Атырау, 30 қараша 06:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Спорт жаңалықтары

3 688 просмотра

Алғашқы матч сәтсіз өтті

9 наурызда Таразда футболдан ел біріншілігінің алғашқы матчында «Атырау» ФК жергілікті «Тараз» командасынан 1:4 есебімен ойсырай ұтылды.

Біздің команданың құрамында Сергей Бойченко, Валентин Чуреев (капитан), Сергей Куцов, Джодже Туторич, Максим Самченко, Денис Родионов, Артём Фомин, Тарас Данилюк, Никола Миланкович, Евгений Овшинов және Айбар Нұрыбеков шықты.

Есеп алаңда болған оқиғаларға сәйкес емес. Ойын тең деңгейде өтті. Алаң иелері 13 минутта бірінші болып есеп ашты (Мирослав Лечич), алайда ойынның бірінші кезеңінің соңында «Атырау» пенальтиден есепті теңестірді (Валентин Чуреев).

Ойынның 50-минутында айып соққысын орындаған Мануэль Курто «Таразды» алға шығарды. Қонақтар есепті теңестіруге ұмтылып, шабуылды үдетті. Алайда 72-минутта алаң иелері қарсы шабуыл ұйымдастырып, есепті еселеді (Бауыржан Шархан). Ал соңғы секундта Мануэль Курто төртінші допты соғып, ақтық нәтижені белгіледі.

***

Батырды еске алу

Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде 2000-2002 ж.т. ер балалар арасында Самбет батырдың жүлдесі үшін І облыстық ашық турнир өтті.

Жарыстарға Атырау облысы мен Жаңаөзен қаласының 300 жас дзюдошысы қатысты. Турнир жеңімпаздары мыналар: 26 келіге дейінгі салмақта – Ж.Мақу (Аққыстау), 30 келіге дейінгі салмақта – Ө.Әбілхаиров (Доссор), 34 келіге дейінгі салмақта – Д.Аманқосов (Мақат), 38 келіге дейінгі салмақта – Е.Амангелді (1-ОРБЖСМ), 42 келіге дейінгі салмақта – Ж.Тельманов (Миялы), 46 келіге дейінгі салмақта – Д.Жаменов (Доссор), 50 келіге дейінгі салмақта – Н.Аханов (Жаңаөзен), 55 келіге дейінгі салмақта – С.Шынтас (1- ОРБЖСМ), 60 келіге дейінгі салмақта – А.Сапарғалиев (Мақат) және 60 келіден жоғары салмақта – Ж.Ермағамбетов (Миялы).

***

Ал, қане, қыздар!

АМУ-де осылай деп аталған оқытушы қыз-келіншектер арасында спорттық дода өтті.

«Кім епті?», «Дартс», «Доп жинау», «Ұзындыққа секіру», «Капитандар сайысы» турларында  арулар ептілік, шапшаңдық, алғырлық, қырағылық сияқты қасиеттерін аңғартып, түрлі трюктермен көзге түсті. 

1-ші орынға «Ректорат» командасы мен экономика және құқық факультеті ие болды, 2-ші орынға физика-математика факультеті, 3-ші орынға қашықтықтан оқыту факультеті, 4-ші орынға жаратылыстану факультеті, 5-ші орынға педагогика және өнер факультеті, 6-шы орынға әлем тілдері факультеті ие болды.

Аружан ОСПАНҒАЛИЕВА, АМУ-дің құжатпен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, «Ректорат» командасының мүшесі:

- Спортпен жиі айналыспаймын, бірақ жаттығу залына барып тұрам. Осындай спорттық жарыстар жиі болса деймін.

Гүлнәр МӘМБЕТОВА, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының басшысы:

- Қыздар әрқашан спортпен бірге болуы керек. Бұл өздері үшін маңызды.  Оларға қарап шәкірт –студенттер де бой түзейді ғой.

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА

***

Болашағы зор WKF

Ақтөбеде WKF карате-додан әлем чемпионы Әшім ҚАЛИДЫҢ жүлдесіне 12-халықаралық турнир өтті. Оған Қазақстанның барлық өңірлерінің өкілдерінен, сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь және Украина құрама командаларынан – барлығы 500-ден аса спортшылар қатысты.

Жаттықтырушы Айбат РАХМАННЫҢ айтуынша, турнир аясында халықаралық нұсқаушы, 8 данның иегері Олива Антонио СЕБА (Испания) өткізген оқу-жаттығу семинары өткізілді. «WKF каратеге көп көңіл бөлініп жүр, өйткені күрес олимпиадалық ойындар бағдарламасынан алып тасталғаннан кейін, Олимпиадаға қосуға үміткер спорт түрлері ішінен рейтингте бірінші тұрған осы - WKF карате, - дейді А. Рахман. – Облысымызда жекпе-жектің бұл түрімен 2-БЖСМ, «Қайсар» спорт клубында және Доссордағы «Алан» спорт клубында жаттығуға болады».

Ақтөбедегі турнирде Марат Жаңбыр, Асылхан Айсағалиев, Рауан Есқалиевтар күміс медаль алса, Нұрсұлтан Меллятов пен Нұрсұлтан Жүсіпәлі қолаға ие болды. Спортшыларды бапкерлер Сансызбай Торғаев, Ольга Айтжанова, Болат Ізбасқанов, Алексей Любин, Мейрам Галлиев, Жеңіс Шалағұлов және Айбат Рахман дайындады.

Анастасия ПАСТУХОВА

***

Қостанайдан келген жүлделер

Қостанайда 1995-96 ж.т. ер балалар арасында кикбоксингтен Қазақстан чемпионаты өтті.

Облыс намысын 2-БЖСМ шәкірттері қорғады. Аса ауыр салмақта (+91 келі салмақта) Мереке БАҚЫТОВ чемпион атанды. Облыс құрамасының қоржынына 51 келіге дейінгі салмақта (лоу-кик) – Жандос Назарбеков, 51 келіге дейінгі салмақта (фулл-контакт) – Бахтияр Өтемісов және 63,5 келіге дейінгі салмақта – Тілекқабыл Сатқанбеков қола медаль салды. Спортшыларды жарысқа бапкерлер Е.Сахипов, М.Сарбалин, Р.Қисметов, К.Қосақов, А.Жүсіпов және Д.Жүсіпов дайындады.

***

Чемпиондар Джакартаға барады

Өскемен қаласында өткен 14-17 жасар жасөспірімдерарасында таэквондодан Қазақстан чемпионатында Атырауоблысының құрамасы командалық 3-орынды алды.

Жарысқа еліміздің барлық облыстарынан 400-ге тарта ер балалар мен қыздар қатысты. Облысымыз намысын 1-БЖСМ, 1-ОРБЖСМ, Жылыой және Құрманғазы аудандарының жас спортшылары қорғады. Амантұр Табылдиев (63 келіге дейінгі салмақта), Айгүл Елеубай (68 келіге дейінгі салмақта) және Жұлдыз Бүркітова (68 келіден жоғары салмақта) чемпион атанды. Бұлар маусым айында Индонезияның астанасы Джакартада өтетін Азия чемпионатына барады. Жалғас Қаныбаев (51 келіге дейінгі салмақта) және Айза Өтегенова (68 келіден жоғары салмақта) күміс алса, Альбина Ғасырбекқызы (55 келіге дейінгі салмақта) мен Мөлдір Нұрбергенова (59 келіге дейінгі салмақта) қолаға ие болды.

Спортшыларды бапкерлер Б.Төребаев, Б.Есдәулетов, С.Сардарова, А.Халамхалиева және Н.Шайхиев дайындады.

***

Алыптар айқасы

10 наурызда «Жайық» спорт кешенінде Самбет батырды еске алуға арналған дзюдодан турнир аяқталғаннан кейін, абсолюттік салмақ санатында қазақ күресінен «Түйе палуан» жарысы болды.

Турнирді ұйымдастырушылар жеңімпазға 100 мың теңге жүлде бар екенін жариялады. Қатысушыларды тіркеу үстелінде үлкен кезек пайда болды. Бұл жерден біздер аса ауыр салмақтағы танымал жандардың бірі, өткен жылғы «Қазақстан барысы» қазақша күрестен республикалық турнирге қатысқан Кенжебек Күзембаевты, дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Наурызбек Майлашевтың бауырлары, әйгілі күрес шеберлері Роман мен Ерманды көрдік.

Жарысқа барлығы 16 палуан қатысты. Жартылай финалда К. Күзембаев Дастан Бақтыбайды жеңсе, Қайрат Өтеген Сұңғат Закарьяновты ұтты. Шешуші айқастың 3-минутында 110 келі тартатын Қайрат 130 келі салмақтағы Кенжебекті алып ұрып, жеңіске жетті. Жүлде Қайратқа бұйырды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

14 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.