Forbes журналының ресейлік редакциясы Алматы маңындағы танымал Шымбұлақ тау-шаңғы курортын визасыз барып көктемде демалуға болатын 10 тау-шаңғы курорттарының тізіміне қосты, деп хабарлады BNews.kz тілшісі.
Тізім қыста тауларда шаңғы теуіп үлгермегендер үшін жасалған. Forbes визасыз көктем бойы баруға болатын 10 курортты таңдады. Олардың қатарында Цахкадзор (Армения), Копаоник (Сербия), Кировск (Ресей), Силичи (Белорусь), Шымбұлақ (Қазақстан), Қаракөл (Қырғызстан), Колашин (Черногория), Домбай (Ресей), Паландокен (Түркия), Буковель (Украина) бар.
Журналда Шымбұлақтың шаңғы тебу маусымы сәуір айына дейін жалғасады делінген.
Шымбұлақ курорты түрлі маршруттарымен ерекшеленеді. Онда шаңғы тебуді енді үйреніп келе жатқандарға арналған кішігірім таулар, инструкторлары бар балалар паркі, тәжірибелі шаңғы тебушілерге арналған ұзын трассалар, саяхатшыларға арналған қызықты маршруттар бар. Шымбұлақта сноубордпен айналысатындарға да жағдай жасалған.
Ең ұзын трассаның ұзындығы - 3,6 шақырымды құрайды. Түнгі уақытта да шаңғы тебу қарастырылған. Шаңғы тебушілер таудың басына арнайы арқан-кресло жолдары және үлкендер мен балаларға арналған түрлі көтергіш крандармен көтеріле алады.
Дереккөз: bnews.kz