Атырау, 25 қараша 14:43
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сорпалық соғым

6 688 просмотра

23 наурыздан бастап үйрек аталықтарын аулау маусымы ашылады. Облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы Ғайнет ҚУАНҒАЛИДЫҢ айтуынша, қалада 5 мың жарымнан астам аңшылар бар екен. Көктемгі аң аулауға дәстүр бойынша осылардың үштен бірі дайындалады.

Қазіргі уақытта аң аулау қоғамының кеңсесі алдында кішігірім қозғалыс басталған. Он шақты ер адам аңға шығу жолдамаларын алу үшін кезекте тұр. Әр жолдамада үйрек суреті бар 10 акциздік марка желімделген. Аң аулауға бір шыққанда осынша аталық үйрек атуға рұқсат берілген.

- Жолдамада көрсетілген лимиттен артық аталықтарды атуға рұқсат етілмейді. Бұған қорықшылық қызмет мұқият бақылау жасайтын болады. Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Жылыой (Мақатпен бірге) және Қызылқоғадағы 5 аңшылық шаруашылықтарында екі-екіден штаттық қорықшылар мен штаттан тыс қызметкерлер жұмыс жасайды, - дейді бас аңшы Сергей КАТАРОВ. – Сондай-ақ, механикалық көлікпен аң аулап жүргендер де қатаң жазаланады. Аңшылар өз көліктерін аң аулайтын жерден бірнеше жүз метр қашықтыққа тастап кетулері керек. Үйректің ұшып бара жатқан үйірінен аталықтарын ажырату қиын. Сондықтан да суға жасанды үйрек жіберіп, мұқият тасаланып отырып, аңдыған жақсы. Жақын маңда ұшып бара жатқан аталық міндетті түрде осы «аруға» назар аударады, дәл осы уақытта оны жақын қашықтықтан оңай атып алуға болады.

Бай, қалталы аңшылар құстардың жиналатын жерлеріне, яғни, құс базарына кез келген жерде жүре беретін машинамен (көбіне «Арго» маркалы машинаны қолданады) барып, құстарды аяусыз қырып салатындары анықталуда. Қанаттылар осыдан кейін бұл жерге қайта оралмайды. Сөйтіп, ол өзіңе де, өзгеге де тимейді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

 

Асылтек есімді аңшыдан алған үйрек сорпасының (шулюм) рецептісі: Қажетті қоспалары: 2 лавр жапырақшасы, 2 бас пияз, 2-3 сарымсақ түйірлері, 3-4 картоп, ширек тостаған арпа жармасы, аскөк, тұз, қалауы бойынша қара бұрыш. Үйректің жүнін жұлып, ішек-қарынын тазалап, бірнеше бөлікке бөліп, лавр жапырағын қосып, бір сағаттай қайнатамыз. Содан соң картопты, арпа жармасын және ұсақталған жуа мен сарымсақты саламыз. Сорпаны ұсынарда аскөк пен қара бұрыш қосылады. Үйректің іш майын атыраулық аңшылар тұз, бұрыш, пияз бен сарымсақ салып, бөлек дайындайды. Бесбармақтың тұздығындай тұздық пайда болады. Бұл тағамды «рапа» деп атайды. Рапаны тіскебасар немесе тұздық ретінде қолданады. Балғын, жаңа атылған аталық үйректер «Мұнайшы» спорт кешені алдындағы жәрмеңкеде жиі сатылады. Сол жерден сатып алып, үйрек сорпасын (шулюмді) үйден де дайындауға болады.

21 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.