Атырау, 5 қазан 22:37
 ашықВ Атырау +19
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Балықшылар күні - мұңды мереке

1 745 просмотра

8 шілдеде Қазақстанда Балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Кәсіби мерекеге орай осы саладағы мәселені шолып өтейік.

Биыл сәуір-маусым айларында өңірімізде 1,493 тонна балық өлген. Атырау қаласы «Бақсай» каналында 65 кг, ал  Махамбет ауданы «Алмағамбет» су айдынында 1428 кг өлі каракөз балығының шабақтары жиналып, санитариялық талаптарға сайкес көму жолымен жойылды. Ал былтыр, облыс бойынша 12 тонна 408 кг балық өлімі тіркелген. Бұл туралы облыстық балық шаруашылығы басқармасынан хабарланды.

Басқарма ақпаратына сәйкес, қазір жергілікті атқарушы органдары Жайык-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірге су көздерін бақылауға алып, балық өлу фактілерін алдын алу және балық қорын молайту бағытында белгіленген жоспарларға сәйкес жұмыстар атқарып жатыр. 

Бүгінде «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мен «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» Жайық өзенінен ақпан-мамыр айларында 222 дана (оның ішінде аналығы-64 дана) бекіре балығын аулады. Былтыр осы кезеңде 203 дана бекіре балығы ауланып, оның 51-і аналық болған.

Еске салсақ, 19 сәуір күні «Кіші Дамбы» балық аулау учаскесінен салмағы 190 кг бекіре тұқымдас қорытпа балығының аналығы ауланды. Одан 35 кг уылдырық алынды. Былтыр 29 наурызда Жайық өзенінен 150 кг қорытпа балығы ауланып, 20 кг уылдырық алынған.

Сонымен бірге, «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» Жайық өзеніне 3,5 млн астам бекіре тұқымдас балық шабақтарын жіберді. «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» да шілде айында 3,5 млн жіберуді жоспарлап отыр.

Өңірімізде 2025 жылға дейін 7 балық өсіру жобасын іске асыру жоспарланды. Атап айтқанда, Атырау қаласы бойынша «Тілекші» ЖШС, «Сагиева» шаруа қожалығы және «Жұмагалиева» шаруа қожалығы, Құрманғазы ауданы бойынша «СевКаспийФиш» ЖШС, «Каспий балық» өндірістік кооперативі, «Абдолов» шаруа қожалығы,сондай-ақ, Жылой ауданында «Сәт» шаруа қожалығы тауарлы балық өсірумен айналысады. Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫНЫҢ айтуынша, бұл жобаларды іске асыруда кедергілер бар.

- Тоған шаруашылықтары су көздеріне жақын үлкен жер телімін қажет етеді. Атап айтсақ, «СевКаспийФиш» ЖШС-і  Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылынан қосымша 400 га, «А-Дана» шаруа қожалықтары Махамбет ауданы, Талдыкөл ауылының маңынан 50 га., «Тілекші» ЖШС-і Атырау қаласы, Дамба ауылдық округі маңынан 22,47 га., және «Сагиева» шаруа қожалықтары Бесікті елді мекені маңынан 9,1 га., қосымша жер телімдерін сұраған болатын. Алайда күні бүгін ол мәселелер оң шешім тапқан жоқ, - дейді А.Сәдібекұлы.

Бұдан басқа, ол балық шаруашылығын дамытуға кедергі келтіретін тағы бір үлкен мәселеге тоқталды. Бұл Жайық пен Қиғаштың Каспий теңізіне құяр сағасының тайыздануы. Нақтырақ айтсақ, көктемгі маусымда балық кәсіпшілігі субъектілерінің кемелері теңізге шыға алмай, нәтижесінде 20 мың (75%) лимитпен 16 мың тонна балық ауланған.

– Каспий теңізіне құятын Жайық пен Қиғаш өзендері сағаларының тайыздануына байланысты өте қиын жағдай туындады. Жайықтың теңізге жақын сағасының тереңдігі қазір 30-40 см, ал Қиғаштың сағасы тіпті бітеліп қалған. Бұл өз кезегінде ҚР Шекара қызметінің Жағалау күзеті кемелерінің, Солтүстік Қашаған жедел әрекет ету экипажының құтқару кемелерінің және өңірдегі 19 балық шаруашылығы кәсіпорындары кемелерінің теңізге кіруі мен шығуына үлкен қиындықтар тудырады, – дейді А.Сәдібекұлы.

Оның айтуынша, жалпы саны 4 мыңнан астам адамы бар 800-ге жуық балық аулау бригадасы теңізге шыға алмай, жалғыз табыс көзінен қағылып отыр. Облыстың балық шаруашылығы субъектілері қаржы институттары алдындағы қарыздарын (шамамен 1,7 млрд теңге) өтеуде үлкен қиындықтарға тап болды.

– Мұның бәрі өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға кері әсерін тигізеді. Мәселені шұғыл арада ҚР Үкіметі мен басқа да орталық мемлекеттік органдар деңгейінде шешу керек. Балық көп ұзамай, уылдырық шашатын табиғи орны болып саналатын Жайық пен Қиғаш өзеніне кіре алмай қалуы әбден мүмкін. Қазір ең бастысы - екі өзенде тереңдету жұмыстарын жедел жүргізу керек, әйтпесе олардың теңізбен байланысы үзіледі, - деп есептейді А.Сәдібекұлы.

Жайық сағасының ұзындығы – 6 км, тереңдігі – 3,60 м, ал Қиғаш сағасының ұзындығы – 20 км, тереңдігі – 2,5 метр. Өзендердің түбін тереңдету қажеттігі көптен бері айтылып келеді. Бұған дейін бюджеттен қыруар қаржыға жұмыстар жүргізілді. Бірақ неге нәтиже жоқ?

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

5 шілде 2022, 02:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.