Атырау, 23 қараша 18:54
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Біз қарсы емеспіз, алайда...»

2 398 просмотра

Жылыой аудандық әкімдігі жұмыссыздар санын азайтудың жолдарын қарастыруда. Қазір осыған байланысты «ТШО» ЖШС-нің мердігер компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Алайда, мердігерлер жылыойлықтарды жұмысқа алуға аса құлықты емес. 

Мәселен, осындай кездесулердің бірінде «Юлмар-Сервис» ЖШС директорының орынбасары Н. ИГНАТОВ ауданда кәсіби білігі бар мамандар аз деген болатын:

- Біз жылыойлықтарды жұмысқа алуға қарсы емеспіз, алайда, олардың көбінің кәсіби шеберлігі төмен болып шығады. Оның үстіне олар еңбек тәртібін жиі бұзады. Ал Ақтөбе облысынан келген жұмысшылар мұндай тәртіп бұзушылықтарды жасамайды.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Өкінішке орай, Жылыой ауданы прокуратурасының мәліметінше, Жылыой ауданында тәртіп бұзушылардың 70-80 пайызын жұмыссыздар құрап отыр.

Бүгінгі күні Теңіз кенішінде жұмыс істейтін жылыойлықтардың үлес салмағы бар болғаны 15-20 пайызды құрап отыр. Айталық, «Болашақ-Атырау» ЖШС-нде жұмыс істейтін 640 жұмысшының ішіндегі 40 адам - жылыойлықтар. Ал«Өмірзақ-Сервис» ЖШС алдымен жұмысқа алатын адамға жолдама беріп, содан кейін барып жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне «жұмыссыз» ретінде тіркелуге жіберетін болған.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, қазір жұмыссыз ретінде бар болғаны 1 718 адам тіркелген. Ал 2013 жылдан бері 512 адам есепке тұрған. Бұл көрсеткіш 70 мыңға жуық халқы бар аудан үшін тым аздық ететінін бөлім басшылары да айтып отыр. Бір жағынан жұмыссыз ретінде есепке тұруға адамдар қажетті құжаттарды жинауда салғырттық танытса, екіншіден жұмыс табылатынына сенімсіздік білдіруде. Өйткені, олардың кейбірі жылдап жұмыс күтеді. Мәселен, жұмыспен қамту меморандумына Теңіз кенішіндегі 70-ке жуық мекеменің 13-і ғана қол қойған. 

- Аудан әкімдігі апта сайын ТШО мердігерлерімен кездесіп, бірінші кезекте жылыойлықтардың жұмыспен қамтылуын талап ете бастады. Жасыратыны жоқ, кейбір компаниялар адамдардың білімсіздігін, жиі тәртіп бұзатынын сылтауратып, жұмысқа алудан қашқақтайды. Алайда, біздің кадрлардың бәрі бірдей ондай емес, - дейді Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Серік ХАМИДОЛЛА.

- Құлсары қаласындағы колледжді бітіріп, жұмыссыз сандалып жүрген жастар көбейе бастады. Қалай еткенде жылыойлықтарды жұмыспен қамту мердігер компаниялардың міндеті деп білгенін мойындату қажет, - дейді Жылыой ауданы әкімі Мақсым ІЗБАСОВ. - Кезінде бізден талай білікті мұнайшылар, бұрғышылар шыққанын ұмытпаған абзал. Санаулы адамға бола күллі жылыойлықтарға күйе жағу дұрыс емес.

- Сіз жұмыс берушілермен болып тұрған жиі басқосулар нәтиже береді деп ойлайсыз ба?

- Әрине! Соңғы кездесулердің бірінде компания басшылары алдыңғы кезекте жылыойлықтарды жұмысқа алатынына уәде берді. Сол себептен жұмыссыз ретінде ресми тіркелгісі келетіндердің саны қазіргіден көбейетіні сөзсіз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

14 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.