14-15 наурызда облыс аумағында «Көктем-2013» төтенше жағдайларда әрекет ету қызметтерінің республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары болып өтті.
Тақырыбы – су тасқыны кезіндегі құтқару жұмыстары және төтенше жағдайлар зардаптарын жою.
Оқу-жаттығулар «Бәйтерек» базары аумағындағы тас алаңда барлық құтқару қызметтерінің, сондай-ақ, полицияның басбұзарлармен күрес арнайы жасағының жеке құрамын және арнайы техникаларын байқаумен басталды.
Сценарий бойынша, суда құтқарушыларға Жайықта екі балықшының бірі суға кетіп, екіншісінің суға батып бара жатқаны туралы хабар келіп түсті. Жігіттер сол бойда ойылған суда жан-дәрмен болып жатқан адамды жағаға шығарып, содан кейін суға кеткен мүрдені алып шықты. Бір жақсысы, бұл - қуыршақ.
Содан кейін облыстық құтқару отряды Дамбы елді мекендерінің бірінде су тасқыны қаупі кезіндегі әрекеттерін көрсетті.
Облыстық ТЖД-нің бастығы Болатбек ОМАРОВ:
- Биыл қатты су тасқыны болады деп күтіп отырған жоқпыз. Сушылардың жорамалы бойынша, сәуірдің аяғы мен мамырдың басында су деңгейі қалыпты болады. Біз Ресейдің ТЖМ-мен өзара әрекеттестікте бола отырып, жағдайды күн сайын бақылауға алып отырмыз,- деп хабарлады.
ТЖ бойынша облыстық штабтың төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ құтқарушылардың дайындығына жақсы баға берді. Оқу-жаттығуға барлығы жеке құрамнан 190 адам мен 55 техника бірлігі қатысты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ