Парсы шығанағында жүрген "Джамаран" эсминеці. (Көрнекі сурет). azattyq.org сайтынан алынды.Иран Каспий теңізіне өзінде жасалған "Джамаран-2" деп аталатын зымыранмен қаруланған эсминецін жіберді. Эсминецті теңізге жіберу салтанаты Тегераннан 250 шақырым жердегі Анзали портында өтті. Салтанатты шараға Иран президенті Махмұд Ахмединежад та қатысты. Ахмединежадтың айтуынша, эсминец "аймақта бейбітшілік пен достықты қолдау үшін, көрші елдердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіргісі келетіндерге қарсы" жіберіліп отыр.
Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, "Джамаран-2" - Каспий теңізіне жіберілген ирандық алғашқы ауыр әскери техника.
Эсминецтің салмағы - 1 мың 400 тонна, ұзындығы - 94 метр. Бортында тікұшақ алаңы бар. Кеме "жер-жер", "жер-әуе" зымырандарымен, әуе шабуылынан қорғаныс құрылғыларымен, соңғы үлгідегі радар жүйесімен және байланыс терминалымен жабдықталған.
Дереккөз: azattyq.org