Атырау, 27 желтоқсан 08:42
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Көршілер сыйлаған гүл шоғы

1 708 просмотра

Өткен аптада Бейбітшілік пен келісім жол картасының аясында Махамбет драма театрында Орал облыстық шығармашылық ұжымының концерті өтті.

2012 жылы бұл жоба Шығыс Қазақстан облысынан бастау алып, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында өткізілген болатын. Ақпан айының 23 жұлдызында эстафетаны Орал облысына тапсырған еді. Ендігі кезек Атырауда екен. Яғни, оралдық өнерпаздар эстафетаны Атыраулық өнер қауымына табыстады.

Көрерменнің көптігінен зал ішінде ине шаншар орын болмады. Дәстүрлі ән, би, күймен қоса әлем халықтарының өнері де паш етілді сахна төрінде.

Ең қызығы, Березов ауылының 10-сынып оқушысы Надежда САРВИНАНЫҢ «Туған жер» әнін орындау шеберлігіне көпшілік көрермен таңғалып жатты. Бұдан соң сахнаға домбыра ұстап шыққан 9-сынып оқушылары – Виктория ПАРХОМЕНКО, Марина КИЧАТОВА, Елена ПЛАДШИКОВАЛАРДЫҢ Құрманғазының күйі «Балбырауынды» күмбірлете шертуі көрерменді тіптен қуантса керек. Себебі олар ұзағынан қол соғумен болды. Республикалық бишілер байқауының жеңімпазы «Назерке» халық биі ансамблінің орындауында «Монтолио» биі мен «Дарьюша» халықтық би ансамблінің орыс биі мен бірнеше ұлттың биін мың бұрала билеулері де ерекше талғам сыйлады көрерменге.

Еврей этно-мәдени бірлестігі орталығының әншісі Максим ЧАЙКОВСКИЙ еврей халық әнін, Айжан ДӘУЛЕТҚАЛИЕВАНЫҢ қытай әнін орындауы да ерекше әсер қалдырды.

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА

7 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.