Атырауда наркологияға келетін өзінің «тұрақты» науқастары бар. Олардан бөлек ішімдік ішіп алып, көлік жүргізетіндер де жетіп жатыр. Наркологиядағы бір күн – «АЖ» материалында.
Халық арасында «Балықшыдағы наркология» атанып кеткен мекеменің дұрыс атауы – Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы. Бұл орталықтың күндізгі стационары, арнайы сауықтыру палаталары және медициналық тексерістен өткізу бөлімі бар. Бір ескеретін жайт – ғимаратта қауіпсіздік қатты сақталған. Яғни, басқа бөлімнің қызметкері келесі бөлімге кіре алмайды, ал ғимаратқа толықтай бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Орталық директоры Елдос ҚДЫРСИХОВТЫҢ айтуынша, медициналық тексерістен күніне 60-тан астам адам өтеді. Олардың басым бөлігі – жүргізушілер.
- Бір жүргізушіні медициналық тексерістен өткізу үшін 5-10 минут кетеді. Бірақ кейде ішіп алып, іште шу шығарып, қарсыласатын жүргізушілер де болады. Оларды тыныштандырып, тәртіпке шақырып, тексеріс өткізу үшін 3-4 сағат кетіп қалуы мүмкін. Бәрі адамға байланысты, - дейді Елдос Қдырсихов.
- Ғимарат ішінде бейнебақылау тым көп екен. Не себепті?
- Бейнебақылау жүйесімен толық қамтамасыз етіліп отырмыз. Аулаға кіргеннен бастап кері шыққанға дейін бейнебақылау камерасының бақылауында болады. Сондай-ақ полиция қызметкерлері де ғимарат ішінде медициналық тексеріс кезінде бейнежетондарын қосып қояды. Яғни, қандай да бір заңбұзушылыққа жол берілмейді.
Кезекшілікке түскен психиатр-нарколог Дамир Қожантаевтың айтуынша, еліміздің барлық психикалық денсаулық орталықтарында ортақ жүйе бар.
- Науқас орталыққа келгеннен бастап осы жүйеге тіркеледі. Ешқандай өзгерту енгізілмейді. Тіпті бұрынғы тарихы да шығып тұрады. Барлығын жазып, тексеріп отырамыз, - дейді Д.Қожантаев.
Дәрігер бөлмесіндегі қол жуатын орынға көзім түсті. Оны алып тастаған екен. Дәрігердің айтуынша, мас адам оларға шабуыл жасап, мекеменің мүлкін сындырады екен. Сол себепті тек қажетті заттарды қойып, артық нәрсені алып тастаған.
Дәрігермен әңгімемізді патрульдік полиция қызметкері бұзды. Сақалды, жас жігітті медициналық тексеріске әкелді. Жас жігіт көлік жүргізген кезде күдікті болып көрініп, полицияның сұрақтарына жауап бере алмаған.
Дәрігер оның дене қызуын, температурасын өлшеп, қолымен мұрын ұшына тигізуін сұрады. Ол алкотестке үрді, бірақ экспресс тестті зәріне салып еді, оның трамадол қолданғаны анықталды. Айтпақшы, наркологиялық экспресс тест жеті түрлі есірткіні анықтап бере алады. Жігітті әрі қарай қалалық полиция басқармасына алып кетті. Енді ол жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынады.
Сауықтыру палатасында жатқан әйелді байқадым. Өз үйіндегідей, бейқам ұйықтап жатыр. Оны қоғамдық орында мас күйінде жүргенде полиция қызметкерлері ұстаған. Оны айықтыру үшін осында алып келген. Кейін учаскелік инспектор келіп, әйелді алып кетті.
- Тұр. Беті-қолынды жу, үйге барасың. Ұйқың қанған болар, - деп еркелетті дәрігерлер.
Оны алып бара жатқанда, ішке жұпыны киінген, үстінен жағымсыз иіс шығып тұрған ер адамды әкелді. Ол аузына келгенді айтып, тіпті бір кезде көз жасына ерік берді. Үстінде жарақаты болғаннан кейін, оны облыстық аурухананың травматология бөлімшесіне алып кетті.
- Жарақаты көзге көрінбейді, бірақ қабырғасы ауырып тұрғанын айтты. Ауруханадан тексерістен өткеннен кейін, қайта алып келеді. Ол – мас. Үйінде шу шығарғасын, отбасы полиция шақырған, - дейді Д.Қожантаев.
...Соңғы науқасымыз жас жүргізуші болды. Ол жол апатын жасап, заңға сәйкес, медициналық куәландырудан өту үшін наркологияға жеткізілген. Сараптама оның мас емес екенін көрсетті.
- Барлық науқас бейнебақылау камерасына түседі. Сол себепті «ақша беріп» құтылуға болады деген халық арасындағы қаңқу сөздерге мән берудің қажеті жоқ, - дейді Елдос Қдырсихов..
Фархат АБИЛОВ
Суреттерді түсірген автор