Атырау, 11 қазан 07:03
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Химия өнеркәсібі жанданды

5 814 просмотра

Бұрынғы Атырау химиялық зауытының тігін цехы кезінде «Қазхим» ЖШС иелігіне өткен еді. Оны 2011 жылы қазақстандық иелерінен әзірбайжандық «Пэра Пластик Групп» холдингі сатып алды. 2012 жылы инвесторлар екі цех ашты, бірі – полимер қапшықтар, екіншісі – пішен байлайтын шпагат жіп дайындау цехтары. Бұл өнімдер Қазақстан мен Ресейден өз сатып алушыларын бірден тапты. «Қазхим» қуаттылығы жағынан полимер қапшық дайындау бойынша Қазақстандағы екінші кәсіпорын болды.

Бүгінде «Қазхимнің» екі цехында 50 адам жұмыс жасайды. Кәсіпорын жыл сайын 12 мың су өтпейтін қаптамасы бар қапшық (секер мен ұнға арналған), 8 мың жұмсақ контейнерлер, яғни «биг-бег» (үлкен қапшық) түріндегі дорбалар, мыңдаған орама пішен байлайтын шпагат және 35 мың метр целлофан дорбалар шығаруға арналған полипропилен маталар өндіреді.

«Қазхим» ЖШС директорының орынбасары Талғат АЯНОВТЫҢ (суретте) айтуынша, полимер жіптерді шығаруға арналған полипропилен түйіршіктер Түркіменстаннан әкелінеді. Жіптерден мата тоқып, матадан қапшық тігеді.

Әзірбайжандық бизнес үшін бұл Атыраудағы пилоттық жоба. Өйткені «Пэра Пластик Групп» басшылығы Қарабатандағы қуаттылығы жылына 550 мың тонна пропилен және 500 мың тонна полипропилен өндіретін Интеграцияланған газ-химиялық кешен құрылысының аяқталуын күтіп отыр. «Қазхим» қымбат түркімендік шикізаттан бас тартып, қазақстандық өнімге көшкісі келеді. Интеграцияланған газ-химиялық кешенін қолданысқа енгізу 2015 жылдың басына жоспарланса да, «Қазхим» жоба операторы «Kazakhstan Petrochemical Industries»-пен (KPI) полипропилен алуға шарт жасасып та қойды.

2015 жылы «Қазхим» компаниясы өндіріс қуатын 3 есеге арттыруды, бұрынғы химиялық зауыт аумағында 5000 шаршы метрге жаңа цех салуды жоспарлап отыр. Қызметкерлердің санын бес жүзге дейін арттырмақ. Осылайша, «химия өнеркәсібі майталманының» орнында жақсы болашағы бар өндіріс қайта гүлденбек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

21 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.