Бүгінгі билік бұрынғылардан қалған «мұралардың» бірі – асыра көрсетілген сандардың зардабын шегуде. Бұл жолы мәселе мал басына қатысты.
Облыстық әкімдікте болған жиналыста облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, малдарға ен салу бойынша жұмыстар мал санын есептеудегі проблемаларға байланысты қиындықтарға тап болған: бұрынғы сандар асыра көрсетілген екен.
- Мал санын нақты анықтау керек, өйткені мәселе ен салуға мемлекет тарапынан бөлінетін бюджеттік қаражаттардың көлемінде болып отыр, - деп атап өтті Рысқалиев.
Малға ен салу бойынша ең төмен көрсеткіштер – Мақат ауданында (35%). Аудан әкімі селекторлық байланыс арқылы ен салу бойынша жұмыстар аудандағы аз мал санымен бірге ен салатын мамандар тапшылығынан да қиындап отырғанын алға тартты.
Махамбет ауданында, аудан әкімі Ерболат ЖАҢАБАЕВТЫҢ айтуынша, 2012 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша 58 мың мал басы болған. Ал 2013 жылы әкімдік небары 31 мың бас санап отыр. Сондай-ақ, статистика департаменті, неге екені белгісіз, 41 мың туралы дерек беріп отыр.
- Алайда жоспарды орындаймыз, - деп сөз берді Жаңабаев.
- Не орындайсыздар? Малдың санын ерекше қарқынмен 41 мыңға жеткізесіздер ме? Неге статистикалық есептер өзгертілмеген. Облыс әкімі сайланғаннан бері «семіртілген» сандарды жойып, мал басының нақты санын көрсетіңдер деген жоқ па? Одан бері жарты жыл өтсе де, сіздер сол сандармен әлі жүрсіздер, - деп облыс әкімінің орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ кейістігін білдірді.
- Иә, сандарда айырмашылықтар бар. Мұның барлығын ҚР Статистика агенттігінен анықтау керек. Өздеріңіз білесіздер, соңғы екі жылда көптеген сандар қате болды ғой, - деп түсіндірді Атырау облыстық статистика басқармасының бастығы Ғалия МҰХАНҒАЛИЕВА.
- Бұл агенттікте анықталғанша, біз әр ай сайын осы артық сандармен отыра береміз бе? Жаңа жылға дейін түзеуге тапсырма берілген сияқты еді ғой. Сізге және аудан әкімдеріне тапсырма – сандарды тәртіпке келтіріңіздер, - деп сөз қосты әкім орынбасары.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА