Атырау, 23 қараша 12:40
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Депутаттар автокөлікті басқаруға сенімхатты жол полициясы органдарында тіркеуді алып тастауды сұрады

1 659 просмотра

АСТАНА, 18 нау – Қазақстан жаңалықтары АА. Мәжіліс депутаттары (төменгі палата) ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа автокөлікті басқаруға сенімхатты жол полициясы органдарында тіркеуді алып тастау туралы  ашық хат жолдады, деп хабарлады мәжілістің баспасөз қызметі.

«Мәжіліс депутаттары автокөлікті басқаруға сенімхатты жол полициясы органдарында тіркеуді алып тастау туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатын.Осы проблема бойынша біз 2012 жылғы 19 қарашада Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Сізге де өтініш жасағанбыз. «Жол жүрісі туралы» заң жобасының таяуда өткен тұсаукесерінде де бұл жөнінде әңгіме болды. Алайда, Сіз және Сіздің орынбасарыңыз Ерлік Кененбаев мұндай шектеуді алып тастау мүмкін емес, өйткені ол еліміздегі автокөлік иелерінің толық электрондық базасын жасауға кедергі келтіреді деп дәлел айттыңыздар», - делінген хаттың мәтінінде.

Депутаттардың пікірінше, бұл норманың сыбайлас жемқорлық сипаты бар және ол әлемнің көптеген елдерінде алып тасталған. Ресейде, Украинада, АҚШ-та және ЕуроОдақтың барлық елдерінде жүргізушінің көлікті басқаруы үшін бар болғаны үш құжат – техникалық паспорт, сақтандыру полисі және жүргізуші куәлігі ғана қажет.

«Біздің елімізде төрт миллионға жуық көлік құралы тіркелген. Әдетте, олардың иелері жылына кемінде бір рет өз туыстары мен жақындарына көлікті басқаруға сенімхат жаздырып береді. Сенімхатқа тіркеу туралы белгі қойдыру үшін жарты күн бойы жол полициясы органдарында кезекте тұрып, жаны себіледі. Егер осындай кезектердің жанында айналсоқтап жүретін «делдалдарға» пара берсе, кезекке тұрмай-ақ шаруасын бітіріп кете алады», - деп атап көрсетілген хатта.

Мәжілістің «Нұр Отан» ХДП фракциясына мүше бір топ депутаты автокөлік иелері жағдайының одан әрі нашарлауын күтіп жатпастан, «Жол жүрісі туралы» заң жобасына осы сыбайлас жемқорлық норманың күшін жою туралы тиісті түзету енгізді.

«Осы айтылғандарды ескере отырып, Сізден, құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы, өтінетініміз – әзірлеуші ретінде Ішкі істер министрлігі депутаттардың осы бастамасын қолдаса екен. Осы арқылы Сіз елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күреске өз үлесіңізді қосып, ең бастысы, көлік құралын басқаратын миллиондаған қазақстандықтардың өмірін жеңілдетер едіңіз», - доп қортыланған хатта.

Дереккөз: newskaz.kz

18 наурыз 2013, 12:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.