Атырау, 25 қараша 12:48
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Біздегілер оқығысы келмейді

2 480 просмотра

Жаңа бастаушы кәсіпкерлер мемлекеттің 70% кепілдемесімен 20 млн-ға дейін несие ала алады. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінде вице-премьер Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ қатысуымен болған жиналыста Өңірлерді дамыту министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы Ғалия ЖОЛДЫБАЕВА мәлім етті.

- Жаңа жылдан бастап жаңа бастаушы кәсіпкерлер үшін 70%-дық кепілдеме беретін «мемлекеттен экспресс кепілдемелер» түсінігі енгізілді, - дейді Ғалия Жолдыбаева.

Естеріңізге сала кетсек, жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы (БЖК-2020) бойынша мемлекеттік кепілдеме кепілдік сомасының 50%-на дейін құрайды. Сондай-ақ, оларға жаңашылдығы және сонылығымен ерекшеленген бизнес-идеялары үшін 3 млн теңгеге дейін мөлшерде гранттар қарастырылған.

Биылғы жылы кәсіпкерлерді «БЖК-2020» бағдарламасы аясында «Іскерлік байланыстар» (шетелдік компаниялармен әріптестікке қол жеткізу жолдары) жобасы бойынша оқыту жалғасады. Тегін оқуға басымдық берілген бағыттарда (азық-түлік өнімдерін, тоқыма бұйымдарын өндіру, балық аулау, аква мәдениет, туризм, денсаулық сақтау және т.б.) жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің ғана құқығы бар. Оқудың бірінші кезеңі Астана мен Алматыда, екінші кезеңі Германия мен АҚШ-та жүргізіледі.

Жолдыбаева ханым жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында енгізіліп отырған бағдарламалар туралы да айтты. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті базасында комитет жас кәсіпкерлер мектебін құру бойынша жобаны сынақтан өткізді. Жоба өнімді болды: 68 жас кәсіпкер екінші деңгейлі банктерге өтінімдер беріп, тағы 97-сі оқуды «Бизнес - кеңесші» бағдарламасы бойынша жалғастыруды қалады. Айтпақшы, осы бағдарлама бойынша елімізде 32 800 адам оқудан өтсе, соның ішінде атыраулық кәсіпкерлер саны – небары 980 адам. «Назарбаев Университеті» Жоғары бизнес мектебі базасында шағын және орта бизнес топ-менеджменті оқу курстарынан 436 қазақстандық өтті, солардың алтауы – атыраулықтар. «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша оқудан өткен 1123 қазақстандық бизнесмендердің ішінде тек 12-сі ғана Атыраудан, ал  оқу және бизнес бойынша жаңа әріптестер іздеу үшін шетелге баратын жобаның екінші кезеңіне осылардың тек төртеуі ғана өте алды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

28 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.