25 ақпанда полицияның «102» пультіне Әйтеке би көшесінің бойындағы №21 үйдің шифер жабындысының опырылып қалғандығы туралы хабарлама келіп түсті.
Бұл «Орал» мейрамханасы маңындағы бұрынғы көпес мекен-жайы болатын. Үй ауласында орналасқан 18 пәтер – көпестің бұрынғы қоймасы мен басқа шаруашылық орын-жайлары. Шатырдағы жай «Алтын алқа» иегері 57 жастағы Лариса АЛЕКСЕЕВА тұратын №11 пәтердің үстінде түскен.
3 бөлмелі пәтерде Лариса жеті баласымен және бес немересімен бірге тұрады. «Жыл сайын төбені жаңа гипс-картонмен қаптаймыз. Шатырдан су ағатын болғасын, ол қайтадан түсіп қалады. Ұлдарыма жабынды жаңартыңдар деп тапсырмаймын, өйткені бұл қауіпті ғой».
Облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Қуаныш МҰХАМБЕТҚАЛИҰЛЫНЫҢ айтуынша, бұл үйдің апатты деп танылғанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Тұрғындарға бұл үйдің күреуге кететіндігі туралы құлақтандыру берілген.
Л. Алексееваның айтуынша, кешкісін, шатыр опырылып қалған кезде олардың үйіне қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ келген. Ол мұндай шатыр астында өмір сүруге болмайтынын айтты, бірақ көшуді ұсынбады:
- Бос пәтерлер жоқ, біз Байшонас поселкелерінің тұрғындарын қоныстандырамыз деп айтты, - деді көпбалалы ана.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ