Қашаған кенішінен мұнай өндіруді бастау үстіміздегі жылдың наурызынан маусым айына қалдырылды.
Бұл туралы 1 наурызда «Аджип ККО» басқарушы директоры Умберто КАРРАРАНЫҢ Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВПЕН кездесуі барысында белгілі болды.
- Біз осы күнді ҚР-мен жасалған келісімшартқа сәйкес белгіледік, - деп мәлімдеді Умберто Каррара. – Әрине, жұмыс істеуді қажет ететін мәселелер бар, бірақ біз осы шартты орындау үшін бар күшімізді жұмсаймыз.
- Егер түсініксіз және шешілмеген жайттар туындаса, маған хабардар етуді өтініп сұраймын, - деп атап өтті әкім.
Ол сонымен қатар, наурыздың аяғында жобаға қатысушылардың барлығын жинап, жобаны іске қосуға дайындық жағдайын талқылауды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Өткен жылдың желтоқсанында NC Production Operations Company B.V. басқарушы директоры (NCPOC– барлық келесі кезеңдердегі өндірісті пайдалануға басшылық ететін біріккен ҚМГ мен Шелл кәсіпорны) Ханс БАККЕР алғашқы мұнай жария етілген мерзімде өндіріле бастайды деп уәде берген еді:
– Біз Қазақстан үкіметіне келер жылы маусымның ортасында мұнай өндіре бастауға міндеттелдік. Бірақ іс жүзінде өндіру ертерек – көктемде басталады. 2013 жылдың наурызында тәжірибелі-өнерәсіптік игеруді бастап, маусымға қарай коммерциялық өндіруге шығуды жоспарлап отырмыз. Тәулігіне ол 75 мың баррель мұнай құрауы тиіс.
Ал өз дереккөздерімізден белгілі болғандай, Каррараның мерзімдерді кейінге қалдыру туралы мәлімдемесі Солтүстік Каспий жобасының бас операторы – NCOC компаниясының наразылығын тудырған. Бұл мұнай консорциумына қатысушылар арасында келіспеушіліктер бар екенін тағы бір дәлелдейді. Атап айтқанда, 1-кезеңді (бұрғылауды қосқанда, тәжірибелік-өнеркәсіптік игеруді) жүзеге асыру үшін жауапты «Аджип ККО» мен NCPOC. Осы тұрғыда екі компанияның ұжымдарында NCPOC-ты таратып, құрамына Шеллмен және ҚМГ-мен қатар Аджип ККО енетін компания құрылады деген сыбыстар желдей есуде.
Осыған қатысты редакция сауалына NCOС-тың сыртқы байланыс жөніндегі менеджері Ганс УЭРИК қысқа жауап берді әрі сәл ашулы көрінді:
- Қазіргі уақытта біз нысандарды іске қосу-реттеу жұмыстарына байланысты жауапты кезеңге кірісіп жатқандықтан, біздің басты назарымыз өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған. Біз болмашы мәселелерге алаңдамаймыз.
Мердігердің (Аджип ККО) Қашағаннан алғашқы мұнай өндіруді бастау уақытын тапсырыс берушінің (NCOC) келісімінсіз мәлім еткен оғаш жағдайды біз 4 наурызда NCOC-тың сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Пьер ДЕЛЬПОННАН анықтауға тырыстық. Тағы да кейінге қалдыру туралы Каррараның мәлімдемесіне түсінік беру туралы өтінішімізге ол былай деп жауап берді:
- Бұған алып-қосарым жоқ. Умберто Каррара жобаның осы бөлігі үшін жауапты және айтылған мерзім Аджип ККО-ның (шамасы, Дельпон жоба бойынша Аджиптің өз міндеттемелерін орындау мерзімдерін меңзесе керек – Л. С.) мақсаты боп табылады. Барлық мердігер компаниялар Мыңбаев мырзаға есеп береді, сондықтан бүкіл ақпаратты сол кісіден ала аласыздар.
2008 жылғы 31 қазандағы Өнім бөлінісі туралы келісімге жасалған қосымша келісім «егер мұнайды коммерциялық өндіру 2013 жылдың 1 қазанына дейін басталмаса, консорциум шығындарын өтемеуді» қарастырады. Басқаша айтқанда, 1 қазаннан кейін жоба қатысушылары шығындарды болашақ мұнай есебінен емес, өз қалталарынан төлейтін болады. Ал теңіз бен құрлықтағы аяқталмаған жұмыстардың көптігі туралы айтылып жүрген әңгімелерге қарағанда, мұнайды коммерциялық өндіруге биылғы жылдың қазанына дейін шығу-шықпауы белгісіз болып отыр.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА