1 наурызда «Атырау» сауда ойын-сауық орталығындағы «Kinoplexx» кинотеатры жабылды. Оның орнына жаңа кинотеатрлар жүйесі енгізілмек.
Бұл туралы бізге телефон арқылы «Атырау» Сауда ойын-сауық кешенінің ресми қожайыны боп табылатын «OilRealEstate» компаниясының даму департаментінің директоры Әнет КӨПБОСЫНОВ хабарлады.
Атырауда бар болғаны 3 кинотеатр бар, сондықтан оның бірінің жабылып қалғанын бүкіл киносүйер қауым байқапты. «Kinoplexx» кинотеатрының бұрынғы қызметкерлерінің айтуынша, жалға алу төлемінің қымбаттауы кинотеатрдың жабылуына себеп болған. Ал Сауда ойын-сауық орталығы басқаша түсінік береді:
- Ғимаратты жалға алушыларға қатысты ауыс-түйістер жүргізу жоспарланған. Біз орталыққа әлемдік брендтерді тартқымыз келеді. Осы жұмыс аясында кинотеатр операторы да ауысты. Жаңа компаниямен келісімшартқа қол қойылды, - деді бізге Көпбосынов мырза.
Компанияның атауы аталмады, бірақ оның фильмдерді цифрлық форматта көрсететіндігі белгілі. Таяу апталарда кинозал қайтадан есігін айқара ашпақ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА