Батыс Қазақстан облысында тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басқа жақтан келген гастролерлердің – медициналық құрал-жабдықтарды сатушылардың аңқау сатып алушылардан алған ақшасын қайтарып берді.
Біз атыраулықтарды медициналық орталық ашылып жатыр деген желеумен алдап шақырып, іс жүзінде қымбат массаж желбегейлерді таныстыратындар туралы жазған болатынбыз. Мұндай іс-шараға қатысушылар сатып алған қораптарын, сыйлықтарын алып, банктен қомақты несиені мойындарына іліп, үйлеріне қайтады. Еске салсақ, былтыр қыркүйекте таныстырымдардың біріне тілшіңіз бүркеншік атпен барып, «бірегей» жапон желбегейлерінің сатылымындағы бүкіл қойылымды егжей-тегжейлі сипаттаған болатын.
Кейіннен гастролерлер Атырауға бірнеше рет келді. Өйткені маған жаңа «медициналық мекеменің» кезекті ашылуына қатысу жөніндегі ұсыныстармен бірнеше рет қоңырау шалған еді.
Атыраулық заңгерлердің айтуынша, әккі сатушыларды алаяқтық үшін қылмыстық жауапқа тарту мүмкін емес, ал сот арқылы ақшаны қайтарып алу неғайбыл. Сондықтан көрші облыста бұрын-соңды болмаған бұл жағдай өте қызықты.
БҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира ҚИМАТОВАНЫҢ айтуынша, былтыр қараша-желтоқсан айларында оларға Орал қаласының алданған тұрғындарынан 29 шағым түскен. Олардың бәрі әлдебір «Akdeer» ЖШС (Алматыда тіркелген) ұйымдастырған таныстырылымда болған.
Әрекет ету схемалары мен әдістеріне егжей-тегжей тоқтамай-ақ қояйын. Гастролерлер болған Қазақстанның барлық қалаларында олар бірдей. Оралда таныстырылымға қатысушыларға «Evsorpe Tanashi» маркасының массаж жамылғыларын 30 пайыздық жеңілдік деп, 1 миллион 192 мың теңгеге сатқан. Әккі сатушылар әр сатып алушыға банк несиесін ресімдеп, өз еркімен 700-ден 800 мың теңгеге дейін (несие пайызын есептемегенде) ірі сомаларын беруге көмектескен.
- Біріншіден, тұтынушылар – негізінен зейнеткерлер – өз аттарынан пайдасыз несие рәсімделіп жатқанын білмеген. Жасы үлкен болғандықтан, өздігінен банктен қарыз алып, шот ашу үшін қол қоюға ЭСҚ ала алмайды... Осы және басқа операцияларды «Akdeer» ЖШС өкілдері жасаған, - дейді Э. Киматова. – Екіншіден, оларға жапондық емес, Қытайда жасалған тауар туралы жалған ақпарат берілді. Сондай-ақ, белгілі бір аурулары болса, тауарды пайдалануға болмайтыны туралы түсіндірілмеген. Ең бастысы, ашық дереккөздер мен Орал қаласының дүкендеріндегі баға мониторингісі көрсеткендей, мұндай массаж жамылғының нақты құны 73 мың теңгедей болады. Осылайша, тұтынушылар білмей, өздеріне өте тиімсіз мәмілелер жасаған.
Нәтижесінде, департамент экономикалық сотқа «Akdeer» ЖШС-не, сондай-ақ «Халық банкінің» және «Хоум Кредит Банктің» филиалдарына қатысты шағым түсірді. Шағым талабы: сату-сатып алу шарттарын, банктік несиені жарамсыз деп тану, сондай-ақ тауарларды сатушыға қайтарып, одан төленген ақшаны өндіріп алу.
Ең алдымен, сот ұйғарымымен «Akdeer» шотына тыйым салынды. Талап арызды қарауға дайындық кезеңінде Оралға келген жауапкер компанияның өкілі 15 тұтынушыға ақшасын қайтарды. Бірақ содан кейін ол ғайып болды. Сондықтан, «Akdeer» ЖШС өкілінің болмау себебін түсіндіретін дәлелдің жоқтығынан, сот істі оның қатысуынсыз қарап шықты.
Талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Сот сату-сатып алу келісімшарттарын жарамсыз деп тану және компаниядан қалған 14 тұтынушының пайдасына тауарлардың құнын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Ал қала тұрғындарына банктерге несиені толық төлеуге тура келеді. Сот актісі заңды күшіне енді, алданған сатып алушылардың барлығына ақша қайтарылды.
- Бізге 2019 жылдан бастап массаж жамылғы сатушыларға алғашқы шағымдар түсе бастады. Содан бері осы бизнеспен айналысатын (солай деуге болса) кем дегенде алты компания Оралға келді. Алданған адамдар полицияға шағымданып ештеңе бітірмейді. Оларға «сотқа барыңдар» дейді. Біз «Akdeer» ЖШС-мен дауласып жатқанда, басқалары келді. Олар келіп кеткеннен кейін бізге тағы 30 адам жүгінді. Олар бойынша осыған ұқсас іс сотқа жіберілд. Ал осы 14 тұтынушыға қаражат қайтарылып берілді, - дейді Эльмира Киматова. - Мұның бәрі жел диірмендерімен күреске ұқсайды. Осындай компаниялардың қызметі қолданыстағы заңнамаға қайшы келетіні анық. Осыған байланысты департамент қазіргі уақытта ҚР ІІМ-не және Бас прокуратураға осы ведомстволар «жамылғы сатушылар» қызметіне тиісті құқықтық баға беруі үшін жүгіну мәселесін қарастыруда.
Лев ГУЗИКОВ