№2 қалалық сотта ҚР ҰҚК шекаралық қызметі ұстаған 6 дағыстандық браконьерлерге қатысты үкім шығарылды.
Естеріңізге салсақ, 2012 жылдың 26 қыркүйегінде Каспий теңізінің акваториясында әскери кезекшілікте жүрген кезде Ми-8 шекаралық тікұшағының экипажы браконьерлер мінген 2 байданы анықтаған болатын. Моторларын өшіріп, тоқтау жөніндегі талапқа елең етпей, олар өз қайықтарын Қазақстанның аумақтық суларына қарай бұрған. Тікұшақтан байданың моторларына оқ жаудырған соң, моторларға зақым келіп, заң бұзушылар ұсталған еді. Бортта Ресей Федерациясының 7 азаматы болған. Оның екеуі аяғынан жараланып, ауруханаға жеткізілді. Бір аптадан соң олардың бірі қашып кетті. Осылайша айыптау орындығында алтауы қалды.
Олар тек шекараны заңсыз кесіп өткендері (ҚР ҚК-нің 330-бабының 2-тармағы) үшін ғана айыпталды. Өйткені ұсталғанға дейін заттай айғақтарынан құтылып үлгерген.
Бұлардың екеуіне үкім шығару кезінде сот кінәсін мойындау және шынайы өкіну түріндегі жеңілдететін жағдайларды ескере отырып, 200 АЕК – 346 200 теңге мөлшерінде айыппұл жазасын қолданды. Олар бойынша үкім заңды күшіне енді.
Қалған төрт ұсталушының үшеуіне сот бір жылдан бас бостандығынынан айыру, ал ҚР-да браконьерлігі үшін бұрын істі болған біреуіне – екі жылға бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындады. Айыпталушылар Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына шағым түсірді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА