Көкшетаудан келген жүлделер
Махамбет ауданы Алмалы селосының оқушылары Көкшетауда өткен 1998-99 ж.т. кадеттер арасындағы қазақша күрестен Қазақстан чемпионатында екі медаль ұтып алды.
66 келіге дейінгі салмақта Саян Қайырғалиев чемпион атанса, 47 келіге салмақта тағы бір алмалылық Асыланбек Төлеуұлы қолаға ие болды. Екеуі де 1-БЖСМ жаттықтырушысы А. Серғазиевт3ң шәкірттері. Облыс құрамасының қоржынына тағы бір қоланы мақаттық Есімхан Табылдыұлы (бапкері – Е. Шынтасов) салды. Облыс құрамасы 16 команда арасынан 5-орын алды.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Жеңіске жеткен жерлестер
Мәскеу облысында каратеден Зеленоград қаласының 55 жылдығына арналған ІІІ Бүкілресейлік Ойындары өтті.
Жарысты Ресей карате-до федерациясы, Ресей карате-до шотокан казе-ха (SKI) одағы және Каратеномичи федерациясы ұйымдастырды. Турнирге Ресейдің көптеген өңірлерінен, сондай-ақ Қазақстан мен Армениядан мыңнан аса спортшылар қатысты. Еліміз намысын «Жолбарыс» спорт клубы командасы қорғады.
Кумитедегі айқастар «сёбу иппон», «дзю кумите» және «дзю сёбу кумите» (еркін жекпе-жек) ережелері бойынша өтті. «Дзю сёбу кумите» жекпе-жектері көрермендердің қызығушылын тудырды – қарсыластар 3 минуттық бір раунд бойынша төбелеседі және мұнда шынтақпен, тіземен, баспен ұру, сондай-ақ, еркін және тұншықтыру әдістері рұқсат етілген. Осы санат бойынша алтын медальді Атырау политехникалық колледжінің 3-курс студенті Манас Темірханов ұтып алды.
«Сёбу иппоннан» тағы бір «алтынды» №10 мектептің оқушысы Ринат Жарылғасынов ұтты. АМУ студенттері Темірлан Кенжеев («дзю сёбу кумите») пен Жадыра Утекова («фукуго кумите») күміс жүлдегерлер атанды. №27 мектептің оқушылары Ринат Игіліков («сёбу иппон») пен Бекзат Саинов («фукуго кумите») «қолаға» қол жеткізді. Бекзат, сондай-ақ, «Жеңіске деген жігері үшін» сыйлығына ие болды.
Сонымен қатар, барлық атыраулық спортшылар «ката», «командалық ката» және «командалық кумите» санаттары бойынша әр түрлі медальдарға ие болды – барлығы 16 медаль. Бұл - үлкен жетістік.
Спортшыларды аға жаттықтырушы Е. Қойшекенов (5-ші дан қара белдік) және бапкер В. Тұрғанова (3-ші дан қара белдік) дайындады.
***
Классикалық стиль
«Жас батыр» спорт кешенінде Дене шынықтыру және спорт өңірлік орталығы ұйымдастырған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен турнир өтті.
24 келіге дейінгі салмақта - Айдын Елемесов, 27 келіге дейін - Абылай Қапси, 30 келіге дейін – Жеңісбек Жигопов, 36 келіге дейін - Есет Құмар, 42 келіге дейін - Үндет Қалмағанбет, 46 келіге дейін - Андрей Безнощенко, 50 келіге дейін - Артем Кирепанов, 63 келіге дейін - Темірлан Еспенбет турнир жеңімпаздары атанды.
Жарыс барысында хабарлағандай, Илья Насточенко (бапкері – Батырбек Баймұратов) 96 келіге дейінгі салмақта грек-рим күресінен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері болыпты.
***
Жартылай финалға жетті
«Намыс» облыстық карате-до кекушинкай федерациясының шәкірттері Сергей Плеханов жүлдесіне арналған турнирде қола медальдар ұтып алды.
Жарысқа Ресейдің 20 қаласынан мықты каратистер қатысты. «Намыс» федерациясының спортшылары Рүстем Байбосынов пен Александр Грузинцев жартылай финалға дейін жетіп, осы кезеңде қарсыластарына жол беріп қойды.
***
Өз алаңында жеңіліс тапты
«Атырау» ДСК-нде Ұлттық лиганың ерлер командалары арасында волейболдан Қазақстан чемпионатының 4-туры өтті.
Өз алаңының қабырғасы ойында қосымша ойыншының рөлін атқарады деп айтады. Алайда, бұл «Атырауға» көмектеспеді. Ол өз жағдайын түзей алмай, 4-орында қалып қойды.
Бірінші күні алаң иелері Орал қаласының «Конденсант» командасымен кездесіп, алғашқы екі партияда жеңіп жатқан. Алайда оралдықтар қайсар мінез көрсетіп, қалған үш партияда жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп 2:3, «Конденсанттың» пайдасында.
Келесі кездесуде «Атырау» осындай есеппен «Павлодардан» ұтылды. Содан кейін Қазақстан құрамасының базалық командасы «Алматыны» 3:1 есебімен ұтып, «ТНК «КазХромнан» жеңіліп қалды (1:3). Соңғы ойында біздікілер Өскеменнің «Шығыс-СвинецСтрой» командасын айқын басымдықпен жеңді (3:0).
Чемпионаттың аяқталуына бір-ақ тур қалды. Алғашқы екі турда турнир кестесінің көшбасшылығына таласқан «Атырау» командасы енді оралдық «Конденсатпен» қолаға таласады.
***
Алғашқы жеңіс
15 наурызда «Судоремонтник» стадионында «Атырау» және «Тобыл» (Қостанай) командалары арасында футболдан ел чемпионатының 2-туры өтті.
Бұл матчтағы жалғыз допты алаң иелерінің ойыншысы Сергей КУЦОВ соқты – «Атырау» 1:0 есебімен ұтты.
***
Төрт белдесу - төрт «иппон»
Ақтауда 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтті.
Облыстық жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Бимырза Тайжановтың айтуынша, 90 келіге дейінгі салмақта Райымбек Ашықбаев ел чемпионы болды. Ол 4 белдесу өткізіп, барлығын да мерзімінен бұрын – «иппон» бағасымен ұтты. Біздің чемпион сәуірде Чехияда өтетін халықаралық турнирге және қыркүйекте Алматыда болатын Еуразия Ойындарына қатысуға жолдама алды. Чемпионның бапкері - ОРБЖСМ жаттықтырушысы Жандос Қиянов.
Айнель Сүлейменова күміс ұтса, Саида Қапсалықова және Саян Қайырғалиев қола алды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
***
Әсел жеңіспен оралды
9-10 наурызда Тараз қаласында ересектер арасында WKF карате-додан ҚР Чемпионаты өтті.
Турнир БАӘ, Дубайда өтетін Азия чемпионатының іріктеу кезеңі болды. Ол жерге еліміздің 12 облысынан спортшылар жиналды. Атырау облысының намысын «Қайсар» спорт клубы мен 2-БЖСМ шәкірттері қорғады.
«Іріктеу қатал да ымырасыз өтті, - дейді Айбат РАХМАН. – Текетірестердің ширыққаны соншалық, атақты Әлем және Азия чемпиондары өз салмақтарында жас спортшылардан ұтылып жатты».
50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен спортшымыз Әсел СЕРІКОВАНЫҢ (АМжГИ мұнай факультетінің студенті) жеңісі осынысымен құндана түсті. Ол Қызылорда және Маңғыстау облыстары өкілдерін басымдықпен ұтып, финалда алаң иесі – тараздықты жеңді.
Айта кетсек, Әсел каратемен «Қайсар» спорт клубында 9 жасынан шұғылданған. Қазір 2-БЖСМ-нде жаттығады. 2011 жылы бұл спортшы қызымыз Азия чемпионы болды. Енді ол алдымыздағы сәуірде Бурабайда оқу-жаттығу жиынына қатысып, Ресейдің Түмен қаласында өтетін WKF карате-до бойынша премьер лигада өз күшін сынайды.
Спортшыларды жарыстарға бапкерлер Сансызбай ТОРҒАЕВ, Ольга АЙТЖАНОВА, Алексей ЛЮБИН, Болат ІЗБАСҚАНОВ және Айбат РАХМАН дайындады.
Анастасия ПАСТУХОВА