Атырау, 5 қазан 14:07
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Прокуратура: Жалақыда айырмашылық көп

7 787 просмотра

Қазақстандық және шетелдік мамандардың еңбекақыларындағы сәйкессіздікке қатысты шетелдік компанияларға жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижелері белгілі болды. Тексеруді ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен прокуратураның, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің, Атырау облыстық жұмыспен қамту басқармасының қызметкерлері жүргізген болатын.

Облыс прокурорының көмекшісі Ақтан ҚУАНОВТЫҢ хабарлауынша, шетелдік жұмыс күшін тартқан 18компанияға тексеру жүргізілген. Бұлардың барлығында еңбекақы төлеуде әлденеше есе айырмашылық болыпты.

«Ренко-Кат» ЖШС филиалының қазақстандық инженері Н. З.-ның еңбекақысы 2012 жылдың 12 айы ішінде (жұмыс істеген 1 876 сағатта)- 2,4 млн теңгені құраған. Ал шетелдік инженер С. Д.-ның осы кезеңдегі жалақысы 1 711 сағат жұмыс уақытында 6 млн теңгені құрапты.

«Сичим С.п.А.» ЖШС-нің қауіпсіздік техникасы жөніндегі қазақстандық инженер Н. О.-ның айлық жалақысы 198 000 теңгені, ал шетелдік маман А. Ф.-ның жалақысы – 538 400 теңгені құрайды. Яғни айырмашылық 2,7 есе көп.

«Экспертиз с.р.л.» филиалында сапа жөніндегі инженер ретінде тартылған шетелдік маман Д. Д.-ге еңбек келісімшартында 28/28 вахталық жұмыс әдісі мен 12 сағаттық жұмыс күні бойынша күніне 665 евро мөлшерінде жалақы белгіленген.

- Бір вахта ішінде бұл шетелдік 18,6 мың еуро алады, бұл теңгемен есептегенде 3,7 млн теңгеден асады. Ал сапа жөніндегі қазақстандық инженерге жұмыс беруші осындай вахта үшін 341 мың теңгеден сәл астам, яғни, шетелдік маманмен салыстырғанда 11 есе аз төлейді, - дейді прокурор көмекшісі.

«Консолидейтед Констрактинг Инжиниринг & Прокьюрмент С.А.Л.- Офшор» компаниясының АФ-да жыл ішінде қазақстандық А. Қ.-ға 2,5 млн теңге, шетелдік Д. С.-ға 8 млн теңге шамасында жалақы төленгендігі белгілі болды.

«Тоцци Қазақстан» ЖШС-де сапа жөніндегі инженер С. Г.-ге 28/28 күндік бір вахта ішінде 4 500 еуро (900 000 теңге шамасында), ал қазақстандық инженер Б. С.-ға 225 000 мың теңге, яғни 4 есе аз жалақы төленген. Осындай заң бұзушылықтар «Қазмұнайсервисис энд Контрактинг» ЖШС АФ мен «Фиркрофт Инжиниринг Сервисиз Лимитед» филиалын тексеру барысында да анықталды.

Соңғы компанияда Э.Д.-мен жасалған еңбек келісімшартында 28/28 күндік вахтаға күніне 665 фунт стерлинг мөлшерінде жалақы белгіленген. Тиісінше, бір вахтада ол 18,6 мың фунт стерлингтен астам немесе 4,4 млн теңгеден астам (1 фунт стерлинг – 240 теңге бағамымен) жалақы алып отырған.

Осы лауазымдағы және осы әдіспен жұмыс істейтін отандық маман А. Ж.-ға 382 мың теңгеден астам немесе 11 есе аз төленген.

- Осы тапсырманы орындау барысында облыс прокуратурасы прокурорлық әрекет ету актілерін дайындауда, - деп хабарлады Қуанов.

- Неліктен «ТШО» ЖШС-не тексеру жүргізілмеді және Аджип ККО-ны тексеру нәтижелері туралы қашан хабарлайсыздар?

- ТШО бойынша жеке тапсырма болуы тиіс, ал Аджип бойынша кейінірек хабарлайтын боламыз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

17 наурыз 2013, 21:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.