Атырау облыстық Кедендік бақылау департаментінің контрабандамен күрес жөніндегі басқармасы қалалық ЖШС-тардың біріне экономикалық контрабанда фактісі бойынша қылмыстық іс көтерді.
Жергілікті компания кедендік декларацияны толтырғанда Түркиядан алынған пластик құбырлар партиясының құнын төмендетіп көрсеткен. Түркия кеденінен алынған экспорттық декларацияны Атырау облысы бойынша КБД-де ресімделген импорттық жүктердің кедендік декларациясымен салыстыра тексергенде, төмендету сомасы 20 млн-нан аса теңгені құраған. Бұл ірі мөлшердегі контрабанда болып есептеледі. Келтірілген шығынның сомасы 5 млн теңге болды. Айтпақшы, бұл осы ЖШС-тың тауарлар құнын төмендетіп көрсету бойынша бірінші оқиғасы емес. Ақпанда осы компанияның басшыларына ҚР ҚК-нің 209-бабы бойынша (Экономикалық контрабанда) қылмыстық іс қозғалған болатын («АЖ» 2013 ж. 7 ақпанында шыққан №6 «Құнсызданған құбыр» мақаласын қараңыз). Онда құбырлардың кедендік құны 62262 долларға төмендетілген еді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА