Атырау, 23 қараша 10:35
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«ҚазТрансОйл»: Биыл «Қазақстан-Қытай» бағытымен 12 млн. тоннаға жуық мұнай тасымалданады

2 258 просмотра
АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазТрансОйл» АҚ  «Қазақстан-Қытай» мұнай құбыры бағытымен 2013 жылы 12 млн. тоннаға жуық мұнай тасымалдауды жоспарлайды.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифинг барысында «ҚазТрансОйл» АҚ Басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин мәлім етті.

Басқарма төрағасының айтуынша, Қазақстаннан Қытай бағытына былтырғы жылы 11 млн. тоннаға жуық мұнай және мұнай өнімдері тасымалданған. «Біз қазіргі күні қытайлық әріптестермен «Қазақстан-Қытай» жүйесінің қуатын арттыру мәселесін қарастырудамыз. Бүгінгі таңда қол жеткізуге болатын қуат көлемі 14 млн. тоннаны құрайды. Ал осы мұнай құбыры бағытының жобалық қуаты 20 млн. тонна. Жобаны толық жүзеге асыруға қатысты белгілі бір коммерциялық шарттар бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Соған орай, біз биыл мұнай тасымалын 20 млн. тоннаға дейін жеткізудің алғашқы қадамына кірісеміз деп ойлаймын. Дегенмен министрлік жоспарына және қолда бар ресурстарға сәйкес биылғы жылы тасымал көлемі 12 млн. тонна шамасында қалатын болады», - дейді Басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин.

Сондай-ақ, төраға брифинг барысында «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Ресей арқылы транзитпен өтетін Атырау-Самара мұнай құбырына тоқтала келе, бұл бағытта 15 млн. тоннадан кем болмайтын мұнай Балтық теңізі нарығына, Қара теңіз нарығына және Шығыс Еуропаға  жеткізілетінін атап өтті.

«Ал Каспий құбыры консорциумы бойынша біз шамамен 3 млн. тонна Теңіз мұнайын Баку-Қара теңіз бағытына жеткіземіз. Бұл көлем биыл сақталып қалады, алайда алдағы уақытта  оны 5 млн. тоннаға дейін арттыру мәселесі де қарастырылып жатыр. Дегенмен, бұның өзі транзиттік елдердегі тарифтік келіссөздерге байланысты жүзеге аспақ. Өкінішке қарай, соңғы уақытта транзиттік елдер тарифті көтеріп отыр. Сондықтан да, барлық мәселе келіссөздерге орай шешімін табады», - деді Қ. Қабылдин.

Дереккөз: inform.kz

11 наурыз 2013, 14:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.