2013 жылы Атырау қаласынан және облыстың барлық аудандарынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету және кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын ашу жоспарланып отыр.
Бұл орталықтарда бизнесмендер бұрын шашыраңқы, қолайсыз ұсынылған консультативтік, ақпараттық-сараптамалық қолдау, сервистік оқыту және жобаларды қолдау қызметтеріне бір терезе режимімен ие бола алады. Бүгінде мұндай орталықтар Алматыда, Шымкентте және Құлсарыда ашылған.
- Қазір біздің филиал Атырау қаласының халық көп шоғырланатын ауданынан лайықты ғимарат іздестіруде. Онда «Даму», «Атырау» ӘКК, «ҚазАгро» ҰБХ АҚ, сонымен қатар екінші деңгейлі банктердің, қызмет көрсетуші сервистік компаниялар филиалдарының өкілдері отырса жақсы болар еді, - дейді «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқармасының төрайымы Ләззат ИБРАГИМОВА.
- «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының көптеген мәселелері бойынша кәсіпкерлер бізге түсінік алу үшін аудандардан арнайы ат терлетіп келеді. Бірақ біз бағдарлама операторлары емеспіз ғой, бұл адамдарға жан-жақты қолдау көрсете алмаймыз, - дейді Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА. – Бір ғимараттан осындай білікті қызмет көрсету тәжірибесі бизнесмендер үшін өте қолайлы болмақ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА