Атырау, 11 қазан 07:20
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Алтын мен сыйақы үшін айқасады

2 724 просмотра

Облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы ел чемпионатының плей-оф сериясындағы Рудныйдың «Горняк» командасымен ойнаған алғашқы екі кездесуінде жеңіске жетті. Біз «мәмлүктердің» бас бапкері А.А. ИСТОМИННЕН (суретте) команданың қазіргі көңіл-күйі жөнінде әңгімелеуін өтіндік.

- Толық жеңіс туралы айтуға әлі ерте. Алда кеншілермен әлі де екі кездесу өткіземіз. «Горняк» - барлығын күтуге болатын мықты команда. Бізге келесі айналымға шығу үшін аянбай тер төгу керек. Алдын ала уәде беріп немесе «Горнякпен» кездесудің қорытындысына болжам жасағым келмейді.

- Егер командаңыз жартылай финалға шықса, қарсыластарыңыз кім болады?

- Жартылай финалда «Арлан» (Көкшетау) – «Астана» жұбының жеңімпазы күтетін болады.

- Команда құрамында қандай өзгерістер бар?

- Ақпанның ортасында ойыншыларды кері тіркеу «терезесі» болды. «Бейбарыс» құрамына шабуылшылар Озис Иконен, Йонас Коскинен, Мартин Херман және қақпашы Томми Никкиля қосылды. Томаш Хорнаның қолының жарақаты жазылды. Керісінше, ел чемпионатының соңғы үй матчында командамыздың жетекші ойыншыларының бірі Денис Козырев иығын шығарып алды. Сергей Огородниковтың тез айығуын күтіп отырмыз. Ол екі айдан бері тізе жарақатынан мұзға шыға алмай отыр. Қалған жігіттердің барлығы сақадай сай.

-  Екі дүркін ел чемпиондарының көңіл-күйлері қалай? Тағы да алтын үшін айқасқа әзір ме?

- Мен өзім қашан да жеңіс үшін ойнаймын. Плей-оф сериясына дейін «Бейбарыс» қатарынан 13 ойынды жеңіспен аяқтады. Біз чемпионатты ең соңғы орыннан бастап едік. Естеріңізде болса, ол кезде бізге мұз сарайындағы мұз құю машинасының бұзылғандығынан екі матчқа техникалық жеңіліс жазған еді. Сонымен қатар, командадан ойыншылардың үлкен тобы кетіп қалды. Жалпы, чемпионат басында жағдайымыз мәз болған жоқ.

Алайда менің жігіттерім жарап-ақ тұр. Олар шын мәнінде Қазақстан чемпиондары екенін дәлелдеді. Соңғы орыннан төртінші орынға көтерілдік және үшінші орындағы командадан бір ұпай ғана қалып қойдық. Ең бастысы плей-офқа өттік.

- Командадағы ең пайдалы ойыншыларды атаңызшы.

- Бұлар - Кари Сихвонен, Витезслав Билек, Томаш Хорнa, Максим Шарифьянов, Йонас Коскинен және басқалар, жалпы команда түгелдей жақсы. Ең жоғарғы орындарға таласуымыз үшін бізде білікті хоккейшілер мен қайтпас мінез жеткілікті.

- Қазақстан чемпионатында жеңіске жетсеңіздер, сіздерді қандай сыйақылар күтіп тұр?

-Клуб басшылығы белгілі бір соманы белгіледі. Мен оны жариялай алмаймын. Бір айтарым, қаражат жігіттерді жеңіске ынталандыру үшін жеткілікті.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

P.S. 14-15 наурызда «Бейбарыс» плей-офф сериясындағы «Горняк» командасымен кездескен үшінші және төртінші матчтарында да 2:0 және 3:0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты.

21 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.