Облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, Каспийдегі Қашаған кен орнындағыD жасанды аралында ұңғымаларды жұмысқа қосу бойынша дайындық жұмыстары кезінде техникалық оқыс оқиға орын алған.
Нақтылап айтсақ, жабдықты орналастыру кезінде «көтеру механизмінің жоғарғы секциясы майысып кеткен». Қондырғының қызмет көрсетуші қызметкерлері ұңғыма аузынан 100-150 м қашықтыққа шығарылды. Барлық қызметкерлерді эвакуациялау жүргізілген жоқ.
- Бес мың метрден аса тереңдікте орналасқан клапандар ашылған жоқ, яғни, ұңғыманы негізгі жұмыстарға дайындау ғана жүргізілді. Біздер аралға ұшып барып, осы оқиғаның себептерін тексеретін комиссия құру бойынша жиналыс өткіздік. Сонымен қатар, біздің департамент осы жұмыс түрлері бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастады, - деп түсінік берді ТЖД бастығы Болатбек ОМАРОВ.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта қондырғының майысқыш сорғы компрессорлық құбырларды түсіруге және көтеруге арналған жоғарғы секциясы жөнделген. Ұңғыманың ауызы тұмшаланған жағдайда. Көмірсутегі лақтырындылары болу қаупі жоқ. Адамдар өмірі мен саулығына, қоршаған ортаға тиер қауіп-қатерлер жоқ.
Біз бұл жағдайға байланысты түсінік беру үшін Атырау облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВҚА де жолықтық. Ол бұл туралы кейіннен толық ақпарат беруге сөз берген. Алайда, оның айтуынша, департамент инспекторлары оқиға орнына әлі бармаған екен.
Осыдан кейін біз D аралында жұмыс істейтін атыраулықтармен байланыстық. Олар кейбір БАҚ өкілдерінің қауіпті «апат» деп атаған байбаламдарына таң қалып жатыр.
- Біздер қауіпті еш нәрсе жоқтығын білгендіктен, әдеттегіше жұмысымызды жалғастыра бердік. Бұл алынатын, кері ауыстыруға болатын жабдық қой. Сондықтан да біз сіздің редакцияға телефон да соққан жоқпыз, - дейді олар.
Қашаған – бұл, әрине, күрделі жоба, алайда әрбір сыбдырдан шошудың да қажеті жоқ шығар, жүйке жетпес. Осындайда үй иелері қонақ кеткеннен кейін қасықтарды таба алмай, барлығына телефон шалған ескі еврей анекдоты еске оралады. Кейіннен осы қонақтарды жек көріп те кетеді. «Неге, қасықтар табылды ғой?» деген сұраққа үй иелері: «Қасықтар табылды ғой, бірақ көңілде кірбің қалды» деген екен.
Айта кетсек, бүгін редакцияға НКОК пен Аджип ҚКО агент-компаниясынан келген баспасөз бетшесінде де ТЖД хабарламасындағы ақпараттар берілген.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
7 наурызда кешке қарай НКОК компаниясы оқиға бойынша толық түсініктеме берді:
«1 наурызда жұма күні сағат 17:45-те D аралында мердігер орындап жатқан ұңғыманы іске қосу жұмыстары кезінде техникалық ақаулар орын алған, - деп хабарлады НКОК сыртқы байланыстар жөніндегі менеджері Ханс ВЕНК. Жұмыс барысында майысқыш сорғы-компрессорлық құбырларының мұнара секциясы гидравликалық жабдықтың істен шығуына байланысты бүгіліп кеткен. Ұңғыма сенімді бітелген және қауіпсіз жағдайда.
Қызмет көрсетуші қызметкерлерге, қоршаған ортаға, сондай-ақ ұңғыманың жұмыс жасау жағдайына қауіп төнген жоқ. ҚР Өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, тиісті мемлекеттік органдарға өз уақытында хабарланды.
Норт Каспиан Оперейтинг Компании (Солтүстік Каспий жобасының операторы) және Аджип ҚКО агент-компаниясы мердігерлер мен билік органдарымен тығыз байланыста бола отырып, жабдықтың ақаулығын тексеруді аяқтап, ұңғымадағы жұмыстарды жалғастыру үшін техникалық шешімдерді әзірлеуде.
Ұңғыманы қалпына келтіру бойынша осы шаралар өндірістік нысандарды қолданысқа енгізу және қосу бойынша басқа жұмыстарға әсер етпейді».