құдабай ҚАРЖАУОВ пен «Жібек жолы - Бауырластар» ҚБ жетекшісі Әлия ТАЗАБЕКОВА қатысты.
"БАСШЫЛАР НЕГЕ ҚАТЫСПАЙДЫ?"
«АЖ» тілшісі бұл жиынға қатыса алмады, себебі бұл туралы алдын ала ескертілмеді және шақыртылмады. Сондықтан біз Құдабай Қаржауов пен Әлия Тазабековаға, сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына арнайы хабарласып, қандастар бойынша өңірдегі ахуалды сұрап білдік.
Қ.Қаржауовтың айтуынша, кезекті отырыста ол қандастардың арыз-өтініштерін ескеріп, бірқатар ұсыныс жеткізген.
- Қандастардың елге келгенде бетпе-бет кездесетін басты проблемасы - ҚР азаматтығын алу, жұмыс, балаларын балабақшаға, мектепке орналастыру мәселесі. Бұдан бөлек, тұрғын үй, жер телімі кезектеріне қалай тұруға болатынын және қандастарға тиесілі қандай мемлекеттік бағдарлама мен заң жүзінде жеңілдіктер бар, сол туралы түсіндіріп беруді сұрадым. Осындай жиынға басқарма басшылары қатысқан жөн болар еді. Бірақ қатардағы мамандар келді. Үнемі осылай, басқарма басшылары мен орынбасарлары облыс әкімі немесе қала әкімі қатысатын жиынға ғана келеді. Бұл халықты сыйламау деген сөз. Басқарма өкілдері ештеңе шеше алмайды, дұрыстап түсіндіре де алмайды, - деп қынжылады Қ.Қаржауов.
«БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЖЕТ»
Құдабай Қаржауов Атырауда қандастарды бейімдеу орталығы жетіспейтінін айтады. Ол бұл орталық елге оралған қандастардың бір-екі күндік уақытша панасына айналып, құжаттарды толтыру тәртібін үйрететін, қандастарға қандай жеңілдік пен көмек қарастырылғанын түсіндіретін жер болар еді дейді.
- Бұрын осындай орталық Атырауда болды. Мен осы орталықты қайта ашу туралы ұсынысымды жергілікті билікке жеткіздім. Мамандар да жиында мәселені қарастырамыз деп кетеді, бірақ іс жүзінде шешілмей жатады, - дейді Қаржауов.
БЮРОКРАТИЯ ТУРАЛЫ ДӘЛЕЛ
Әлия Тазабекова басқаратын қоғамдық бірлестік көбіне Қытайдан келген қандастарымызға қолдау көрсетумен айналысады. Тазабекова жиында мамандардың тұрғын үймен, тұрақты жұмыспен қамту бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін, әлеуметтік бағдарламаларды таныстырып, кәсіпкерлік бағыттағы жеңілдіктер мен бағдарламалардың шарттарын түсіндіргенін жеткізді.
Тазабекова да жиынға басшылар емес, қатардағы мамандардың келгеніне ренжіді.
- Неге жиынға басшылар келмейді? Мамандар сұрақтарымызды, шағымдарымызды тыңдап кетті. Олар ештеңе шеше алмайды. Маған Қытайдан келетін қандастарымыз азаматтық ала алмай, балаларымызды балабақшаға орналастырып, емханаға тіркеле алмай жүрміз деп шағымданды. Тағы бір мәселе – қандас куәлігі бір жыл мерзімге беріледі, кейін қандас мәртебесі жойылады. Қандас ретінде олар жер кезегіне тұрады. Бірақ бір жылдан кейін азаматтық алса, жалпы жер кезегіне ауыстырылады.
Тағы бір мысал. 2021 жылы Қытайдан көшіп келген бір отбасы кәмелетке толмаған екі баласын емханаға тіркете алмай, мектепке орналастыра алмай отыр. Себебі, емханаға тіркеу үшін Қазақстанның туу туралы куәлігі қажет. Қазақ тіліне аударылып, нотариалды куәландырылған балаларының туу туралы куәлігі жарамай тұр. Құжаттың аудармасын Астанадағы Қытай консулдығына растату керек. Ал олар жасамай тұр, есіктері тарс жабық, - дейді Тазабекова.
Осыған байланысты ол 14 қазанда СІМ және ІІМ-ге «ҚР азаматтығын алғандардың нотариалды куәландырылған туу туралы куәлігін неге Қазақстанда қабылдамайды?» деген сыңайда хат жолдаған. Жауабын күтіп отыр.
РЕСМИ МӘЛІМЕТ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 1 қазандағы жағдай бойынша 13 362 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1992 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 101,2 мың этникалық қазақ оралған. Биыл жыл басынан бері келген қандастардың жартысынан астамы (68,7%) - Өзбекстаннан, 10%-ы – ҚХР-дан, 7,9%-ы – Түркіменстаннан, 4,6%-ы – Моңғолиядан және қалғаны басқа елден.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл облысқа барлығы 240 адам көшіп келген. Олардың ішінен 202 адам Атырау қаласына, 21 адам Жылыой ауданына, Құрманғазы ауданына 14 адам, Исатай, Махамбет және Мақат аудандарына бір-бір адамнан қоныстанған. 43 қандас үй кезегіне тіркелген.
Айнұр САПАРОВА
Коллажды жасаған Еламан НУХИН