Атырау, 26 сәуір 22:59
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Басынан ұрған: ақтаулық шекарашы туған күні үшін «жазаланды» ма?

Сурет Бейнежазба
1 683 просмотра

Атыраудағы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаментінде әскериборышын өтеп жатқан 19 жастағы маңғыстаулық сарбаз Медет АМАНГЕЛДІ медициналық көмекке зәру. Медет 11 шілде күні соққыға жығылған. Содан бері қарай денсаулығы күрт нашарлап кеткен. Бұл туралы Медеттің туыстары15 шілде күні естіген. Олардың айтуынша, әскери бөлімде оларға «Медеттің есі ауысып, ішіне жын кірген» деп хабарлаған. Осы жағдайға байланысты Медеттің туыстары бүгін, 18 шілде күні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданынан келіп, әскери бөлімнің алдына жиналды.

Медет АМАНГЕЛДІ

Біз әскери бөлімнің алдына келгенде Медеттің өзімен бірге оның әке-шешесі, туыстары және бірнеше әскери болды. Жанында жедел жәрдем көлігі де тұрды.

Медеттің анасы Дина МЕРГЕНБАЕВА ұлының әлсіреп қалғандықтан сөйлейтін жағдайда емес екенін айтып, «шаршатпашы»деп оған сұрақ қоймауымызды өтінді.

Ал өзі біздің сұрағымызға ұлы Медетпен 9 шілде күні ұялы телефонмен сөйлескенде, оның «Мама, уайымдама, менің жағдайым жақсы, қызметімді атқарып жүрмін» деп жауап бергенін жеткізді. Оның айтуынша, Атырауға соққыдан басынан зақым алған баласының денсаулығын толық тексертіп, оған не болғанын анықтау үшін келіп отыр. Ол «баламның басын ЭЭГ, МРТ-ға түсіру үшін келіп тұрмын, бірақ, бізге оны алып кетуге рұқсат бермей отыр» деді.

Медеттің әкесі Октябрь ТӨЛЕМІСОВ әскери бөлімге шақыртқан жедел жәрдем көлігінің ұлын әкетуге асықпағанын айтты. Біз әскери бөлімнің алдына келгенде бірнеше минут өткен соң әскерилер Медеттің жедел жәрдем көлігіне отыруына рұқсат берді. Оның қасына анасы бірге отырды, ал әскерилердің бірге баруына туыстары қарсы болып, көлікке кіргізбеді.

Осы кезде Медеттің әкесі әскерилерден ұлының соққы алғанына бір апта болса да бірде-бір рет ауруханаға неге апармағанын, басын МРТ-ға неге түсірмегенін және өздері түсірту үшін рұқсат неге бермей отырғанын сұрады. Ол «әскерилер дәрігерлермен келісіп, шынайы диагнозын жасыруы мүмкін» деген күдігін ашық білдірді.

Ал Медеттің әкесінің інісі Төре ТӨЛЕМІСОВ «бір сағаттан асты, әлі жүрмеді, себебі, әскерилер оны облыстық ауруханаға апарғысы келмей, өздерінің ауруханасына апарамыз деп, рұқсат бермей отыр» дейді:

- Олар өз ауруханасында өзара таныс дәрігерлерімен келісуі мүмкін. Әскерде таяқ жеген бала ауырып, өліп кетсе кім жауап береді? Қазір жасөспірімдер не үшін әскерге барғаннан қорқады? Міне, осындай заңсыздықтардан!

ҚР ҰҚК шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы, полковник Ғалымжан ДУЮСОВ дәл қазір комментарий бере алмайтынын, «жоғарыдан келісім алған соң беретінін» жеткізді. Дегенмен, ол Медеттің «медициналық көмекке мұқтаж» екені 15 шілде күні әке-шешесіне хабарланғанын растады. Ал Медетке «неліктен МРТ түсіруге рұқсат бермей отырсыздар?» деген сұрағымызға «туыстары келісім бермей отыр» деп жауап берді.

Мұны естіп қалған Медеттің бір туысы оған «Неге өтірік айтасыз?» деп сұрақ қойды, бірақ, жауап ала алмады. 

Ал Батыс аймағы әскер прокурорының орынбасары Азамат ЖАНАХМЕТОВ бізге «ресми сауал жолдаңыз» деп, Дуюсовпен бірге жедел жәрдем көлігінің соңынан еру үшін жеңіл автокөлікке мініп кетті.

Кейін Төре Төлемісов облыстық ауруханаға Медетті қабылдамай жатқанын хабарлады. Біз оның себебін анықтау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне хабарластық.

Онда бізге облыстық аурухана дәрігерлері оның ауырғанына үш күннен асып кеткендіктен ауруханаға шұғыл түрде жатқызылмайтынын, бірақ, Медетті кері қайтарып жібермейтінін, сол жерде тексеріп, міндетті түрде ауруханаға қабылдайды деп жауап берген. 

Кейін Төре Төлемісов Медетті әскерилердің ақыры облыстық ауруханаға жатқызбай, әскери бөлімнің санитарлық бөліміне орналастырғанын, бірақ, басын МРТ-ға өздері жекеменшік клиникаға барып түсіруге әскери тергеушілерден рұқсат алғанын хабарлады.

Ол Медеттің есі дұрыс екенін сөзінен байқап отырғанын, сұрақтарға дұрыс жауап беретінін, әрпіл-тәрпіл жоқ екенін, тек әлсіреп қалғанын және басының ауыратынына шағымы барын жеткізді.

Медеттің туыстары әскери полицияның тергеу ісін ашқанын Атырауға келгенде білген. Төре Төлемісов әскери полицияға бара жатқанын, оған Медетті түсіріп алған екі видеоны тапсыратынын айтты. Медет бірінші видеода өзін кім, қашан, не үшін ұрғанын айтқан. Медеттің айтуынша, ол басқа сарбаздармен бірге 10 шілде күні туған күнін атап өткен. Ал келесі күні түскі үзілісте оны кеңсе бөлмесіне бір аға сержант-старшина шақырып, осы үшін ұрып-соққан. Бірақ Медет туған күнін атап өтетіні жайлы алдын ала ескертіп, рұқсат алғанын айтады. Екінші видеода Медет 12 шілдеде таңертең санитарлық бөлімге барғанын, 13 шілдеде таңертең көлікпен бір капитанмен қалаға шығып, оның өзіне «ішімде адам бар, жын бар, сөйлейді, үшінші қабат қауіпті сияқты маған, секіріп кетейін деп жүрмін деген әңгімелер айт. Солай айтсаң, сені мешітке жібереді» деп айтқызғанын, сол себепті «мешітке бару үшін бәрін айтқанын» айтады.

Бұл жергілікті шекарашылар арасында орын алып отырған алғашқы оқиға емес.

Айнұр САПАРОВА

Суретті және видеоны түсірген автор

18 шілде 2022, 21:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.