Атырау, 11 желтоқсан 02:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Сағындық Мекеев: «Егер бәрін алғанда, тәулік бойы төбелесетін едік»

5 137 просмотра

Өткен демалыс күндері «Атырау» ДСК-нде панкратионнан, греплингтен, ММА (аралас айқас) және бразилиялық джиу-джитсудан Қазақстан чемпионаты өтті. Облыс намысын қорғауға дзюдо, самбо, қазақша күрес, джиу-джитсу федерациялары мен «Айдар» спорт клубының шәкірттері шықты. Нәтижесінде біздің команданың қоржынына 6 алтын, 4 күміс және 10 қола медаль түсті. Атырауда аралас айқастарға қызығушылық қандай? Қазақстанның панкратион, греплинг және ММА федерациясының президенті Сағындық МЕКЕЕВПЕН (суретте) болған сұхбатымды осы сауалмен бастадым.

ҰРПАҚТАР АУЫСУЫ

- Жекпе-жектің әр мектебінен Атырау атынан шығуға тілек білдіргендер көп болды. Егер оларды жібергенде, түнімен төбелесетін едік. Әр қаладан бір салмақта өнер көрсетуге тек екі өкілге ғана рұқсат берілді. Біздің жігіттер өздерін жақсы көрсетті.

Басқа жекпе-жек түрлерінен жігіттерді тартуға, негізінен, қазіргі кезде «Айдар» спорт клубында ұрпақ ауысу жүріп жатқандықтан мәжбүр болдық. Бауыржан Берғалидің қатарлары спорттан кетіп жатыр. Егер естеріңізде болса, Бауыржан Мәскеуде өткен әскери самбодан әлем чемпионатында күміс жүлдегер, Иркутскте болған панкратионнан Еуразия чемпионы болды. Сол жарыста ол ресейлік әлем чемпионы Андрей Ледневты жеңіп, айды аспанға шығарған. Спорттық мансабының нағыз қызған шағында тізе буынына зақым келіп, содан кейін ол бапкерлік жұмысқа ауысуға мәжбүр болды.

ММА және панкратионнан Қазақстан чемпионы, көптеген турнирлердің жеңімпазы Қанат Әбдірахмановтың жекпе-жек алаңына шығатын биыл соңғы жылы. Ол осы Қазақстан чемпионатына жарақатының кесірінен қатыса алмады.

Аралас айқас жұлдыздарының орнына жас жаңа ұрпақ келіп жатыр. Бұлар: Самат Жағыпаров, Исатай Теміров, Азамат Өтеулиев, Асыланбек Тәженов және т.б. Көк байрақ енді солардың қолында.

- Чемпионатқа ММА және панкратион бойынша әлем чемпионы Жұмагелді ЖЕТПІСБАЕВ неге қатыспады?

- Ол қаңтарда мұрнын жарақаттап алған болатын. Сондықтан да мен оған қалпына келу үшін уақыт беруді жөн көрдім. Өткен жылы ол көп еңбек етті. Жыл басында Одессада ММА кәсіпқойлары арасындағы турнирде ақтық айқасқа дейін жетті. Күзде біз Польшаның Краков қаласына бардық. Онда ол алғашқыда панкратионнан әлем чемпионы болып, содан кейін ММА бойынша әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Мұндай нәтиже Қазақстанда бірінші болып отыр. Бұл Қазақстан чемпионаты үстіміздегі жылдың 12-15 маусымында Канадада өтетін әлем чемпионатына іріктеу ретінде болды. Жұманың жарысқа қатыспағанына қарамастан, біз оны Канадаға алып барамыз. Бәрібір 71 келіге дейінгі салмақта оған тең келетін адам жоқ.

- Тағы кімдер әлем чемпионатына жолдама алды? 

- Атыраулықтардың ішінен Нұрбек Қарабалаев пен Тыныс Бисалиев ММА бойынша, Эльдар Майлашев пен Рүстембек Жереншиев панкратион бойынша, Қайрат Өтеген греплингтен, Рауан Шакиев бразилиялық джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы атанды. Кимоносыз греплингте қазақша күрестен әлем чемпионатының жүлдегері Нұрболат Ыстыбаев жақсы өнер көрсетіп, «күміске» ие болды. Барлық чемпиондарға Қазақстанның спорт шебері атағы беріледі.

 

ЖҰМАҒА БӘСЕКЕЛЕС ЕШКІМ ЖОҚ

- «Айдар» спорт клубында қазір қанша адам жаттығады?

- Мен жаттығу жүргізетін Привокзальныйдағы №24 мектептегі топта 10 адам бар, оның төртеуі - ересектер. Одан көп балалар жинауға 5 те 12 метр зал көлемі мүмкіндік бермейді. Сол жерде балаларды Жұмагелді Жетпісбаев, панкратионнан әлем чемпионатының қола жүлдегері Ерлан Сағидолла жаттықтырады. Жақында біздің №16 мектептегі панкратион тобының залын тартып алды. Мектеп басшылығы кетуімізді сұрады. Балалар №24 мектепке келді, мұнда бұрыннан да тар болатын. Маған бұл жерде облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанмен сөйлесудің сәті түсті. Ол №16 мектептің спорт залын қайта алып беруге сөз берді. Бізде басқа зал жоқ, ал панкратионмен айналысқысы келетін балалар көп.

- Сіздің спортшылар кәсіби ережесіз жекпе-жектерге шыға ма?

- Жұмагелді «тор ішінде» бірнеше рет төбелесті. Асыланбек Тәженов өткен жылғы желтоқсанда Қырғыз елінде өткен вале-тудодан халықаралық турнирде финалға шықты. Бұлар кәсіби жекпе-жектер, алайда мұнда ақшаны аз төлейді. Менің арманым - Бауыржан Берғалиды АҚШ-тың үлкен аренасына шығару еді, бұйырмады... Ендігі үмітім Жұмагелдіде. Қазір ол 25-те. 26-27 жас – «торда» айқасатын спортшының дер шағы.

Осы бір мұрыннан алған жарақаты болмағанда Жұмагелді Нью-Йоркте болған «ММА-Экспо» турниріне қатысар еді. Өткен жылы Жұмамен бірге әлем чемпионы болған алматылық Ольга Ахметова осы турнирге қатысып, жеңімпаз атанды. Ол жерде Райан Кутюр, Тиаго Сильва, Андрей Орловски сияқты көптеген жұлдыздар болды. Олар қазақстандық батыр қыздың қасына келіп, бапкері Сағатбек Мұсаханов екеуімен танысыпты. Бұл туралы Сағатбек маған телефон арқылы айтып берді. Біз Жұма екеуміз Ольга үшін қуанып, өзіміз бара алмағанымызға қынжылдық.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

14 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.