Атырау, 5 қараша 15:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 489.36
€ 533.45
₽ 4.99

Спорт жаңалықтары

3 308 просмотра

Спартакиада аяқталды

Облыстық мектеп және колледж оқушыларының қысқы спартакиадасы мини-футбол турнирімен аяқталды.

Ер балалар арасында 1-орынды Атырау қ. мектептерінің командасы алса, Қызылқоға ауданы 2-орынға, Мақат ауданы 3-орынға қол жеткізді. Қыздар арасында 1-орынды Жылыой ауданы, 2-орынды Қызылқоға ауданы, 3-орынды сервис колледжі (бұрынғы №1 КТЛ) иеленді. 

Жалпы спартакиада бойынша 1-орынды Атырау қ. мектептері командасы, 2-орынды Атырау қ. колледждері командасы, 3-орынды Қызылқоға ауданы оқушылары алды.

***

Диар - ТМД үздігі

16 ақпанда Астанада карате-до кекушинкайдан ТМД Кубогы өтті.

Бұл жарыстарда «Намыс» кекушинкай федерациясының шәкірттері жетістіктерге жетті: Диар Жаниязов «алтын» алса, Әли Бексеитов «күміс» иеленді, «Жеңіске деген жігері үшін» сыйлығы Ғалымжан Кенжеевке бұйырды.

***

Алаң иелерінен ғана ұтылды

Ақтауда балалар мен жасөспірімдер арасында карате кекушинкайдай Батыс өңірлік турнир өтті.

Атыраудан облыстық кекушинкай федерациясының (президенті - Асылан Дүйсенбай) шәкірттері қатысты. Ақтөбе, Орал, Жаңа Өзен және Ақтау қалаларының командаларымен өткізген сайыста олар 7 медаль алып, алаң иелеріне ғана жол беріп, жалпы командалық 2-орын иеленді. Негізі, жергілікті кекушинкай мектебі еліміздегі мықты мектептердің бірі болып есептеледі.

Құрама қоржынына «алтынды» Ілияс Серік, Рүстем Қуантыров және Ерболат Қапаров әкелсе, Темірлан Байзақов пен Әнуарбек Өтешқалиев «күміс» иеленді. Ал Ерасыл Қуанышев пен Мейіржан Бауыржанов «қола» ұтты. Спортшыларды Бауыржан Күмісқалиев, Мұрат Сыдықов, Самат Тасмағамбетов және Нұржан Кенжеболатов дайындады.

***

«АТМА» ерледі

«Атырау» ДСК-нде баскетболдан «Isker» компаниясының Кубогы өтті.

Турнирге «Ақтөбе», «Жылыой», «ТШО», «Әлішер», «АТМА», «Достық», «Самұрық» және «Isker» командалары қатысты. «Isker» командасы алдын ала іріктеу ойындарының 3 матчында да жеңіске жетіп, ақтық сында «Ақтөбеден» басым түсті. 3-орын үшін ойында «Әлішер» «АТМА»-дан айласын асырды.

 MVP номинациясы бойынша (ең пайдалы ойыншы) «Isker» командасының ойыншысы Ислам Мыңтұрғанов үздік атанды. «Жеңіске деген жігері үшін» сыйлығы «АТМА»-ға берілді.

***

Қанат АҚШ-қа барады

Дзюдодан 1996-97 ж.т. жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатынан атыраулық Қанат СЕЙІЛХАН «алтынмен» оралды.

Семейге мұнайлы астанадан барлығы 25 жас палуан барды. Қанат Ыстабай (46 кг д.) «күміс» алса, Анель Сүлейменова (57 кг.д.) мен Фархат Серіков (73 кг д.) «қола» иеленді. Спортшыларды бапкерлер Қ. Сүлейменов, М. Есмағамбетов, Б. Қошқаров және Б. Сәбиев дайындады.

Облыстың жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Б. Тайжановтың айтуынша, Қ. Сейілхан енді наурызда өтетін Түркия мен Испаниядағы халықаралық турнирлерде, тамыздағы АҚШ-та болатын әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

***

Кубок - «Астана» еншісінде

20-24 ақпан аралығында «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен баскетболдан Қазақстан Кубогында ешқандай сенсация тіркелген жоқ. Орындар Ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионатының турнир кестесіндегі орындардай бөлінді: 1-орында - сөзсіз «Астана», 2-орында - тұрақты «Атырау Барыстары», 3-орында - сол ақтаулық «Каспий».

Бірінші ойында «Барыстар» ақтаулықтарды 74:69 есебімен ұтты. Алаң иелері тек екінші кезеңнің соңында қонақтарға есепті теңестіруге мүмкіндік бергені болмаса, жалпы кездесуді сенімді өткізді. Осы ойында және жалпы турнир барысында біздің команда құрамында Андрей Ендропов үздік болды. Оның 3 ұпайлық жаттықты соққылары қарсыластарды талай сан соқтырды.

Екінші ойында «Атырау Барыстары» Алматы облысының «Қапшағайын» 69:56 есебімен жеңді. Бұл ойында 9 екі ұпайлық соққы жасаған  Фредрик II Замбалист пен 4 айып добы мен 5 екі ұпайлық соққы берген Михаил Евстегнеев көзге түсті.

Бұдан кейін алаң иелері қостанайлық «Тобылды» 85:75 есебімен ұтты. 10 ұпай айырмасын ойынның бірінші кезегінде жасап алған олар келесі кезеңдерде есепті ұстап отыруға тырысты.

Ал «Астанамен» ойнаған шешуші матчта жерлестеріміз 77:84 есебімен ұтылып қалды. Ақтық айқаста жарақатына байланысты алаңға шыға алмаған Эдгарас Желенис және ауырып қалған Евгений Исаков пен Дмитрий Свиридовтардың жоқтығы ойынға кері әсер еткені сөзсіз. Алайда, жерлестеріміздің өз жанкүйерлері алдында Кубокты ала алмағандары өкінішті-ақ.

«Атырау Барыстары» командасы өзінің 10 жылдық тарихында Қазақстан Кубогының жеңімпазы (2009), күміс (2010) және қола (2007) жүлдегерлері болғанын атап өткен жөн.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

28 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.