Индербор кентіндегі аудандық әкімшілік ғимаратының күрделі жөндеуге тұрғанына бір жылдан асты. Ал әкімшілік қызметкерлері шығармашылық мектептің бір жақ бөлігін уақытша пайдалануда.
Бюджеттен күрделі жөндеуге 165 млн теңге қаралып, былтыр тамызда ғимаратты жөндеу жұмысы басталып кетеді. Мердігер - Шымкент қаласындағы «Корпорация АқОрдасы» ЖШС келісімшартта көрсетілгендей, нысанды осы жылдың 1 қарашасында пайдалануға беруге тиіс болатын.
Алайда ғимараттың айналасы жым-жырт тыныштық құшағында, есігі тарс жабық. Сөйтсек, жөндеу жұмысы мамырдан бері тоқтап тұр екен.
«Корпорация АқОрдасы» ЖШС директоры Бекжан КАЛИБЕКОВ «АЖ» сұрағына: «Тапсырысшы айтар, болмаса хат жазыңыз, мекемеде заңгер бар», деп қысқа ғана жауаппен шектелді.
- Құрылыс жұмысының тоқтап тұрғанына төрт ай болды. Жұмыстың 65 пайызы ғана атқарылған. Жұмыстың тоқтап тұруына құрылыс материалдарының сметалық жобада көрсетілгеннен екі-үш есеге қымбатсуы себеп болды. Яғни, бөлінген қаржы жеткіліксіз болып қалды, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек ҒАБДУЛЛИН. - Жуырда ГАСК мекемесінің мамандары қайтадан тексеріс жүргізіп кетті. Енді қанша құрылыс материалы қажет, жалпы қанша қаржы керек екені нақтыланып, сметаға өзгеріс жасалатын болады.
- Сметалық өзгеріс мерзімі көп уақыт алады ма?
- Анық білмей тұрмын, бәрі күрделі жөндеу мерзімінде бітпей қалуы мүмкін.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор