Өткен жұмада аймақ басшысы Серік ШӘПКЕНОВ 200-дей бизнес өкілімен кездесті. Бұл биыл облыс әкімінің кәсіпкерлермен екінші мәрте бас қосуы. Еске салсақ, өңір басшысының жергілікті бизнес өкілдерімен көктемде өткен алғашқы кездесуі «галстуксыз» форматта 5 сағатқа созылған еді.
Бұл кездесуге Атырау облысының прокуроры Бауыржан ЖҰМАҚАНОВ, Атырау қаласының әкімі Мейірім ҚАЛАУИ, аудан әкімдері, басқарма басшылары, мемлекеттік орган басшылары, облыстық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысты.
Облыстық қадағалау ведомствосының басшысы өз сөзінде «Конституцияның 26-бабына сәйкес әрбір азамат кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқылы» деп, осы жылдың 2 қыркүйегінен бастап азаматтық-құқықтық даулар болған кезде және тексеру, ревизия немесе аудит актілері бойынша шағым түспесе бизнес субъектілеріне қатысты қылмыстық істерді тіркеуге тыйым салу туралы ҚР Бас прокурорының нұсқауы күшіне енгенін еске салды. Б.Жұмақановтың айтуынша, кәсіпкердің кез келген шағымы оның жеке бақылауында.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол ЖАҢАБЕКОВ өз сөзінде кәсіпкерлермен алғашқы кездесуде облыс әкімінің берген тапсырмаларының орындалу барысын баяндады.
- Ол кезде 50-ден астам тапсырма назарға алынып, 30 мәселе шешімін тауып, қалғанын жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, өңірдегі шөп тапшылығының алдын алу мақсатында жергілікті бюджеттен 717,4 млн теңге қаржы бөлінді. Жергілікті фермерлер осы жылдың қараша айынан бастап субсидия алуға өтінім бере алады, -деді Н.Жаңабеков.
Жиынға халыққа және бизнеске қызмет көрсететін монополист кәсіпорындардың өкілдері де шақырылды. Себебі кей кәсіпкерлер электр энергиясының тарифіне қатысты сұрақ жолдады.
Жылыой ауданынан келген кәсіпкерлер «Жылыой газ» монополист мекемесімен газ жүргізу үшін техникалық шартта өте қымбат баға белгілейтіні жаңадан кәсіп бастайтындарға өте қиын дейді. Сонымен қатар «АтырауЭнергоСату» ЖШС мекемесінің кәсіпкерлерге тариф құнын 31,45 теңгеге өсіргеніне наразы. Бұл мәселе аудандардағы кәсіпкерлермен бірге үй маңындағы азық-түлік дүкен иелерін де толғандырып отыр.
– Ақтауда тариф – 28 теңге, Оралда – 24, Алматыда – 25. Ең қымбат электр энергиясы бізде. Бұрын жарыққа айына 100 мың төлейтін едік, қазір 170 мың болды. Бұл екі есеге дейін жоғары, – дейді наразы болған азық-түлік дүкенінің иесі Ләззат УСМАГАМБЕТОВА.
Жекеменшік балабақша өкілдері балаларды жан басына қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасы аясында олардың шығындарын өтеу мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, қаражат кеш түседі, әрі кеткенде көктемнің аяғына дейін мектепке дейінгі жеке ұйымдарға барлық шығынды өздері көтеруге тура келеді. Сондай-ақ, мұғалімдердің жалақысын әлсін-әлі көтереді, жеке балабақшалар да осылай жасауға мәжбүр, коммуналдық қызметтердің тарифтері, үй-жайларды жалдау ақысы көтеріліп жатыр, осыған байланысты мемлекет тарапынан өтемақы көлемін де қайта қарау қажет.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер аукцион арқылы жер телімдерін және жалға берілетін жылжымайтын мүлік нысандарын алу, «Бастау» жобасының түлектері үшін грант тапшылығына қатысты мәселені көтерді, балалар лагерін салу қажеттігі, Кәсіпкерлер палатасының алаңында кәсіпкерлерге мемлекеттік органдардың қатысуымен түсіндіру семинарларын өткізу туралы ұсыныстарын айтты.
Жиынды түйіндей сөйлеген облыс әкімі Серік Шәпкенов кәсіпкерлікті дамытуда жан-жақты қолдау болатынын жеткізді. Дегенмен, бизнес өкілдеріне мемлекеттен қолдау көрсету жұмыстары ашық әрі жариялы болу керектігін баса айтты.
- Мен сіздермен сәуір айында алғаш рет кездескенде ашық сөйлесу керектігін және оған дайын екенімді жеткіздім. Уәде еткендей екінші рет бас қосып отырмыз. Біз алдағы уақытта да қарым-қатынасты күшейтіп, бір-бірімізді сыйлай отырып, пікір білдіре алуымыз керек. Міне, осы жерде мәселелерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірге іздеп отырмыз. Дәл осылай кез-келген мемлекеттік мекемедегі мамандардан бастап бірінші басшыларға дейін тұрғындармен ашық сөйлесіп, мәселені шешудің жолдарын тыңғылықты түсіндіріп беруін сұраймын. Бұл ретте кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау ашық әрі жариялы болуы қажет, – деп қорытты Серік Шәпкенов.
Биыл Атырау облысы бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің саны 64,5 мыңға жетті. Бұл салада жұмыс істейтіндер саны – 49 мыңдай адам.
Айнұр САПАРОВА