Муаз Хатыб пен өзге оппозиция серкелерінің арасында уақытша үкіметті жасақтауға байланысты түсінбестік болған көрінеді. Муаз Хатыбтың айтуынша, уақытша үкіметті жасақтаудың арты оппозицияның жік-жікке бөлінуіне апарып соқтыруы ықтимал.
Сириядағы жағдайды қалт жібермей қадағалап отырған АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри уақытша үкімет жасақтау үшін режім мен оппозиция келіссөзді бастауы тиіс деп отыр. Бұрын АҚШ Башар Асадқа ымырасыз саясат ұстанып, биліктен кетуін қатаң талап еткен болатын.
muslim.kz сайтының жазуынша, Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон Сирияға қару-жарақ экспорттауға салынған тыйымды ұзартуға қатысты дауыс берген кезде өзінің вето қою құқығын пайдаланатынын мәлімдеді. Германияға келсек, Ұлыбританияның бұл ұстанымына түбегейлі қарсы. Германия өз кезегінде тыйымның күші жойылатын болса, аймақтағы жағдай ушығып кетеді деп санайды.
Катарлық al-Jazeera телеарнасы хабарлағандай, «әл-Каида» террористік ұйымы Ирактың Анбар провинциясынан Сирияға бет алған 48 сириялық сарбаздың өлімін өз мойындарына алды. Ал «Ватанның» хабарлауынша, Иран сириялық режімге көрсетіп жатқан көмегін арттырған көрінеді.
Аl-Hayat басылымы сириялық оппозицияның дерегіне сүйеніп, Башар Асадтың режімін жақтайтын ирактық жауынгерлердің Ливан арқылы Сирия аумағына өтіп жатқанын хабарлады. Сирия оппозиционерлерінің сөзіне қарағанда, мұның артында Иран тұр. Нақтырақ айтсақ, осы аптада 500-ден аса Ирак сарбазы Басра, Эн-Наджаф және Бағдат арқылы Бейрут әуежайына келіп, «Хизбулла» содырларымен бірге Сирияға бағыт түзеген.
Башар Асад режімі Ливандағы қарулы «қарақшылар» тобы «Сирия аумағына өтетін болса», жермен-жексен ететіндерін мәлімдеді. Бұл жайында сириялық SANA ақпарат порталы хабар таратты.
Дереккөз: inform.kz