Салық органдары қызметкерлеріне тиесілі жалақының аздығы – оларды пара алуға «мәжбүрлейтін» фактірлердің бірі. Бұл ойын бүгін Қаржы полициясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысынан соң журналистерге сұхбат берген Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Қазір салық органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай шаралар жүргізіліп жатқанын, онымен күресудің тиімді жолдарын әңгімелей келген комитет төрағасы қол астындағы қызметкерлердің пара алуына түрткі болатын түйіткілді атап өтті.
«Салық органдары жүйесінде жұмыстан кетіп қалу, басқа органдардың жұмысына ауысып кету фактілері өте көп кездеседі. Мен өзім басшы ретінде күніне сондай құжаттардың қаншасына қол қоямын. Айналып келгенде, оған себеп – жалақының аздығы. Естеріңізде болса, 1991 жылға дейін салық органдарындағы жалақы басқа органдармен салыстырғанда жоғары болған. Екіншіден, өзінің қоры болған. Яғни кімнің қалай жұмыс істейтіні бақыланып, жақсы қызметкерлерге сол қордан жалақы көтерілетін. Қазір ондай мүмкіндіктер жоқ. Барлық мемлекеттік органдар бір шкаламен айлық алады. Басқа органдарға топырақ шашудан аулақпын, дегенмен, салыстырмалы түрде бізден жұмысы аз органдар бізбен бірдей жалақы алады. Ал салық органдарының ғимаратының жанынан өтіп бара жатсаңыз, түнгі 22.00-де де жарық жанып тұрады. Бұл жұмысқа аз жалақы үшін кім шыдайды!?», - деді Әнуар Серікұлы.
Оның айтуынша, енді жұмысын бастаған қызметкер 40-50 мың теңге көлемінде айлық алады.
«Оған қалай күн көруге болады» деп жалғастырды өз сөзін ол. «Мен салық органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру керек деп санаймын. Әрине, сыбайлас жемқорлыққа қолы барғандарды жазалау бар да, оларды бұл қадамға итермелеудің жолдары бар. Тек біз ғана емес, төмен жалақы алатын құзіретті органдардағы қызметкерлер де пара алуға барады. Себебі, күн көру керек», - дейді Комитет төрағасы.
Айта кетейік, бүгін Астанада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.