Атырау өңірінде жыл басынан бері 12 477 бала дүниеге келсе, оның ішінде 253 бала шала туылған. Мерзімінен бұрын туған шақалақтардың өмірге қалыптасып, дамып кетуі үлкен күтімді қажет етеді. Жақында осындай балаларға қайырымдылық көмек көрсетіп келе жатқан «28 ілмек» қайырымдылық ұйымының еріктілерімен сөйлесудің сәті түскен еді.
АНЫҚТАМА: Қазақстанда 2012 жылдан бастап еріктілерден құралған «28 ілмек» клубы Атырау қаласында 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аталған клубта еріктілер жүннен дайындалған заттар мен мақтадан жасалған ойыншықтарды тоқып, дайын өнімдерді перзентханаларға жібереді.
Бүгінде Атыраудағы «28 ілмек» клубында 60-қа жуық ерікті бар. Олардың кішісі 14 жаста болса, үлкені 70 жастағы зейнеткерлер.
- Біз тоқыған бұйымдар шала туылған сәбидің алғашқы киімі десек артық айтқанымыз емес. Себебі, мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан сәбилерге киім жоқтың қасы. Жаңа туған сәбилерге арналған киімнің өзі оларға үлкен. Мысалы, шала туған баланың басы үлкен адамның жұдырығымен бірдей болады, - дейді «28 ілмек» клубының мүшесі Айнұр БЕРДІҚОЖИНА. - Тоқылған киімдер шала туған сәбилердің жылы қалыпта болуына септігін тигізеді, жүн талшықтары массаждың өзіндік әсерін жасап, қозғалыс моторикасын жақсартады. Жүннен тоқыма тоқуды бала кезімнен әжемнен үйреніп, содан мектеп оқып жүрген кезімде де аздап айналыстым. Бұл еріктілер клубы жөнінде 2020 жылы таныстарымнан естіп, әлеуметтік желі арқылы хабарласып қосылдым. Тоқыма тоқу өзіме қатты ұнайды. Жұмыстан бос уақытымда сүйікті ісіммен айналысып қана қоймай, қоғамға пайдамды тигізіп жатқаныма мақтанамын. Дайын киімдер мен ойыншықтар облыс орталығындағы және Құлсарыдағы перзентханаларға тапсырылады. Перзентханалар көбіне бас киім, шұлық және кеудеше сұратады. Тоқыма жіптерін өз қаржымызға сатып аламыз. Дегенмен тоқыма жіптерін сыйға тартатын жандар бар.
...Шала туған сәбилерді жүннен тоқылған бұйымдарға салып өсіру қазақ халқының әдет-ғұрпында бұрыннан бар. Оны «Баланы тымаққа салу» дәстүрі деп атайды. Себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмегендіктен, тымақ жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді «28 ілмек» клубы жолдады