Қазірдің өзінде веб-сайтын ашып, Твиттерде аккаунтына ие болған партияның құрылтай съезі осы аптаның ішінде Майндағы Франкфуртте өтпекші.
Партияның негізін қалаушылар Бундестагтағы партиялардың бірде-бірі Германияның еуроаймақта болу қажеттігіне шүбә келтірмей отырғанына алаңдаулы. Олар сондай-ақ ГФР-дың Еуропаның оңтүстігіндегі елеулі дағдарысқа ұшыраған елдерге орынсыз ондаған миллиард еуро ақша шашып отырғанына риза емес.
Гамбург университетінің профессоры Бернд Люке «Неміс толқынына» берген сұхбатында «бірыңғай валюта Еуропаны дағдарыстан шығара алмайды, қайта құрлықтың экономикасын құрдымға кетіреді» деп мәлімдеді. Сондықтан да «Германия үшін балама» партиясы неміс маркасына қайта оралу немесе финдермен, голландтықтармен және австриялықтармен бірыңғай валюта құру керек деп санайды. Олар мұндай одақ үшін Франция экономикасының тұрақтылығы да жеткіліксіз деген уәж айтады.
The Daily Telegraph, басылымының жазуынша «Германия үшін балама» партиясы тарапынан қазіргі басшылықты сынға алуларына Ангела Меркельдің Кипрге қаржы көмегін ұсыну жөніндегі құжатқа қол қою мүмкіндігі де түрткі болды.
Әлеуметтанушылардың бағалауынша, жаңа партияның ел азаматтары тарапынан қолдау алуына мүмкіндігі бар. Немістердің төрттен бірі еуродан бас тартуға және неміс маркасына оралу мүмкіндігін қарауға әзір.
Дереккөз: inform.kz