Атырау, 5 қазан 14:33
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Бақылау бекетіндегі өз адамы немесе Балық қорғаушылар партияның бастамасымен неге келіспей отыр? (+Бейнежазба)

5 720 просмотра

«Нұр Отан» ХДП-ның Атырау қалалық филиалының балық қорғау инспекциясы мен су полициясы бөлімшелеріне партиялық бақылау бекеттерін құру туралы ұсынысы балық қорларын қорғаушылар тарапынан қолдау таппады. Неге облыстық балық инспекциясы браконьерлікпен күресте билеуші партиямен бірігіп әрекет еткісі келмейді?

 

ПАРТИЯЛЫҚ ШАҚЫРУ

Биылғы жылдан бастап Атырауда «Нұр Отан» ХДП-ның балық қорғау инспекциясы, су полициясы бөлімдерінде және бекіре өсіру зауыттарында партиялық бақылау бекеттерін ұйымдастыру бойынша пилоттық жобасы іске қосылды. Партиялық бақылау бекеті осы жылдың 14 ақпанында құрылды. Басшысы болып Бауыржан БИМУРЗИН (бұрынғы балық инспекциясының қызметкері) сайланды, бекет мүшелері – Қалыбай ӨТЕПОВ және Қайыржан МАҚАШЕВ (бұлар да бұрынғы балық инспекциясының қызметкері), сондай-ақ мәслихат депутаттары Аркадий КИМ мен Асқар ӨТЕБАЕВ.

Бекет - біреу, бірақ партияның жоспары бойынша 22 нысанды бақылауға алуы керек (көбіне өзеннің төменгі сағасында).

«Нұр Отан» өз іс-шаралар жоспарын Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының басшысына ұсынды:

«Бекеттер жүйелі қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мақсатында құрылады, Біріккен іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық бақылау бекетінің мүшелері Сіздердің бекеттеріңіздің орналасу жерлері бойынша рейдтік шараларға қатысатын болады»,- делінген  хатта.

 

«БИМУРЗИНДІ АЛЫП ТАСТАҢЫЗДАР!»

Олардың хабарлама хаттарына Атырау балық инспекциясы келесідей жауап қайырды:

«Біз «Нұр Отан» ХДП-ның және оның жергілікті органдарының балық қорларын қорғауға көмектескілері келген ниеттеріне ризамыз. Алайда, бір ескеретін жайт, жыл сайын көктемгі балық аулау маусымы алдында облыс прокурорының басшылығымен Үйлестіру Кеңесі өтеді, осы жиналыстың қорытындысы бойынша барлық құқық қорғаушы, табиғат қорғаушы және басқа да бақылаушы органдардың біріккен іс-шаралар жоспары жасалады. Осыған байланысты, Партиялық бақылау бекетінің жұмысы осы жоспардың аясында жүзеге асса, өнімді болар еді. Әр басқа органдармен жеке-жеке қосымша жоспар құрудың қажеттілігі жоқ».

Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Әлібек БҰҚАРБАЕВЖайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Әлібек БҰҚАРБАЕВ

Осындай сыпайы бас тартудың артында не бар екенін білу үшін біз Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Әлібек БҰХАРБАЕВҚА жолықтық. Ол былай жауап берді:

- Біз партияға емес, Бимурзинге қарсымыз. 2010 жылы ол балық инспекциясының Исатай бөлімінде жетекші маман болып жұмыс істеді. Бірнеше рет сөгіс алып, мас күйінде «Нива» автокөлігін жүргізіп, жол полициясы қызметкерлерінің қолына да түскен. Біз оны осы теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарғанбыз. Сондай-ақ біз Қайыржан Мақашевқа да қарсымыз. Ол да бізде жұмыс жасаған және лауазымына сай келмегені үшін жұмыстан босатылған – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тестілеуінен екі рет өте алмаған.

Міне, осындай адамдар бүгін партияда жұмыс жасап, бізді бақылағысы келеді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Партияның бізбен бірге жұмыс жасағанына қарсы емеспіз, алайда дәл осы адамдар инспекция жұмысына кедергі келтіреді.

Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының бақылау-инспекциялық бөлімінің бастығы Олег ТУШКАНОВта өз пікірін қосты:

- Ұжымымызда даурығу басталып кетті, адамдар жұмыстан шығамыз деп жатыр. Өйткені, Бимурзин кезінде осы жерде жұмыстан шығарылды ғой, енді басшылардан кек қайтарамын деген әрекеттерінен қарапайым инспекторлар зардап шегеді. Қызметкерлердің бәрі наразы. Бимурзин бұрын қызыл балықпен ұсталды, УҚО-да отырды, оған қатысты қылмыстық іс көтеріліп, кейін тоқтатылды. Бірақ ол өзін «сүттен ақпын» деп ойлайды.

 

«МҮМКІН, ӘРЛІ-БЕРЛІ ҚЫДЫРЫП ЖҮРГЕН ШЫҒАР?»

Наурыздың басында балық инспекциясының Дамбы бөлімінде кезекшілікте болған кезінде партиялық бақылау бекетінің мүшелері балық инспекциясы бекеті жанынан еш кедергісіз өтіп жатқан мотоциклдерді бейне таспаға түсіріп алған (бейне жазбаны қараңыз). Мұны Бұқарбаев былай түсіндіреді:

- Қазір мұздың қандай осал екенін бәрі біледі. Бірақ браконьерлерді бұл тоқтатар емес. Оларды қалай ұстауға болады? Біздің қызметкерлердің ешқайсысы біреудің өмірін өз жауапкершіліктеріне алғылары келмейді. Жай тоқтату жөніне келсек, ешкім тоқтамайды. Олар бетперде киіп алып, баса береді. Бейнежазбада мотоциклдер үстінде жүрген адамдардың мұздан өтіп, кері қайтып келгендері көрсетілген. Алайда оларды қарап тексерген кім бар? Егер балық табылса, иә, адам кінәлі. Ал табылмаса ше? Мүмкін олар әрлі-берлі қыдырып жүрген болар. Неге оларды браконьер деп жария қыламыз?

Мен бұл лауазымда жарты жылдан бері отырмын. Бүгінгі күні мен қалалық балық инспекциясының бастығын ауыстырдым, Махамбет аудандық инспекциясының бастығын жұмыстан шығардым. Өткен жылдың аяғында Дамбы балық инспекциясының бастығы Ыбырай ИСМҰРАТОВ жұмыстан шығарылды. Себебі, біріншіден, зейнеткерлік жасына келді, екіншіден, өздеріңіз білесіздер, дұрыс жұмыс жасай алмайды деген әңгімелер де жүрді. Одан бұрын қарашада оның күйеу баласы Нұрлыбек ГАЙСИНДІ Жылыой аудандық балық инспекциясы бастығы лауазымынан жұмыстағы олқылықтары үшін алып тастағанмын.

Қалыбай ӨТЕПОВ, партиялық бақылау бекетінің мүшесі:

- 3-4 наурыз күні таңда балық инспекциясының Дамбы бөліміне барып, балық тиелген мотоциклдерді бейнетаспаға түсіріп алдық. Жүктері ауыр. Мотоциклдегілердің барлығы бетперде киіп алған. Барлығы төмен жақтан келе жатыр. Тағы бір топты анықтадық, олар теңізге қарай кетіп бара жатыр. Мен қазір балық қорғаушылардың оларды тоқтата алмаймыз деген уәждерін түсінемін. Мотоциклді тоқтату деген не? Бұл үшін су аэрациясы бар, соны екі жағалаудың ортасына 1,5 – 2 метр қашықтықта қағып тастау керек, сонда мотоцикл жүре алмайды. Қамыстың ішімен жүрсе, ол жерге де қағу керек. Оларды тоқтатуға болады.

Бейнежазбада «Пегастар», олардың артында мотоциклдер келе жатқаны көрсетілген. Бұл рейдтік іс-шаралар ма? Онда неге ешкім ұсталмаған?

 

«БИМУРЗИНДІ  ҚУДАЛАП ОТЫР»

Қалыбай ӨТЕПОВ:

- Мен және Бимурзин – балық қорғау қызметінің бұрынғы қызметкерлеріміз. Егер Исатай-дағы балық қорғау қызметінің көрсеткіштеріне қарасақ, ол сол кезде үздіктердің бірі болды. Жұмыс жасаған кезде 7 тонна балық тапсырған жалғыз ғана инспектор Бимурзин еді. Қаржы полициясымен бірге уылдырықтың кетуіне бөгет жасады. Мен Бимурзиннің өкілі ретінде барлық сотта сөз алдым, осыған қатысты бүкіл жағдайды жақсы білемін.

Менің айтқым келгені мынау: егер іс-шаралар жоспарын «Нұр Отан» жасайтын болса, бұған Бимурзиннің қатысы қандай? Бимурзиннен басқа да қызметкерлер бар ғой. Олар Бимурзиннің ұнамсыз себеппен жұмыстан кеткенін айтады. Қазір біз бұған дауласып отырмыз. Оған қатысты қатаң сөгіс берді, ол сөгіс қазір алынып тасталды. Қызметтік лауазымына лайық емес деген де сот күшімен жойылды. Бұл нені білдіреді? Бұл оны қудалап отыр деген сөз.

Бекет басшысын қаралау фактісі, сонымен қатар іс-шаралар жоспарымен келіспеу – мұның бәрі жұртшылықпен бірігіп жұмыс істемеудің сылтауы. Біз іс-шаралар жоспарында барлық БАҚ-тармен жұмыс істейміз деп көрсеттік. Біз көрнекі түрде болу үшін жұртшылықты, БАҚ-тарды тарту арқылы қоғамдық бақылау жасап, балық қорғау қызметі мен су полициясына көмектескіміз келеді. Курилкиндегі бекіре өсіру зауыты шабақтарды суға жібереді, біз жұртшылық білу үшін оның қалай жасалатынын көргіміз келеді. Өйткені оларға бюджет ақшалары бөлініп жатыр ғой. Бірақ неліктен екені белгісіз, Еркінқаладағы бекіре өсіру зауыты қоғамдық ұйымдардың араласуға құқықтары жоқ дегенді желеуретіп, бізбен бірігіп жұмыс істегілері келмей отыр.

 

БРАКОНЬЕРЛІК ТӨМЕНГІ САҒАДА ГҮЛДЕНГЕН

Партиялық бақылау бекетінің жетекшісі, «Нұр Отан» партиясының облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес кеңесінің мүшесі Бауыржан БИМУРЗИНПартиялық бақылау бекетінің жетекшісі, «Нұр Отан» партиясының облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес кеңесінің мүшесі Бауыржан БИМУРЗИНПартиялық бақылау бекетінің жетекшісі, «Нұр Отан» партиясының облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес кеңесінің мүшесі Бауыржан БИМУРЗИН (суретте):  

– Бұл жағдайда ол жерде біздің жұмыс істемегенімізді қалап отырғаны байқалады. Егер біздің орнымызда басқа саладан келген адамдар болса, олар қорықпас еді. Олар біз осы саланы жақсы білгендіктен қорқып отыр. Исмұратов Дамбы инспекциясының бастығы болып тұрған кезде, біз жұмыстан босатылған Мақашев екеуміз бір топта жұмыс істеген едік. Біз сол кезде көптеген заңбұзушылықтар жасап, тыйым салынған жерде кәсіпшілікпен айналысқан 6 мотоқайықты ұстадық. Қолдарында ауланған балықтарды белгілейтін кәсіптік журналдары болмады. Осы мотоқайықтарда 2-3 адамнан болды. Біз олардың барлығын заң бұзушылар ретінде ресімдедік. Сол кезде Исмұратовтың інісі Мереке облыс әкімінің орынбасары болатын. Біз соларға қарсы тұрғандай болдық. Бірақ біз өз ұстанымымыздан қайтпадық. Осының салдарынан қудалау басталды: сөгіс берді, лауазымына лайық емес деп жұмыстан босатты. Мені сот толықтай ақтады ғой, мен мұның қудалау екенін дәлелдеп шықтым.

Мақашевпен бірге аттестациядан 6-7 адам өтпей қалды. Бірақ неліктен екені белгісіз, қалғандарын жұмыста қалдырып, Мақашевты жұмыстан шығарды. Ол мемлекеттік органдарда 20 жылдан астам жұмыс істегендіктен, заң бойынша тестілеуден өтпеуі тиіс еді. Осының бәрін біз жасырын нәрсені көрсетіп қойғанымыз үшін қудалау деп қабылдаймын: жаппай браконьерлік төменгі жақта, Дамбы инспекциясының аумағында өркендеп жатыр. Сол кезде Бұхарбаев ихтиологиялық мәселелер жөніндегі орынбасар болатын, осы босбелбеуліктің бәрі соның кезінде болды.

Қызыл балыққа қатысты оқиғаға келер болсақ, ол рейдтік шара кезінде тәркіленген еді. Тергеу ісінде мен ұсынған барлық құжаттар назарға алынып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, іс тоқтатылды.

 

ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ

«Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының орынбасары Серік БАЙМҰҚАШЕВ:

- Маған қоңырау шалып, егер Бимурзинді алып тастасаңдар, бекетке рұқсат береміз деді. Мен оның істі болмағанын, партия мүшесі екенін, оны шығаруға қақым жоқ екенін айттым. Ол жұмыс істейтін болады, өйткені егер білмейтін адамдарды қояр болсақ, онда бекеттер тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істемек. Бізде мұндай бекеттер алғаш рет құрылып жатыр, бізге білетін, белсенді адамдар қажет. Қазір прокуратура да аздап қысып жатыр. Әрине, Астананың бізге қолдау көрсетері анық, қорқынышты ештеңе бола қоймас, бірақ қауіп бар. Жеке менің өзіме қоқан-лоққы жасайды, күн сайын телефон арқылы «Бимурзинді алып тастаңдар, сонда әрі қарай жұмыс та жүреді немесе жұмыстарыңмен қош айтысыңдар» дейтін құпия қоңыраулар келіп түседі...

Бұл жерде түсінік беретіндей ештеңе жоқ. Өзенде тәртіп жоқ, оны орнату керек. Бұл іске «Нұр Отанның» қатысуы, бәлкім, браконьерлікпен үмітсіз күрес жүргізуде жария сипатқа ие болар. Партия өткір найза секілді болған Бимурзинді алып тастауға мүмкіндік бермейді деген жорамал ғана жасаймыз.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

13 наурыз 2013, 14:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.