Биыл жауын-шашынның мол түсуі мал азығын өсіруге ықпал етті. Соның арқасында Атырау облысының диқандары мал басын қысқы мал азығымен 100 пайыз қамтамасыз етуге қол жеткізді.
Жалпы облыс бойынша 553 мың тонна мал азығы қажет болса, күні бүгінге 558 мың тонна дайындалған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәлімет бойынша жалпы жекелеген аудандарда қажетті шөптің мол қоры жиналып алынған. Бұған биылғы жауын-шашынның көбірек түсуі себепші болған.
- Соңғы жылдары қуаңшылықтан Махамбет, Мақат, Жылыой, Индер аудандары көршілес шөбі шүйгін Қызылқоға, Құрманғазы аудандары мен Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысынан шауып тасымалдап, болмаса сатып алатын. Биыл алыстан арбаламай, жақыннан дайындап алудың мүмкіндігі туды. Шаруасына мығымдары жеткілікті мал азығын аула басына жеткізіп үлгерген, - дейді шаруагерлер. - Аудандар бойынша шөп бағасы да әртүрлі. Мәселен, Исатай ауданында бір орам шөп бағасы 8-10 мың теңге. Оған көлік тасымалы, жанармай бағасы, жалпы шыққан шығындар кіреді. Жылыой ауданында – 9 мың, Мақат ауданында 6,5-7 мың, ал Қызылқоға ауданында 5 мың теңге төңірегінде. Былтыр баға бұдан да жоғары болған, бір орам шөп 15 мың теңге, ал қыс кезінде 20 мың теңгеге дейін шарықтаған.
2022-2023 жылдарға мал азығына қажетті құрама жем - 41 мың тонна. Облыс көлемінде мал шаруашылығына қажетті жем бағасын тұрақтандыру мақсатында «Карат» ЖШС-мен меморандум жасақталып, қолжетімді бағада сатылуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, қала және аудан орталықтарында кебек жемнің орташа бағасы келісіне 70-80 теңгеден сатылуда. Ал «Карат» ЖШС-нің қоймасында қосымша 482 тонна кебек жем бар көрінеді.
- Құрама жем жетіспеген жағдайда Батыс Қазақстан облысындағы «Желаев» ЖШС облыс төңірегіне 625 тонна кебек жемді әкеліп беруді жоспарлап отыр. Тек облыстан оператор дайындап, тапсырыс берушілерге таратып беруі қажет. Ал Ақтөбе облысынан оператор арқылы көлікпен тасымалдап алу да ойластырылуда, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері.
Ірі сабақты мал азығын дайындаушылар үшін 2021 жылы 689 млн теңге, кейін қосымша 274 млн 827 мың теңге субсидия берілген. Жалпы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы биыл да субсидия берілетінін мәлімдеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор