Көрші қырғыз елі жұма намазды қаза қылмас үшін аптаның соңғы жұмыс күнін жексенбімен ауыстыру туралы мәселені көтеріп жатыр. Бұл туралы Қырғызстан Республикасы Жогоркы Кенештің (парламент) баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қырғыз депутаттары таяу күндері ел ішінде жұманы демалыс күні деп белгілеп, жексенбіні жұмыс күні ретінде бекіту туралы мәселені қарамақшы. Қырғызстан парламентіндегі «Ар-Намыс» фракциясының мүшесі Тұрсынбай Бәкірұлы жұма мен жексенбі күндерінің орындарын ауыстырып, сенбіні аптаның басына шығару туралы құжатты жасап, осы мәселені талқылау үшін кеше парламенттегі барлық палаталарға табыстады.
Бұдан екі жыл бұрын депутат Тұрсынбай Бәкірұлының бастамасымен парламент үйінде намаз бөлмесі ашылған екен. Енді ол жұма күнгі намазды мешітке барып оқуға мүмкіндік жасауды ұсынып отыр. Депутаттың айтуынша, жұманы демалыс күні етіп жариялау үшін, заңның талабы бойынша, «демалыс күні жексенбі болып табылады» деп көрсетілген Қырғызстанның Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілуі қажет. Қырғызстан халқының басым бөлігі мұсылмандар болғандықтан, жұма намазына қатысу үшін бұл күнді тұрғындар мешітке баруға арнауы керек.
– Әлемдегі көптеген мұсылман елдерінде қасиетті жұма күндері халық демалады. Исламда ұлық күн – жұма, ұлық түн – Қадыр түні болып саналады. Қазақстан – зайырлы мемлекет, бізде Батыстың үлгісімен жексенбі күні демалыс болып жарияланған. Алайда негізгі халықтың 75 пайызы ислам дінін ұстанады. Сондықтан бізге де бірте-бірте демалысты жұмаға көшірген дұрыс шығар деп ойлаймын. Өйткені қасиетті жұмада «жұма намазы» бар. Оған әйелдердің қатысуы міндет емес, ал ақыл-есі бүтін, өзін мұсылманмын деп санайтын ер-азаматтар міндетті түрде қатысады. Пайғамбардың хадисінде (с.ғ.с.) «Жұма намазынан екі рет себепсіз қалған адамның жүрегіне мөр басылады» деп жазылған. Сондықтан оған әрбір азаматтың барғысы келеді, бірақ ол үшін жұмыстан сұрануы керек. Егер жұма демалыс күні болып жарияланса, жұма намазына жаппай қатысуға мүмкіндік туар еді, – дейді Қазақстан діни басқармасының қызметкері Оңғар қажы Өмірбек.
Дереккөз: aikyn.kz