Атырау, 25 қараша 14:51
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Салымшыға арналған пәтер

3 798 просмотра

Биылғы жылы Атырау облысына «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінді.

Осы қаражатқа Жарбосынов, Сатыбалдиев, С. Датов көшелерінде және Нұрсая ықшам ауданында жастарға арналған жалдамалы үй құрылысы - 5 бесқатарлы үй салу жоспарлануда. Баймұханов, Сатыбалдиев көшелерінде және Нұрсаяда 8 жалдамалы үй, сондай-ақ, несиелік үйлер де салынбақ.

Жергілікті бюджеттен интернаттық мекемелер шәкірттеріне арналған жалпы ауданы 240 шаршы метр коммуналдық тұрғын үй құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға қаражат бөлінеді. Құрылысты биыл бастап кетулері де мүмкін.

Жалдамалы және несиелік тұрғын үйлер туралы айтсақ, бұл бағдарламалар бойынша қарыздар «Тұрғын үй жинақ банкі» (ТҮЖБ) несиелік желісі арқылы беріледі. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған несиелік үйдің құны – шаршы метріне 112500 теңге. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша несиелік қарызды тек ТҮЖБ клиенттері ғана ала алады. Банк пен жергілікті атқарушы органдар арасында келісімге қол қойылғаннан кейін ТҮЖБ клиенттері арасында несиелік тұрғын үй сатып алушылары пуліне өтініштерді қабылдау жарияланады. Мұнда банктің барлық салымшылары - жинақтаушы шоттары бойынша барлық талаптарды орындаған клиенттер де, жаңадан келушілер де қатыса алады.

Келесі қадам – бұл төлем қабілеттілігін растау. Төлем қабілетін бағалағаннан кейін үйлерді бөлу басталады. Жинақталған салымдары бойынша (депозитке жылдар бойы салым салғандар) несие ресімдеген клиенттерге басымдық беріледі.

Төлем қабілетін бағалауда табыстары несиені төлеуге жетпейтін клиенттерге жалдамалы үй ұсынылады. Бұл жағдайда қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайларын қасақана бүлдіру фактілеріне қатысы жоқтығы жөнінде анықтама және жергілікті тіркелімі болуы керек. Сондай-ақ, соңғы 6 айдағы жиынтық табыс күнкөріс минимумының 16 еселенген сомасынан аспауы керек.

Әкімдік клиентпен жалға беру шартын 8 жыл мерзімге жасайды. Жалдау мерзімі ішінде клиент ай сайын өз жинақтаушы шотына ұсынылған сома – тұрғын үй құнының 0,53%-ын төлеп отыруы керек. Егер, орта есеппен, екі бөлмелі үй 7 млн теңге тұратын болса, 37 000 теңге және жалдау ақысы – 1 шаршы метрге 100 теңге (екі бөлмелі үйдің орташа ауданы 66 шаршы метр десек, 6600 теңге) төленеді.

Жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін клиентке таңдау құқығы беріледі: жалдау мерзімі кезінде ол баспана құнының 50%-ын жинақтағандықтан, егер қаражаты болса, қалған екінші жартысын бірден жабу ұсынылады. Ал егер жоқ болса, онымен 15 жылға 4% жылдық мөлшерлемемен қарыз ресімделеді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

21 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.