Атырау, 29 қараша 06:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Атырау» ӘКК: шығын, тиімсіздік және ... сыйақы

1 918 просмотра
«Атырау» ӘКК сайтының басты бетінің скриншоты

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы кеңесінің отырысында «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның жұмысы талқыланды. Отырысқа шақырылған Антикор өкілі ӘКК қызметіне жүргізілген талдау негізінде оны қатаң сынға алды. Шынымен де жағымсыз фактілерді келтірді. Толығырақ – «АЖ» материалында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының басшысы Жәнібек ҚАРАЖАНОВТЫҢ айтуынша, 2018 жылдан бері «Атырау» ӘКК» АҚ 141 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған. Ал оған дейін олар жыл сайын орта есеппен 60 миллион теңге таза пайда алып отырған.

– «Атырау» ӘКК» АҚ қызметінде меншік қаражатын, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджеттік қаражатты – екінші деңгейлі банктердің депозиттік шоттарына белгілі бір пайызбен салу арқылы пайда табу тәжірибесі қалыптасқан. ӘКК бұл процедураны әкімшілік шығыстарды жабу үшін пассивті кіріс алудың оң тәжірибесі ретінде қарастырады. Дегенмен, бұл үрдістің қаражатты жоғалту қаупі бар, - дейді Антикор өкілі.

2017 жылдың қараша айында ӘКК «Астана Банкі» АҚ депозиттік шотына 212 млн теңге салды, сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 9%. Алайда 2019 жылдың басында аталған банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі шықты, осыған байланысты «Атырау ӘКК» АҚ қаражаты әлі қайтарылған жоқ. Тарату кезінде депозиттік шоттағы қаражат сомасы 229 млн 290 мың теңгені (сыйақы мен өсімпұлды есептегенде) құрады. Ақпарат үшін, «СПК Атырау» депозиттік шоттарға өзінің бос қаражатын салған үш жыл ішінде жалпы сомасы 162 миллион 503 мың теңге сыйақы алған.

– Яғни, қазіргі уақытта «Атырау» ӘКК» АҚ 162 миллион 503 мың теңге сомада депозит бойынша сыйақыдан пайда алғандай жасанды түр көрсетіп отыр, ал дұрыс емес салынған салымнан келтірілген залал 229 миллион 290 мың теңгені құраған, — деді Жәнібек Қаражанов.

Бұдан басқа, ӘКК қызметінде кадр саясатын жүзеге асыруда көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Мысалы, талдау барысында Антикор қызметкерлері тәртіптік жазасы бар қызметкерлерге сыйақы беру фактілерін анықтады, тиімділік коэффициенті төмен штат артық алынған. Қаражанов корпорацияның тұрақтандыру қорын басқаруын да сынға алды:

– Талдау көрсеткендей, облыстың тұрақтандыру қорының нарықтық бағаға әсері шамалы, ал дер кезінде сатылмайтын орасан зор өнімді сақтау шығыны көп, ӘКК басқа ұйымдарға несие ретінде мемлекет қаражатын аударып, делдалдық қызмет атқарып отыр. Аталған функцияларды «Атырау» ӘКК» АҚ арқылы жүзеге асырудың және оларды жауапты мемлекеттік органға берудің орындылығы туралы мәселені қарастыру қажет.

Кеңес төрағасы Әлібек СЕМҒАЛИЕВ та бірқатар келеңсіз жайттарға назар аударды, оның ішінде тұрақтандыру қорының өнімдерін сақтау үшін көкөніс қоймасының жоқтығы. Алайда 2017 жылы ӘКК балансында бюджет қаржысына салынған 10 мың тонналық көкөніс қоймасы болған еді. Бүгінде бұл нысан жекенің қолына өткен.

«Атырау» ӘКК» АҚ төрағасының орынбасары Амантай АЙТБАЕВ барлық фактілерді мойындады. Бірақ бұдан не өзгереді?

Сөз соңында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ үш жыл қатарынан ӘКК өз қызметін шығынмен аяқтап отырғанына, ал жергілікті атқарушы органның 100 пайыз бақылау пакетінің иесі болып қала беретініне тоқталды.

Әкімдіктің қаржы органдарының жауапкершілігі, ӘКК жұмысын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары қайда? Мұндай жағдайда ӘКК жобаларын қаржыландыру күмән тудырады, - деді Жолдыбаев.

Фархат АБИЛОВ

13 қазан 2022, 11:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.